Қазақстанда әкім аулау науқаны басталып кетті

/uploads/thumbnail/20170708190249362_small.jpg

Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге тұзақ құру науқаны басталып кеткен бе? Соңғы кездері биік лауазымды шенеуніктердің лег-легімен қылмысқа шатылып, алдындағылары шекара асып, қашып жатса, артындағылар темір торға тоғытылып жатқанына жұрт таң қалмайтын жағдайға жеткен едік. Енді кіші саяси фигуралардың да басына бұлт үйіріле бастапты. Енді әкімдер кісі қолынан қаза болып жатыр. Бұл туралы «Қамшы» порталы хабарлайды.

Ақмола облысына қарасты Белағаш ауылының әкімі Яна Александровна Крыль кісі қолынан қаза болды. Тұп-тура жұмыс кабинетінде. Кей мәліметтер бойынша марқұмды өзінің жары әкімшілік ғимаратында азаптап, бірнеше жерден пышақтап тастаған көрінеді. Күдікті мұнан соң өзін-өзі жаралап, мойнын пышақтап тастаған. Бұл туралы облыстық ІІД хабарлайды. Әкімшілікте жараланған әкім мен оның жолдасы дереу Жақсы ауданындағы ауруханаға жатқызылды. Бүгін таңертең әкім есін жия алмай, көз жұмды. Ал оның жолдасы жансақтау бөлімінде жатыр. Ауруханада қарулы күзет тобы жұмыс жасауда. Қайғылы оқиға кеше кешқұрым орын алған. Кешкі сағат 20:05-те Жақсы АІІБ кезекші бөліміне Белағаш ауылындағы 1978 жылғы  33 жастағы  азаматтан ауылдық округ әкіміне пышақ сұққаны туралы телефон хабарламасы келіп түскен. Содан кейін күдікті өзіне-өзі қол жұмсамақ болып, мойын тұсына пышақ сұққан, - деп жазады  bnews.kz облыстық ІІД баспасөз қызметінің қызметкері Ақбота Мұқашеваның мәлімдемесіне сілтеме жасай отырып. 

Ал осыдан үш күн бұрын, 15-шілде күні тағы бір әкім белгісіз жағдайда қайтыс болған. Бұл Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының әкімі Алтайбек Сейітов. Әкімнің өлі денесі өз үйінде табылды. Осы оқиғаға орай қылмыстық өндіріс басталды. Бұл туралы облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлаған (egemen.kz).
14 шілдеде Күршім аудандық Ішкі істер басқармасына аудан әкімі Сейітовтің денесі өз үйінде табылғаны жөнінде хабарлама келіп түскен. Осы оқиғаға байланысты қылмысты анықтау жұмыстары басталып, қазіргі кезде оқиға орнында Шығыс Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің жедел-тергеу тобы жұмыс істеуде» делінген. Айта кетейік, 64 жастағы А.Сейітов аудан әкімі қызметін 2007 жылдан бері атқарып келді.

Естеріңізде болса 2014 жылдың қазан айында тағы бір әкім белгісіз жағдайда қаза тапқан еді. Тергеу жұмыстарының қорытындысы бойынша әкім жүрек талмасынан көз жұмды делінген болатын. Бұл жолы Көкшетау қаласының әкімі Жомарт Нұрғалиев кенеттен  қайтыс болған. Еске сала кетсек, Жомарт Нұрғалиев 2014 жылдың 5 маусым күні Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің өкімімен Көкшетау қаласының әкімі болып тағайындалған еді. Өкінішке қарай, марқұм бес ай ғана қызмет істеді. 

Ал сол жылдың қараша айында қос бірдей ауыл әкімі жол апатынан қаза тапқан. Облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, қайғылы оқиға республикалық «Жезқазған-Петропавл» тасжолының 860-шақырымында болған. Көктайғақ кесірінен «ВАЗ 2107» мен «ВАЗ 2106» көліктері соқтығысып, 3 адам көз жұмды. Тағы үшеуі ауруханаға жеткізілді. Қайтыс болған Қызылжар ауданына қарасты Куйбышев ауылдық округының әкімі Александр Ан 2013 жылы әкім қызметіне тағайындалған болатын. Оқиға орнында көз жұмған екінші әкім Махмет Байбосынов та Қызылжар ауданына қарасты Архангелка ауылдық округын соңғы екі жылдан бері басқарып келген.

Иә, Қазақстанда әкім аулау маусымы басталып кеткен көрінеді. Бірі жол көлік оқиғасынан, енді бірі белгісіз жағдайда, ал тағы бірі тапа-тал түсте жұмыс орнында кісі қолынан қаза тапқан.  Сонда бұлар да қазіргі саяси жүйенің құрбандары ма?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар