Алматы облысында тұрмысы нашар отбасының баласы мемлекеттік гранттан қағылған. Естеріңізде болса жергілікті басшылар Алматы облысындағы тұрмысы ортадан төмен отбасының мектеп бітіруші баласына ЖОО грантын беруге уәде еткен болатын Бұл туралы қазақстандық БАҚ аз жазбаған. Енді міне, құзырлылар «отбасыңның кірісі ең төменгі күнкөріс мөлшерінен 10 доллар асып кеткендіктен, грант берілмейді» деп мәлімдеген екен. Бұл туралы «Қамшы» порталы Азаттыққа сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Алматы облысындағы Мойнақ кентінде тұратын Рысбек Досанның жасы 17-де. Отбасылық табыстары еден жуушы анасының айына алатын 26 мың теңгесі ()шамамен 140 доллар) мен жартылай жетімдерге мемлекеттен бөлінетін 24 мың теңге (130 доллар).
Биыл көктемде Рысбек тұрмысы нашар отбасыдан шыққан бала ретінде облыс әкімі қолынан ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл алса, тегін оқуға кепілдік беретін атаулы сертификат алған. Ұлттық біріңғай тестілеу аяқталып, 83 балл жинаған Рысбекке әкімдіктегілер енді грант берілмейтінін жеткізген. Себебі отбасының күндік табысы 10 доллардан асып кеткен- мыс.
Ал ана байғұс кінәні әкімдіктен емес, өзінен іздейді. Оның айтуынша наурыз-сәуір айларында жұмыстағы әріптесінің орнына бірнеше мәрте шығып, нәпақасын еселеп алыпты. Сондағы тапқаны 2000 теңге. Ал заң бойынша бұл 10 доллардан асып кетеді. Осылайша сынықтан сылтау тапқан әкімдіктегілер жас талапкердің сағын сындыратын шешімге келген.
Алматы облысы білім департаменті мамандары Рысбек Досанның отбасының қиын жағдайын түсінетінін айтып, бірақ заң талабын бұза алмайтын, ережені қатаң орындауға міндетті екенін мәлімдеген.
Алматы облысы білім департаментінің бөлім бастығы Болатбек Дәрібаев:
— Бұл сертификаттар оқушылар жақсы оқысын, емтиханға дұрыстап дайындалсын деген оймен стимул ретінде берілген. Ең басты талап - тұрмысы нашар отбасы болуы шарт. Рысбек Досанға атаулы сертификат берген кезде оның отбасының тұрмысы нашар саналған. Бірақ кейін кірісін қосымша тексерген кезде оның отбасының кіріс көлемі ең төменгі күнкөріс мөлшерінен асып кеткені анықталды, - дейді.
Ал облыс әкімінің орынбасары Бахтияр Өнербаев мырза Рысбек Досан сияқты балаларға қатысты жағдайды «жеке бақылауына» алатынын айтқан.
Нұрзат Тоғжан