Қазақстандағы компартияның жабылуы – билік партиясының іргесін кеңейту үшін жасалған ба?

/uploads/thumbnail/20170708192709753_small.jpg

Жақында Алматы қаласы соты шешімімен Қазақстан коммунистік партиясы жабылғаны туралы ақпарат қазақстандық БАҚ-та жариялана бастады. Бұл туралы «Қамшы» порталы «Азаттыққа» сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Еліміздегі әрбір сайлау науқаны кезінде ғана бас көтеріп, белсенділік көрсететін саяси партиялардың арасында ауыс-түйіс орын алуы бек мүмкін. Қазақстан комунистік партиясының кенет жабылуы өз кезегінде саяси құрылымда жаңа өзгерістер болатынын аңғартса керек-ті.

«Азаттықтың» ақпаратына сүйенсек, комунистік партияны жабу туралы шешімді Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қабылдаған.  Ал партияның бірінші хатшысы сот шешімін 10 тәуліктен кейін бірақ алған. Қазақстан комунистік партиясының бірінші хатшысы Төлеубек Мақыжановтың айтуынша, соттың партияны жабу туралы шешімінің астарында саяси мән жатыр. Дегенмен, партияның орталық аппараты Семей қаласында орналасқандықтан алматылық сот мұндай шешімді шығаруға құқылы емес екен. Осылайша партияның басшылары ақырына дейін күресуге бел байлапты. Жақын арада аппеляциялық шағым түсірмекші де екен.

 - Ақырына дейін күресеміз, БҰҰ-ның адам құқығы комитетіне дейін барамыз. Әлгі сот процесіне Қазақстан коммунистік партиясы мүшелерінен ешкім қатысқан жоқ. Партияның орталық аппараты Семей қаласында болғандықтан, Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты мұндай шешім шығара алмайды. Бұдан ертеректе өткен бірінші отырыста процесті Семей қаласында өткізуді сұрағанмын. Сондықтан Алматыға барудан бас тарттым, - дейді Төлеубек Мақыжанов Азаттыққа.

Мәселе ұшығы былай басталған. ҚР Әділет министрлігінің партия мүшелерінің саны тізімде көрсетілген мөлшермен сәйкес келмейтіндіктен деген негізде жабылған-мыс.  Төлеубек Мақыжановтың айтуынша, компартия 58 мың адамның тізімін берген, ал министрлік 38 мың адамның ғана мүше екенін алға тартқан. Бір қызығы, партия мүшелерінің нақты санын білу үшін ешқандай ұйым, құзырлы органдағылар қайта санақ жүргізбеген, тіпті партия жетекшелеріне хабарласпаған да.  Ал Қазақстанның саяси партиялар туралы заңына сәйкес, партияны тіркеу үшін оның кәмелетке толған 40 мың мүшесі болуы тиіс.

Естеріңізде болса, 2006 жылдары «Ақордалық» саяси технологтардың жобасы іске асып, «Асар» партиясы және бірнеше ұсақ партиялар билікшіл партияның қатарын кеңейткен еді. Ол кезде ҚР Президенті Қазақстандағы саяси партиялардың бірігуі мұнымен тоқтамайтынын айтқан-ды.  Иә, біз осыған дейін де саудаға салынған саяси партияның ластанған саясатына куә болғанбыз. Бір емес, бірнеше мәрте.  Идеологиялық бәсекесі жоқ «ойыншық» партиялардың билеуші партияның ығына жығылып жатып жүргізіп жүрген саясатынің нәтижелі болған бірі де жоқ десек артық айтқандық болмас еді.  Саяси бәсекелестік  орнамай жатып, ірілі-ұсақты партиялар билік басындағы партиялардың құрамына қосылып жатқандығы нені аңғартады? Тағы да партиялық бірігу саясаты жүргізілмек пе? Онсыз да, Қазақстандағы саяси элита мен бишік партиялардың жағдайы Президенттің қас- қабығана бағынышты екені түсінікті. Қазақстан компартиясының ерсі һәм рационалды түрде жабылып қалуы немесе жауып тастауы әлемдегі уранға ең бай және 50 жылдан бермен қарай әлемдегі мұнай алпауыттарының қатарынан көрініп жүрген Қазақстанның саяси партиялар кеңістігіндегі «ұлы бірігу» идеясын аңғартса керек. Бұл кімге тиімді? Біздегі көппартиялы жүйе құру мақсаты қайда қалады?

Бұл президенттік партияның іріленуі – яғни, монополист партияның құрылуы, демократиялық құрылымның дамуына кері әсерін тигізбей ме?

Билік төңірегіндегі ұсақ партиялардың билеуші партияның құрамына кенет қосылуы – кезіндегі кеңестік партияның сұлбасын елестететіні белгілі. Демек, орталық партияның іріленуі – тоталитарлы жүйенің қайта орнайтынын білдірмей ме?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар