Елдің абыройын әлемдік аренада асқақтатып, Қазақстан секілді жас мемлекетті төрткүл дүниеге мойындатып жүрген спортшыларымыздың арасында «Халық қаһарманы» атағына ие болғандар жоқ екен. Мұны «Sport» газетінде жарияланған мақалалардан анық аңғардық. Енді өзіндік орны қалыптасқан «Қамшы» сайтының оқырмандарымен де осы ұсынысымызды талқыға салып көрсек деп едік.
Олай болса, еліміздің белді спортшылары мен өзге де танымал тұлғаларының ойларын ортаға салып көрелік.
Қайырбек МАСАЛИМОВ,
Грек-рим күресінен спорт шебері, мал дәрігерлік ғылымдарының кандидаты, зейнеткер:
Еліміздегі ең жоғары дәрежелі мемлекеттік наградалардың бірі – «Халық қаһарманы» атағы. Осы атаққа елімізде біраз тұлға лайық деп танылды. «Халық қаһарманы» атағымен ең алғашқы болып армия генералы, Қазақстан Республикасының тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің марапатталғаны белгілі (1994 жылы). Бұл атақ Ұлы Отан соғысында асқан ерлік көрсеткен ардагерлердің бірқатары: даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлына (қайтыс болғаннан кейін); партизан Қасым Қайсеновке, рейхстагқа тұңғыш ту тіккен батыр Рахымжан Қошқарбаевқа (қайтыс болғаннан кейін); РФ батыры Бақтыораз Бейсекбаевқа (қайтыс болғаннан кейін); атақты ұшқыш қызымыз Хиуаз Доспановаға, Мәулен Қалмырзаға, Алексей Кулаковқа, Мурдин Таиповқа, Александр Капоринге табыс етілді. Сондай-ақ «Халық қаһарманы» атағы қоғам қайраткері, металлург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ахат Күленовке; Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, генерал-майор Тоқтар Әубәкіровке (1995 жылы); Қазақстанның екінші ғарышкері, генерал-майор Талғат Мұсабаевқа (1995 жылы); РФ ұшқыш-ғарышкері Юрий Маленченкоға; Қарағанды ғылыми-зерттеу совхозы – ауыл шаруашылығы институтының директоры Александр Христенкоға; академик Мұхтар Әлиевке; Қазақстанға еңбек сіңірген құрылысшы Аким Атмачидиге; академик, Қазақстан ҰҒА президенті Шафик Чокинге; КСРО Халық әртісі Роза Бағлановаға (1996 жылы); 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысушы Қайрат Рысқұлбековке (қайтыс болғаннан кейін); атақты композитор Нұрғиса Тілендиевке (1998 жыл); КСРО Халық әртісі, театр режиссері Әзірбайжан Мәмбетовке (2000 жылы); армия генералы, Мұхтар Алтынбаевқа; ҚР Қарулы күштерінің аға лейтенанты Азамат Жұмаділовке; генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевқа берілді.
Жоғарда аталаған тұлғалардың ішінде спорт саласы бойынша әлі бір адам «Халық қаһарманы» атағын алған жоқ. Біле білгенге Қазақ халқының, Қазақстанның даңқын әлемге әйгілеп жүрген осы спортшыларымыз емес пе?!
Қазақ спортында батырлар көп. Балуан Шолақ, Қажымұқан Мұңайтпасұлы секілді аяулы азаматтарға халық сол кезде-ақ батыр, қаһармен деген ат беріп, еркелетіп төбесіне көтерді. Күрзі жұдырықты Әбдісалан Нұрмаханов та, алып балуан Әбілсейіт Айханов та қазақтың марқасқа батыл ұлдары.
Ал бүгінде спортта халықтың батыр ұлы атанып жүрген азаматтар аз емес. Олардың бірі де бірегейі, өзі айтқандай, «біржапырақ» болса да елінің таңдауына ілігіп, алыптардың көшін бастап жүрген айтулы тұлғалардың бірі –
Жақсылық Ү ш к е м п і р о в . Қажымұқаннан кейін шыққан жарық жұлдыз. Сонау сұрапыл соғыста Р.Қошқарбаев Берлиндегі рейхстагқа жеңістің туын қалай қадаса, алғаш болып спорт әлемінде қазақтың атын алтын әріппен жазып қалдырған грек-рим күресінен олимпиада және әлем чемпионы Жақысылық Үшкемпіров болатын.

Жақсылық Үшкемпіров КСРО халықтарының жазғы спартакиадасында чемпион атанып (1975 жылы), 1975-80 жылдар аралығында КСРО чемпионатының алты дүркін жүлдегері (екі мәрте чемпион – 1975, 1980), Қазақстан чемпионатын талай мәрте жеңіп алған. 1980 жылғы Еуропа чемпионатында күміс жүлдеге ие болса, сол жылы Мәскеу Олимпиадасында жасындай жарқылдап, алтыннан алқа таққан тұңғыш қазақ. Олимпиададан кейін даңқты балуан әлем чемпионы (1981 жылы) атанып, Әлем кубогының күміс жүлдегері болды (1982 жылы).
Осы жеңістің бәрі оңайлықпен келген жоқ. Мұндағы төгілген тер, ерен еңбек, жеңіс үшін бозкілем үстінде жан беріп, жан алысқан тайталастар. Бәрі де еңбек. Қай салада болсын еңбектің, төгілген тердің айырмашылығы жоқ секілді, екеуі де ел мерейі, қазақ халқының даңқына төгілген теңіздей тер.
Бүгінде Жақсылық Әмірәліұлы қос қолын қусырып қойып, бос отырған жоқ. Өмірін еңбекпен кестелеген даңқты балуан қазақ халқының мақтанышына айналып, жеке шаруа қожалығының басшысы ретінде көптеген адамды жұмыспен қамтып отырған ірі кәсіпкерлердің бірі.
Ендеше «Халық қаһарманы» атағына Жақсылық Үшкемпіровті лайық десек қателесе қоймаспыз деп ойлаймын.
Ермахан ЫБЫРАЙЫМОВ,
бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы:
Біз де тұңғыш Олимпиада чемпионына қарап бой түзегенбіз – «Халық қаһарманы» атағын Қазақстан Президенті ғана беретіндігін білесіздер. Ал Олимпиада чемпионы атағына қол жеткізгенің жылдар бойы төккен теріңді төрткүл дүниежүзі алдында Халықаралық олимпиада комитетінің мойындауы және соған бағасын беруі. Шыны керек, Қазақстанда «Халық қаһарманы» атағына бұған дейін тек өзге салалардың өкілдері лайық деп танылып келді. Егер Жақсылық ағамыз бірінші болып осы атақты алып жатса, әрине, нұр үстіне нұр болар еді. Ол қол жеткізген атақ-даңққа сол МәскеуОлимпиадасынан бері (отыз бес жыл) бір де бір балуан қол жеткізе алған жоқ! Жақсылық ағамыз әлі бірінші! Бірақ оның жолын қуып, чемпион болуға ұмтылған спортшылардың бәрі осы кісіге еліктегенін жасырмайды. Осы кезге дейін қаншама ұрпақ Үшкемпіров болып лапылдап жанып, Үшкемпіров болып шыңға өрмелемегеніне кім кепіл?! Жас кезімізде біз де Жақсылық ағамыздай чемпион болсақ деп армандаған едік. Сол арман талайымызды осы Олимп шыңына алып келді. Әлі де Жақсылық ағасының жолын қуып жүргендер аз емес. Яғни спорттағы бүкіл қазақ баласы Үшкемпіровтің үміттері. Одан кейін де талай батыр дүниеге келді. Соның бірі – Илья Ильин. Жақсылық ағамыздан кейін «Халық қаһарманы» атануға әбден лайық осы жігіт. Сәтін салса, келесі жылы Рио Олимпиадасында Олимпиаданың үш дүркін чемпионы атануы бек мүмкін. Қазірдің өзінде де төртжылдықтың басты додасында екі рет топ жарған жалғыз қазақстандық. Одан қалды жас зілтеміршілердің қанатының қатаюына, әлемдік додаларда үздік шығуына атсалысып жүрген азамат. Мейлі, Риода жеңімпаз тұғыранан көріне алмай қалса да, Ильяның орны бөлек. «Мұндай атақты спортшыларға берудің қажеті қанша немесе соған спортшылар мұқтаж ба?» дейтіндер де бар шығар «Халық қаһарманына» арнайы сыйақылар тағайындалып немесе зейнатақысына қосымша қаржы қосылмайтыны рас. Бірақ мәселе тек ақшада емес. Бірінші кезекте,ол – сенің еңбегіңді Елбасының өзі бағалап отыр деген сөз. Ал бұл – әрбір спортшы үшін үлкен сый-құрмет. Бірақ бұл ұсыныс қолдау таппай, спортта жүрген саңлақтарға осы атақ берілмесе де, біздің өкпеміз жоқ, мұндай құрметсіз-ақ елге қызмет етіп жүрген саланың өкілдеріміз. Егер Үшкемпіров сынды саңлақ «Халық қаһарманы» атанып жатса, бұл бүкіл спорт саласының сайыпқырандарына берілген атақ деп бағалар едік.
Марат АХМЕТОВ,
Жамбыл облыстық «Жамбыл спорт» газетінің редакторы:
Қазақтың Жақсылығы барлық құрметке лайық Жақсылық Үшкемпіров – аңыз адам. Біз ол кісіні мақтамаймыз, тау тұлғамызбен көкірегімізді керіп мақтанамыз. Себебі, қазақ спорт тарихында өшпес із, өскелең ұрпаққа ғибаратты үлгі өнеге болған оғланымызды қалай құрметтесек те жарасады. Жақсылық аға сонау 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасында батыр бабаларымыздың білек күшін, бұлқынған өр намысын күллі әлемге паш етіп, олимп шыңын бағындырып, Қазақ дейтін ұлы халықтың мерейін үстем етті. Ол кезде мен 7 жастағы, әлі бұғанасы беки қоймаған баламын ғой. Десе де, әлі есімде, Олимпиада чемпионының жарқын жеңісі иісі қазақтың спортқа, соның ішінде дегдар балуандық өнерге деген іңкәрлығын еселей түсті. Өкінішке қарай, 35 жылдан бері Жақсылық Үшкемпіровтің жеңісін қайталап, Олимпиада тұғырына көтеріліп, Мемлекеттік Әнұранды шырқап, көк туымызды көкке желбіреткен бір қарадомалақ табылмады. Әрине, үміт үзілмейді, сенім сейілмейді... 2012 жылы Лондон Олимпиадасының алауы тұтануға т а я у қ а л ғ а н у а қ ы т б о л а т ы н . Жақсылық ағамызды кездестіріп қалып, сөзге тарттым. «Аға, дүбірлі додаға аттанғалы тұрған балуан іні-қарындастарыңызға қандай тілек, бата бересіз?» деп едім, Жақсылық ағам ұзақ ойланбастан: «Е, мені ерекше туған бала деймісің. Жұрт қатарлы жаттығу жасадым, дайындалдым. Алып Мәскеу шаһарында кішкене қазақтың баласына кім демеу болып, қолтығынан сүйеді дейсің. Тек бойдағы намысың ғана жеңіске жеткізді. Бір әттеген-айы, біздің жігіттерге осы кеудедегі намыстың оты жетіспей жатады. Ұлттық рух биік болса, алмайтын қамал жоқ қой» деп қысқа қайырды. Жақсылық аға: «Әр қазақ менің жалғызым» дейтін елжанды азамат. Қашан көрсеңіз де ел болашағының, қазақ спортшыларының жанкүйері, тілеулесі. Сондықтан республикалық «Sport» газетінің Жақсылық ағамызды «Халық қаһарманы» атағына ұсыну туралы бастамасын қос қолдап құптаймын. Өйткені бұл текті Алаш жұртының жүрекжарды тілегі, ықылас-ниеті...
Дайындаған Бақытбек Қадырұлы