БҚО кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен «Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларға арналған №15 облыстық көмекші мектеп-интернаты» ММ-ның бұрынғы тәрбиешісі Н. Ихсанова ҚР ҚК-нің 137-бабына (кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттерін орындамауы) сәйкес үш жыл мерзiмге мұғалімдік қызметпен айналысу құқығынан айырылып, бір жыл мерзімге сотталды.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен хабарлағанындай, аталған қылмыстық істі Орал қаласы ішкі істер басқармасы учаскелік инспекторы Д. Мұқаевтың қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы қаулысын бұзу жолымен Орал қалалық прокуратурасы қозғаған болатын.
Сотта анықталғанындай, Н. Ихсанова аталмыш мектеп-интернатта тәрбиеші қызметін атқара жүріп, мектеп мұғалімінің жоғалған ақшасын табу анықтау мақсатында оқушының кеуде тұсынан шымшылап, жәбір көрсеткен. Онымен қоймай, сол күні кәмелетке толмаған тәрбиеленушінің екі қолын ыстық үтікпен күйдіріп, екі білегінің терісіне 1-2-ші дәрежелі күйік салған. Жәбір көрген екі оқушы да ақыл-ойында кемістігі бар және сөйлеу қабілеті бұзылған балалар.
Іс бойынша қатысқан мемлекеттік айыптаушы соттан Н. Ихсанованы ҚР ҚК 137-бабымен айыпты деп танып, үш жыл мерзiмге мұғалімдік қызметпен айналысу құқығынан айырып, екі жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұраған болатын.
Ержан Ералы
"ҚазАқпарат"
Пікір қалдыру