Күйеуінің аппақ жейделерімен бірге өзінің іш киімдерін қосып жуатын әйелдер бар

/uploads/thumbnail/20170708190219605_small.jpg

«Тазалық – жан саулығы» екенін жұрттың бәрі біледі. Бірақ жеке бас тазалығын екі аяқтының барлығы сақтай бермейді. Бүгінгі қыз-келіншектер жеке бас гигиенасын сақтай ма? деген сауал төңірегінде «Қамшы» порталы зерттеу жүргізіп көрген еді.

Кейде айтпайын десең де айтуға, жазбайын десең де жазуға тура келетін мәселелер болады. Бізді де соңғы кезде мазалап жүрген бір мәселе бар. «Басқа ірі тақырыптарды бітіріп, елдің тазалығына көштіңдер ме?» деп жақтырмауыңыз да мүмкін. Бірақ бәрі тазалықтан басталатынын, әркімнің жеке басының мәселесі болса да тазалық сақтау өте маңызды екенін жазуға тура келіп отыр.

Кейінгі кезде жас қыз-келіншектердің талайы салақтығы былай тұрсын, дәретханадан шыққан соң қолын жумайтын былапыт боп бара жатқандай. Иә, дәл солай.  Қоғамдық мекемелердің дәретханаларына кірген елу қыз-келіншектің (намысыңызға тимесін, бәрі де қазақ) тек екі-үшеуі ғана қолын сабындап жуса, қырық пайызы крандағы суға саусағының ұшын тигізе сала шығып кетеді екен. Ал елу пайызға жуық әйел тіпті «отырып» шыққан соң кранға мүлдем бұрылмастан дәретханадан шығып, жұмыс кабинетіне бет алғанына куә болдық. Қырық жыл бұрынғы «Сабын жетіспейді, бала-шаға көп, су тапшы» деп сылтау айтатын заман емес. Кез-келген дүкенде тазалыққа қажет санитарлық заттар толып тұр. Бір сұмдығы, әлгі былғаныш, салақ әйелдердің барлығы да екі-үш диплом алған, көрнекті мекемелерде қызмет атқаратын, шет елдің біразын аралаған келіншектер. Үш-төрт қазақ газет-журналының басын қосып отырған мекеме басшысының қабылдау бөлмесінде отыратын хатшы қыздың да дәретханадан қол жумай шығып, бастығына шай құйып бергенін көрдік.

Бүгінде елімізде ішек-қарын аурулары өршіп тұр. Бүкіл дерттердің тізімінің басында ішек аурулары тұрғанын Денсаулық сақтау мекемелерінің өкілдері ақпарат құралдары арқылы жиі айтып та жүр. Дерттің бұл түрлері тек жеміс-жидектерді дұрыс жумай тұтынудан шыққан жоқ. Бастығы ішетін ыдыс –аяқты дәретханаға қойып қойып, дәрет сындырған сұлу бойжеткенге не деуге болады? Жиырмаға келгенше тазалықты білмей өскен ондай арулар «Қолыңды неге жумайсың?» деген сөзіңе құлақ аса ма? Тіпті, «Сіздің шаруаңыз қанша?» деп жұлыса кетуден де тайынбайды. Біз қызмет жасындағы қазіргі қыз-келіншектердің барлығы  былапыт деп отырған жоқпыз. Әрине, өте таза, ұқыпты қыз-келіншектер бар арамызда.

Дегенмен, сонау Кеңес Одағы кезінде де, қазіргі таңда да мектептегі мұғалімдер күн сайын айтқан «Дәретханадан соң қолдарыңды сабындап жуыңдар» деген қағиданы қазіргі жас қыз-келіншектердің талайы есінен шығарған сыңайлы. Әлде анасының тәрбиесі жетіспей ме деген ой да келеді. Осы орайда тағы өзіміз куә болған жайды айта кетейік. Жазда ауылға қыдырып бардық. Сол үйдегі әжеміздің Астана қаласында беделді бастық лауазымын иеленген ұлы әйелімен бірге келіп демалып жатыр екен. Жасы қырыққа келген бастық көкеміздің келіншегі соншалықты лас болады дегенді біреу айтса сенбес едік. Күйеуінің аппақ жейделерімен бірге өзінің іш киімдерін қосып жуғанын көріп не дерімізді білмедік.  «Мынаның бәрін кір жуғыш мәшинеге бірақ тоғыттыңыз ба?» деп едік, «да» деп орысша жауап берді. Байқап қарасақ, өзіміз көрген тазалығы жоқ әйелдің барлығы күйеуі жақсы қызмет істейтін келіншектер екен. Олар баяғының әйелдері сияқты ауыр жұмыс істемейді, тіпті дүкеннен зат тасу да олардың мойнында емес. Тұрмысы өте жақсы болған соң, шет ел шипажайларына жиі-жиі демалуға барады. Яғни, қазіргі әйелдердің жағдайы баяғының әйелдеріне қарағанда тамаша екені барша жұртқа аян. Ал тазалығы ше?

Жуырда АҚШ-тың арнайы орталығы жүргізген зерттеу нәтижесін жария етті: мемлекеттегі барлық мекемелер есіктерінің тұтқасынан зәр бактериялары табылыпты. Одан ары АҚШ ғалымдары зерттеу жүргізе келе, дәретханадан шыққан соң қол жумайтын азаматтардың саны өте көп екенін анықтаған. Бұл мәлімет ғаламторда да жарияланды. Ар мен тән тазалығын ерте заманнан биік орынға қойып, «Тазалық — денсаулық кепілі» деген қазақтың бүгінгі өркениетті заманда жетілген қыздарының Батыс мәдениетіне еліктегені ме? Бүгінде елімізде эхинококкоз, трихинеллез, сальмонеллез, дизентерия, ботулизм сияқты аурулар өршіп тұр. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің биылғы сәуір айындағы  мәліметі бойынша эхинококкоз 3,4 пайызға,  тамақтан улану 4,9 пайызға көбейген. Бұның басты негізі тазалықтан екені айтпаса да түсінікті.

Бір жазушының жары мынандай әңгіме айтып еді. Күйеуі екеуі бір ауылға қонаққа барыпты. Қазандағы ет пісуге таяғанда үй иесінің әйелі қамыр илей бастайды. Кенет үш жасар баласы қыңқылдап жылайды. Сөйтсе құйрығындағы құрты (глист) мазалаған екен. Әйел оқтауын тастай сала қонақтардың көзінше баланың құйрығын шұқып құртты алады. Содан соң не болды дейсіз ғой? Әйел қолын жумаған күйі қамыр илеуді жалғастыра береді. «Жиіркенген мен ет піскенде екі қолымды өтіріктен тәрелкеге салып, қарап отырдым. Аузыма ешқандай тағам алмадым» деді жазушының әйелі. Айтпақшы, әлгі бастықтың әйелі екі жасар баласының құйрығын жуып, қолын сабындамастан, ары қарай сәбидің бетін, көзін шайғанын көрдік. Шыдай алмай, «Алдымен бетін жумадыңыз ба?» деп едік, «Я на такие санитарные вещи внимание не обращаю» демесі бар ма?

Рас, еліміздегі көптеген мекемелерде ыдыс-аяқ жуу тұрмақ түскі демалыс кезінде шай ішетін бөлме де жоқ. Жұмыс кабинетінде тамағын ішіп, ыдысын көпшілік дәретханаға апарып жуады. Тіпті кейбір мекемелердің бүкіл дәлізіне дәретхана иісі жайылып кететіні де шындық. Ал шет елдіктердің, мысалы түрік кәсіпорындарының қайсысына кірсең де мұнтаздай тазалық көзге бірден көрінеді. Қандай түрік мекемесі болса да, жұмысшыларға жайлы болу үшін ыдыс-аяқ жуатын бөлек бөлме мен шай ішетін орынды алдымен дайындап қояды. Бірде бір шет елдік мекемеден ыдыс-аяғын дәретханадағы суға жуып жатқанын көрмеппіз. Ал Жапонияда кез-келген мекеменің кіреберісінде арнайы сұйықтық құйылған үстел тұрады. Дезинфекциялық сұйықтықпен қолды сүрткен соң ғана ары қарай өтесіз. Ал жапон мектептерінде дәлізді жағалай қолжуғыштар орнатылған. Оқушылар беті-қолын, аузын шайғаннан кейін ғана сабаққа кіреді екен.

 Бәрін қойшы, замандас құрбы, қыз-келіншектер ең болмаса «Дәретханадан шыққан соң қолды сабындап жуу керек» деген қарапайым әрі оңай орындалатын тазалық нормасын орындап жүрсе екен.

 

Шарафат Жылқыбаева

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар