Одақтасымыз орта жолда айныды

/uploads/thumbnail/20170708192643066_small.jpg

 

Экономикалық әлеуеті бізден бірнеше есе жоғары одақтасымыз һәм құдайы көршіміз Ресей нарығындағы баға парқына байланысты өз өнімдерімізді сату  қиындығы туындағаны туралы көптен бері жазып келеміз.

ЕАЭО-ға мүше болғанымызда әріптес мемлекеттер арасында еркін сауда-саттық орнайды деген үміттің болғаны да жасырын емес.

Алайда одақтасымыз орта жолдан айнып, 350 тоннаға жуық «санкцияланған» өнімдерді жойғанда, қазақстандық көкөністер мен ет өнімдері де бірге Путин мырзаның эмбаргосына іліккен еді. Бұл өз кезегінде ЕАЭО-на мүше әріптес елдер арасында еркін сауда-саттық орнайды деген үмітттің  ақталмайтынынан сыр бергендей болды.

Ортақ экономикалық одақ құрылғанда қазақстандық өнім 170 миллиондық нарыққа саудаланатын болды деп бөркімізді аспанға атқанымыз есімізде. Алайда құдайы қосқан көршіміз һәм қос бірдей (КО және ЕАЭО) одақтасымыз орта жолдан айныды. Қазақстаннан жеткізілген көкөніс және ет өнімдерін бульдозермен таптап,  санкциялық өнімдер қатарына қосты. Ләм-мим деген билік, мәселенің мән жайына үңілген үкімет жоқ.

Ресейде санкцияланған өнімдер трактордың астында тапталып жатқанда, кедендік одақтағы Қазақстанның ауыл шаруашылық өнімдерін жөнелту көрсеткіші де күрт төмендеп кетпесі тағы бар ма? Одаққа кірдік. Қазақстандық кәсіпкерлерді жарылқамақ болдық.  Алғашқы нәтижелер көзге көріне бастады. Сонда ұтқан кім? Ұтылған кім?

Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өткені белгілі. Сол кезде ресейлік саясаткерлер мен экономистер «Қазақстанның ДСҰ-ға өтуі ЕАЭО үшін біраз қиындықтар туғызады» деген болатын. Осыны ескеретін болсақ, Ресей өзінің сенімді серігі саналатын Қазақстанның тауарларын эмбарголанған тауарлар тізіміне қосуы – Қазақстанның ДСҰ-ға мүшелікке өтуіне көрсеткен қарсылығы емес пе?

Академик әрі президентшіл «Ауыл» партиясы жетекшісі Ғани Қалиев «Азаттыққа» берген түсініктемесінде «Қазақстанның ЕАЭО мен ДСҰ-на бір мезетте мүше болуы орыс, белорус, армян және енді қырғыз өнімдерімен бәсекелесуге қабілетті болу үшін қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген талап күшейте түсетінін айтқан». Ғани мырзаның пікірінше, бізге дәл қазіргі жағдайда аграрлық саясатты өзгертпей болмайды. Көмірсутегі шикізатын өндіруден түскен көл-көсір кірісті агроөнеркәсіп кешеніне салу керек.

Осы бір одақ кімге пайдалы? Кімдердің мүддесіне жұмыс істеп отыр? Көбіміздің көкейімізді тесіп бара жатқан сұрақ осы болса керек-ті.

Мысалы, одаққа мүше Арменияның Ресейге экспорты 30 есеге қысқарған. Ал ресейлік ақпараттарда екі есеге деп көрсетілген. Сонымен қатар, армениялық коньяктің 80 пайызы Ресейге экспортқа шығарылатындықтан – бұл салада да тұралау басым.

Өткенде ғана Қырғызстанның ЕАЭО-ға кіруіне байланысты екі ел президенттері қазақ-қырғыз шекарасын ашып бергендігі есіңізде болар. Сол кезде ЕЭК мүшесі, макроэкономика министрі Татьяна Валовая ханым, одаққа мүше мемлекеттерде Қырғызстанның ауылшаруашылық өнімдері сұранысқа ие деп еді. Ол кезде Атамбаев мырза қырғыз кәсіпкерлері үшін Қазақстан мен Ресей сияқты ірі нарық көздері ашылады деп бөркін аспанға атқан да.  Қазірге Ресей мен Қырғызстан үшін одақтың көлеңкесінде бинесті иіріп әкету тиімдірек болып тұрғаны сөзсіз. Ал Қазақстан, Белорусь, Армения сияқты одаққа мүше мемлекеттердің экспорты төмендеп, тауарлары эмбарголанып жатықанына алаңдап отырған біреуі табылмағаны өкінішті.  Одақтасымыз ойына келгенін істеп жатқанда, опынып қарап отырғанымыз қалай болғаны,ә?  Жоғарыдағы тракторға тапталған Қазақстаннан жеткізілген «болгар бұрышынан» өзге, ет өнімдері де күдікке ілінгені мәлім. Алайда нақты экспертизалық құжаттар дайын болмай жатып, тауарларды жойып жіберуді қалай түсінуге болады?

Негізін Ресей, Қазақстан және Белорусия қалаған экономикалық одаққа – Армения  мен Қырғызстан қосылды. Ескі һәм жаңа одақтастардың қатарына қосылуды қалап жүргендер де жоқ емес екен.

Қазіргі кезде Тәжікстанда елдің ЕАЭО-на мүшелікке өту тиімділігіне қатысты мәселе талқыланып жатыр. Біреулер «минусынан гөрі плюсі көп» деп санаса, енді біреулер мұнымен келіспейді. Себебі, одаққа мүше елдердің экономикалық әлеуетін көріп-біліп отырғаны сөзсіз, әрине.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

 


 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар