Соңғы жылдары еліміздің өнері мен мәдениетінде тың өзгерістер мен ізденістер,заман ағынымына қарай жаңа бетбұрыстар байқалады.Ұлттық музыкамызды заман ырғағына қарай бейімдеп, тыңдарманға ұсыну үрдісі де жүріп жатыр. Ендігі ретте еліміздегі музыка саласында жүрген таланттарды бір ортаға тоғыстыратын көлемді музыка байқауы керек-тін. Сол сұранысқа сай, шын таланттарды таңдап, сыйлық ұсынып марапаттау мақсатында биыл тұңғыш рет өткелі отырған «Астана жұлдызы» Ұлттық музыка бәйгесі өткелі отыр.
Әлемде музыка саласындағы үздіктерді марапаттайтын "Грэмми", «World Music Awards»,БРИТ ЭУОРДС секілді белгілі кәсіби байқаулар мен сыйлықтар бар. Сондай байқаулардың отандық түрі - «Астана жұлдызы» атты ұлттық музыка бәйгесі енді біздің елімізде де дәстүрлі түрде өткізілетін болады. Мамандардың пікірінше, «Астана жұлдызы» байқауы отандық музыка өндірісіндегі тың құбылыс болмақ. Оның соңғы жылдары тағайындалған өзге музыкалық сыйлықтардан басты ерекшелігі – бірінші кәсіби музыкалық бәйге болуында. Жобаның басты мақсаты – кәсіби білікті сарапшылардың таңдауы арқылы ұлттық музыканың өркендеп, өрлеуіне ықпал ету, сапалы музыканың сұранысқа кеңінен ие болуына жағдай жасау.
Байқау барысында отандық музыка өнерінің дамуына, жаңарып, жаңғыруына әсер еткен үздік өнерпаздар, шын дарындылар ғана іріктеліп алынады. Әділқазылар алқасы да үздіктерден құралған. Құрамында елімізге белгілі жүзден астам кәсіби маман, атап айтқанда, ҚР еңбек сіңген әртістер, продюсерлер, композиторлар, ақындар, музыка және fashion-өндіріс мамандары, БАҚ өкілдері бар Қазақстанның Музыкалық Академиясы таңдайды.
Бұл байқауға соңғы бір жыл көлемінде табанды еңбек еткен өнерпаздар, әншілер, шығармашылық бірлестіктер қатысатын болады. Сарапшылардың дауыс беруі үшін арнайы дауыс беру парақшасы дайындалған. Қазақстанның Музыкалық Академиясы мүшелерінің дауыс беруі екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде 15 аталым бойынша қатысатын 350 үміткер арасынан лайықты деп танылған 45 қатысушы іріктеледі. Екінші кезеңде үздік 15 жеңімпаз анықталады.
«Астана жұлдызы» Ұлттық музыка бәйгесінде үміткер өнерпаздар 15 аталым бойынша өз өнерлерін ортаға салады. Мәселен, "Жыл әні", "Үздік этно топ", "Үздік дуэт", "Қыздар арасында үздік эстрада орындаушысы", "Жігіттер арасында үздік эстрада орындаушысы" секілді бөлімдер бойынша өтеді. Аталым санының 15 болуы Астана қаласының 15 жылдығы құрметіне орайластырылып отыр.
Отандық музыка өндірісініңмайталмандарын бір ортаға жинайтын «Астана жұлдызы» байқауы 2013 жылдың 5 шілдесінде «Қазақстан» Орталық концерт залында өтеді. Марапаттау рәсімінде Қазақстанның музыка тарихында қайталанбас із қалдырған орындаушылар, сонымен қатар арнайы шақыртылған шетелдік қонақ, әлемдік сахналарды бағындырып жүрген Джамала өнер көрсетеді.
Ендеше, талаптылардан таланттыларды таңдап алатын байқаудың ғұмыры ұзақ, "сыны шын", өнерлілердің өрге басуына септігі тиеді деп сенеміз!
P.S.: Былтыр шығармашыл жастарды шабыттандыратын Халықаралық "Шабыт" бауқауынан ши шығып, көпшілікті бір шулатқанын былайғы жұрт әлі ұмыта қойға жоқ. Еліміздің ең мәртебелі сыйлығы саналатын Мемлекеттік сыйлықтың төңірегіндегі дау да дуылдап барып басылды. Бәйгелердің соңын мұндай бітпес дау-дамайға апаратын нәрсе - әділқазылардың жершілдік пен рушылдыққа қарай бұра тартатыны, қатысушылардың өнерінен гөрі атақ-абыройына бұрып тұратын жағымпаздық, "көке" мен "қалтаның" әсерінен болғаны жасырын емес. Ал биыл тұңғыш рет тұсауы кесілгелі отырған жаңа байқау "Астана жұлдызы" алдыңдағы "аға" байқаулардан үлгі алмай, шын таланттарды таңдай білсе екен... Әрине, талант таразымен өлшенбесе керек. Алайда, өнердің өсуі үшін ынталандыру, арнайы атақ-абырой да артықтық етпейтінін ұмытпасақ игі...
Пікір қалдыру