Жапонияның ежелгі астанасы Киото қаласының шығысында Такэфуши деген көне қала бар. Осы шаһарды мекендеуші Такахаши әулетінде дүниеге келген баланы ол кезде ешкім қазақ деген халықтың дәстүрлі өнерінің іздеушісі болады деп ойламаған шығар. Күншығыс елінің салты бойынша, адам өз есімімен қоса арғы тегінің атын иеленеді. Наоки баланың аты болғанымен жұрт оны Такахаши деп атайды. Такахаши мектепті бітірген соң Күншығыс өнерінің өркениет ордасы, храмдардың қаласы — Киотоға келіп, Рицумэйкан университетіне оқуға түседі. Ағылшын филологиясы бойынша маманданады. Бірде Такахашидің қолына қазақ дәстүрлі музыкасының CD түседі. Таспадан дархан даланың сазын тыңдағанда бойын ерекше бір сезім кернейді. «Домбыраның күмбірлеген даусын естігенде екі ғана ішектен осындай керемет ғажап әуен қалай туады екен?» деп, таңданған жапон жігітінің қазақ фольклорлық музыкасына деген ынтасы оянады. Сөйтіп, ол 2002 жылы Алматыға келеді.
Күй бастау
Алматының қоңыр күзі жылы болды. Такахашиге ең алдымен жергілікті табиғат қызық көрінді. Жапонияда күз түскенде ағаш жапырақтары қып-қызыл түске енеді. Ал бұнда ағаш жапырақтары сарғая бастапты. Бірақ, бір ғажабы көшедегі адамдар өз қандастарына ұқсайды екен. Анау бір жігіт мектепте бірге оқыған досынан аумайды. Алғашында жапон екен деп ойлаған кісілер қазақ боп шықты. Иә, «жапон мен қазақтың гені бірдей деуші еді, сол рас» деп ойлайды Такахаши. Күйден дәріс беруші өнер адамын табу қиын болмады. Ақбота мен Қарлығаш есімді қыздар атақты күйші Қаршыға Ахмедияровтың шәкірттері екен. Екеуінен домбыра шертуді үйренді. Ең бір әсерлісі — Махамбеттің «Өкініш» күйі. Күй сазынан байқалатыны Махамбеттің өз тағдыры ғана емес, қазақ халқының бүкіл өмірінің азапты сәттері. Бір жылдың ішінде домбыра тарту шеберлігін меңгеріп, он шақты күй үйренген соң Такахаши еліне барады.
«Қазақтың күйлерінде құпия сыр бар. Шіркін, қазақ деген қандай өнерлі халық! Фольклорлық музыкасын зерттесем. Бірақ ол үшін ең алдымен қазақ тілін жетік меңгеруім керек қой» деп ойлайды Такахаши.
Сэнсэйден сексен ән
Жапон елі ұстаз бен дәрігерді ерекше құрметтейді. Мичико есімді құрбым мынандай әңгіме айтқан еді. Дәрігердің қызына бизнес компаниясының ұлы үйленейін дегенде, қыздың туыстары: «Сенің әкең дәрігер, ал ол болса компания қызметкерінің ұлы. Егер оған шықсаң әкеңнің беделіне нұқсан болады» деп, қызды бермей қойған екен.
Жапонияда мұғалім беделі деген министрден кем емес. Және бір қызығы жапондар мұғалім мен дәрігерге, «сэнсэй» дейді. Бұл құрметті титул іспетті. Такахаши 2005 жылы Алматыға келгенде «Сэнсэйден қазақтың дәстүрлі әндерін үйреніп жүрмін» деген еді. «Сэнсэй кім?» дегенімде, «Нұржан Жанпейісов» деді. Қазақтың ән өнерін сүйетін барша қауымға жақсы таныс Нұржан Жанпейісовтың Такахашиге ұстаз болғанына өзім қатты қуандым. Нұржан аға қазақ музыкасының дәстүрлі нақышын сақтаған талантты әнші ғой.
Такахаши Алматыдағы сэнсэйі үйреткен халық әндерін Қазақстан-Жапон адам ресурстарын дамыту орталығы ұйымдастырған түрлі мәдени шараларда орындап, жапон тілін үйреніп жүрген шәкірттерді де, сонда істейтін жапон азаматтарын да тамсандырып жүрді. Бірде орталықта өткен бір жиында Такахаши қазақша құттықтау сөз сөйледі. Сонда қасымда тұрған бір қыз: «Қазақ тілін білмейтін қазақтарға үлгі боларлық екен-ә?» деді. Сол жиында Такахашидің қолына домбырасын алып, халық әндері «Баянауыл», «Жорғатайды» орындағанда жапон азаматтарының ән ырғағына елтіп, сүйсіне тыңдағанына куә болдым. Жан-дүниесі нәзік, ақкөңіл жапон жігітінің қазақтың дәстүрлі музыкасына құмар болуы тегін емес. Бірде ол маған: «Қазақ пен жапонның бүгінгі тұрмыс-тіршілігінде айырмашылық үлкен. Салт санасы да бөлек. Жапондар аралдарды мекендесе, қазақтар далалы өлкеге қоныс тепкен. Бірақ меніңше біз 5000-1000 жыл бұрын бір ұлт болған шығармыз»,—деді.
Қазақ пен жапонның арасын музыка арқылы байланыстырып жүрген Такахаши досым екі жыл ішінде Нұржан сэнсэйден сексенге жуық ән үйреніп алыпты. Мақтануды ұнатпайтын жапондар әрдайым өзін қарапайым ұстайды. Такахашидің сексен ән үйренгендігін Нұржан Жампейісов өзі айтпаса біз білмейтін едік.
Такахаши 2007 жылы Отанына ораларда Қазақстан-Жапон адам ресурстарын дамыту орталығының демеуімен «Қазақконцерт» залында концерт берді. Ән мен күй кешіне өнер сүйер қауым тайлы-таяғы қалмай келді десе де болады. Жапонияның Қазақстандағы елшілігінің өкілдері, ЖОО-ның студенттері, қариялар залда тола болды. Көрермендердің арасында көптеген ұлт өкілдері, өнерпазға деген ықыластарын білдіріп жатты. «Көкіл» ансамблі, Нұржан Жанпейісов, Саян Ақмолда, Айгүл Қосанова, Мұрат Абуғазы, Ұлжан Байбосынова қатысқан концертте сөйлеген сөзінде Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Тэцуо Ито былай деп еді: «Наоки Такахаши қазақ тілі мен халықтық музыка өнеріне жан-дүниесіимен берілген. Ол Қазақстанға өзінің жүрек қалауымен келіп, қазақ тілін өз бетінше үйреніп, домбырада шығармалар ойнауды да меңгеріп алды. Мен оның өнері арқылы Жапония мен Қазақстан арасындағы мәдениет пен достықтың асыл көпіріне айналатынына сенімдімін». Такахашидің концерті Ұлы Наурыз мейрамына арналған еді. Мәдени шараны ұйымдастырушы сол кездегі Қазақстан-Жапон орталығының басшысы Накамура Йощикацу: «Біздің халықтарымыз бөлек өмір сүрсе де, өнерге деген жан сезіміміз бір деп ойлаймын. Наурыз баршамызға бақыт әкелсін!» деген құттықтау тілектерін айтты.
Такахаши концертте орындаған алғашқы туынды — жапонның «Оборо цукио» әні. Айлы түндегі бұлыңғыр тұман мен адам жанының сағыныш сезімі ән боп өрілген. Баяу ырғақ домбыраның қос ішегінен сыр боп ағытылуда.
Содан соң:
Қайран заман,
Асау құлын секілді байламаған,—
деп, халық әні «Қайран заманды» әуелеткен Такахаши бұдан соң «Игай-ауға» салды. Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов сияқты қазақтың бір тума таланттары ғана дауысты бір көтеріп, әуелетіп, талмай шырқайтын мәнерге салды. Көрермендер шу ете қалды.
Такахаши 2006 жылы Дәнеш Рақышев атындағы республикалық байқауда бірінші орын алған. «Игай-ау» айтылып жатқанда бір қария «Байқаудан бірінші орын алғандай жайы бар екен-ау, бұл баланың» деді. Такахашидің үстінде кимоно, қолында домбыра. «Игай-ау» деп әуелетіп барып, төмен түсірерде көрермендер ду етіп көтеріліп, қол шапалақтады. Одан кейін ұстазы Нұржан Жанпейісов қосылып қазақ әндерінен папури орындаған болатын.
Бірде мен Такахашиге «Қазақтың дәстүрлі музыкасы сізді несімен қызықтырады?» дегенімде, ол: «Домбыра әуенінде адамды елтітетін ғажайып күш бар. Ән айтқанда шабыттанып кетемін. Әсіресе халық әндері арқаны қоздырады» деген-ді. Такахаши шырқаған қазақ әнінің сиқырлы күші көремендерді баурап алды. Концерт соңында сахнаға шыққан қазақ ақсақал зор тебіреніспен өнерпазды құшақтап бетінен қайта-қайта сүйе берді. Қарияның отты көздерінен кең даланың киелі өнеріне шынайы берілген жапон баласына деген ризашылық ұшқыны білінеді. Қолтаңба алуға ұмтылған көрермендерде шек болмады.
P.S. Такахаши Наоки бүгінде қазақтың ұлттық ән өнері мен ұлттық киімін Күншығыс еліне насихаттауда тер төгіп жүрген өнерпаз. Ол сонымен қоса Орта Азия халықтары мен көне Алтайдың музыкалық аспаптарында еркін ойнайды. Қазақ фильмдерін тамашалауды, қазақтың ұлттық нақыштағы этно-топтары мен дәстүрлі әншілерінің орындауындағы шығармаларды тыңдағанды ұнатады. Қазақша жатық сөйлейтін жапон әншісінің қазақ тіліне деген құрметі тіптен ерекше. Ол Күншығыс шаһарларын аралап, Орта Азия музыкасы, оның ішінде қазақ әндері мен күйлерінен концерт берумен айналысады. Жапонияға бара қалсаңыз концерт залдары мен демалыс орталықтарынан әуелеген Такахашидің әндерін естіп қалуыңыз әбден мүмкін.
Шарафат Жылқыбаева
Пікір қалдыру