Оңтүстік Қазақстан облысында «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы аясында «Сенім телефоны»жұмыс істейді. Бұл туралы бүгін Шымкенттегі «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен брифингте Оңтүстік Қазақстан облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Ғалия Жүсіпова айтты, деп хабарлайды «Қамшы» порталы Bnews.kz-ке сілтеме жасай отырып.
«2015 жылдың 22 шілдесі күні «Оңтүстік Қазақстан облысында «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясын 2015 жылдың 1 тамызы мен 30 қыркүйек аралығында ұйымдастыру және өткізу жөніндегі іс-шаралар» жоспары әзірленді. Осы жоспарға сәйкес, «Балаларға бірге көмек берейік!» ұранымен «Мектепке жол» акциясын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі облыстық ұйымдастыру комитеті құрылды. Аталған ұйымдастыру комитетінің құрамына облыстық білім жастар саясаты және тілдерді дамыту, ішкі саясат және дін істері, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар жөніндегі басқармалары, ішкі істер департаменті, облыстық ата-аналар комитетінің, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары енгізілді», - дейді ол.
Ғалия Жүсіпова аймақтағы барлық аудан, қала әкімдіктері мен білім бөлімдеріне аталмыш акцияны ұйымдасқан түрде өткізу туралы облыс әкімі Асқар Мырзахметов тарапынан тапсырма берілгенін хабарлады.
«Акция барысында азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру үшін «Сенім телефондары» жұмыс істейтін болады», - деп атап өтті ол.