"Бірде-бір гектар жер берілмейді". ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев Іле-Алатауы ұлттық паркіне қатысты өткен кездесуде осылай мәлімдеді.
Алматы қаласында Экология министрлігі, қоғам өкілдері және заңгер Бақытжан Базарбектің қатысуымен өткен кездесуде Іле Алатауы ұлттық паркіндегі жеріне қатысты сұрақтарға жауап берілді.
Кездесу Экология вице-министрі Ерлан Нысанбаевтың тарапынан заңгер Бақытжан Базарбековтің "Facebook"әлеуметтік желісіндегі Іле Алатауы ұлттық паркінің жер мәселесіне қатысты сұрақтарына жауап беру мақсатында ұйымдастырылды. Кездесуге Экология министрлігінің жауапты өкілдері, ұлттық саябақ басшылығы, журналист Вадим Борейко, белгілі қоғам өкілдері Мұхтар Тайжан, Мұрат Әбенов, Тоғжан Қожалиева мен БАҚ өкілдері қатысты.
Ерлан Нұралиұлы министрлік ашық диалогқа әркез дайын екендігін айтып, қажетті сарапшыларды да шақыра отырып, барлық сауалға жауап берді. Сондай-ақ, барлығы заң аясында жүзеге асып жатқандығын жеткізді. Бұдан бөлек, халықтан ештеңені де жасырмайтынын баяндады.
Оның айтуынша, ұлттық саябақтың бірде-бір гектары егін шаруашылығы мен мал жайылымына берілмеген. Ұлттық парктегі жердің түп мақсаты өзгермеген. Ол мемлекеттің жеке меншігінде.
– 16528 гектар жер бізде, мемлекет иелігінде. Ол мемлекеттен басқа ешкімге тиесілі емес. Ол жерде ешқандай қызмет жүргізілмеген. Ол жер таулы аймақ, ешқандай инфрақұрылым жоқ, ол жерде ештеңе салу мүмкін емес, – деп атап өтті вице-министр.
– Жерді жекешелендіру туралы мәліметтер заңды түрде уақытылы рәсімделмеуі біздің кінә емес, – деп атап өтті вице-министр Ерлан Нысанбаев.
– Бұған бұл базаны жүргізетіндер жауап берсін. Бұл Экология министрлігінің құзыреттілігі мен жауапкершілігіне кірмейді. Кез-келген жағдайда бұл жер ешқайда кетпейді. Олар мемлекеттің жекеменшігінде болады, ол жерде ешқандай қызмет жасалмайды. Бұған өз басыммен жауап бере аламын. Барлық тармақшалар бойынша заңды түрде жауап бере аламын, – деді министрлік өкілі.
Осы сөздерінің дәлелі ретінде ол кездесуде заңгерге және қоғам өкілдеріне тиісті құжаттар мен жердің картасын көрсетті. Соңында екі тарап заңгер Бақытжан Базарбек Экология министріне ұсынатын сұрақтарға жауап алу үшін тағы бір кездесу өткізуге келісті. Өз кезегінде Базарбек мырза Ерлан Нысанбаевтан жазбалардағы жағымсыз жауаптар мен эмоционалдық тон үшін кешірім сұрады. Екі тарап сындарлы диалог барысында пікірталасты жалғастыруға ниетті екендіктерін жеткізді.
Іле Алатауы ұлттық паркіндегі жер сатылмайтынын және өзге елдің азаматтары мен шетелдік компанияларға пайдалануға берілмейтінін Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев "Facebook" парақшасында да мәлім етті. Вице-министр Іле Алатауы ұлттық паркінде инфрақұрылымды дамытуға қазақстандық инвестор жауапты екенін, ондағы жер сатылмайтынын атап өтті.
– Алматы жұртшылығы Іле Алатауы ұлттық паркінде экотуризмді дамытуға қатысты мəселе көтерген еді. Атап өтсем, 2019-2025 жылдарға арналған туристік саланы дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде шетелдік, оның ішінде АҚШ-тың табысты тəжірибесі негізінде ұлттық паркті дамытудың бас жоспары жасалды. Осыған орай, өз мойнына ұлттық парктің инфрақұрылымын қоршаған ортаға зиян келтірмей дамыту міндетін алған жауапты қазақстандық инвестор анықталды. Бірден назар салатын жайт, Ұлттық парктегі жерлер сатылмайды! Өзге елдің азаматтары мен шетелдік компанияларға пайдалануға берілмейді! Оған Қазақстан Республикасының заңы бойынша тыйым салынған!
– Ұлттық парктердің қазіргі жағдайын өздеріңіз көріп отырсыздар: кəуапхана, абажадай мейрамханалар, сапасыз қызмет, сүреңсіз көріністер. Жағдайды түбірімен өзгертпей болмайды. Бірінші орында адам мен табиғаттың байланысы тұруы тиіс. Тиісінше, жолдарды, көру алаңдарын, өзен үстіндегі көпірлерді, табиғи үндестікті бұзбайтын шағын нысандарды салу керек. Осының бəрін жолға қоятын қазақстандық инвесторға жалға небәрі 35 га жер учаскесі пайдалануға берілді, – деп жазды ол.
Вице-министр келтірген мәліметке сүйенсек, инвестормен кезең-кезеңмен 10 заманауи визит-орталық, 155 км-ден астам жаяу маршруттар салады. Бұл жоба жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді, кәсіпкерліктің дамуын және туризм саласындағы жоғары білікті кадрлардың өсуін қамтамасыз етеді. Одан бөлек, Ерлан Нысанбаев инвестор барлық жұмысты қоршаған ортаға зиян келтірмей іске асыратынын, ал тұрғызылатын құрылымдар заманауи экологиялық материалдардан әзірленетінін атап өтті.
Сөз соңында басшы ұлттық парк халыққа әркез қолжетімді болатынын, тіпті Ұлттық парк жанында Қоғамдық кеңес құрылатынын атап өтті.
– Айта кетерлігі, ұлттық парк бұрынғыдай кез келген қазақстандық үшін қолжетімді болып қала береді. Ешқандай қоршаулар болмайды. Осы апта бойы Алматы жұртшылығымен, белсенділермен, журналистермен кездестік. Халықтың барлық талап-тілегі ескеріледі. Нəтижесінде Ұлттық парк жанында Қоғамдық кеңес құратын болып шештік. Инвестордың барлық жұмыстарды сапалы түрде орындауын біз халықпен бірге қадағалайтын боламыз. Табиғатқа ешқандай залал келмейді. Ол қатаң түрде қадағаланады, – деп сөзін түйіндеді.
Пікір қалдыру