Қазақстанның тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Ядролық сынақтардан азат әлем үшін чемпион" мәртебесіне ие болды. Бұл туралы БҰҰ қарсы іс-қимыл күніне арналған арнайы сессиясында жарияланды.
"Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты ұйымының (ЯСЖТШҰ) атқарушы хатшысы Лассина Зербо Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құрудағы жаһандық күш-жігерге жетекшілік кезіндегі ерекше тарихи үлесін ескере отырып, Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңа мәртебе беру туралы бастама көтерді. Елбасының 1991 жылы 29 тамызда әлемнің ең ірі ядролық полигондарының бірі – Семей ядролық полигонын жабу туралы шешімі адамзат тарихындағы бұрын-соңды болмаған ядролық сынақтарға алғашқы заңды тыйым ретінде ғана емес, сонымен бірге Халықаралық күнді белгілеу үшін маңызды негіз болды" делінген ресми сайт таратқан хабарламада.
Бастамашылардың болжауынша, "Чемпиондар" ЯСЖТШ-ға қол қоймаған мемлекеттермен мақсатты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, олар ЯСЖТШ-пен ынтымақтастықтың артықшылықтары туралы түсініктерін жақсарту, сондай-ақ Қазақстанның ядролық инфрақұрылымын өз еркімен бөлшектеу секілді озық тәжірибелерімен бөліседі.
Финляндияның экс-президенті Тарья Халоненге де осындай мәртебе берілді. "Чемпиондар" сондай-ақ ЯСЖТШҰ-ның атақты тұлғалар тобының мүшелігіне кіреді.
БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы сессиясының барысында Елбасы Н.Назарбаевтың іс-шара қатысушыларға үндеуін Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді оқыды.
Елдегі пандемияға байланысты БҰҰ-ның жоғары деңгейдегі дәстүрлі іс-шарасы онлайн режимде өтті.
Пікір қалдыру