Теңгенің құнсыздануы: қазақстандық саясаткерлер мен экономистер пікірі

/uploads/thumbnail/20170708192831914_small.jpg

Бүгін Үкімет басшысы мәлімдеп, теңге бағамы еркіне жіберілгені туралы осыған дейін жазған болатынбыз.  Ел экономикасы мен халықтың қалтасына салмақ салған теңгенің күрт құнсыздануы туралы әлеуметтік желілер мен қазақстандық БАҚ-та түрлі пікірлер айтылуда.  Өткен жылғы ақпан айындағы теңгенің құнсыздануынан кейін қарапайым халықтың Ұлттық банк пен Үкіметке деген сенімі жоғалғаны да жасырын емес. Девальвацияның түбі болатынын сезсе де, халық мұндайды күтпеген секілді. Айырбастау пунктерінде ығы-жығы, нөпір халық қаптағаны туралы БАҚ жазған.

Жұрт күтпеген жұтты елестететін теңгенің 40 пайызға құлдырауына қатысты қазақстандық экономист Ораз Жандосов Азаттыққа сұхбат берген(http://www.azattyq.org/content/kazakhstan_interview_with_oraz_jandosov/27199006.html).

«Бұл теңгенің девальвациясын бұрынырақ жасау керек еді. Себебі, бәрі бір болатыны белгілі. Меніңше теңгенің құнсыздануы Марченконың кезінде-ақ жасалуы керек еді. Ал Мәсімов мырза айтқандай емес, дәл осындай теңгенің алағай да бұлағай күйге түсуі бұрын да болған. Министр мырзаның мұны білмеуі мүмкін емес. Өйткені, өзі сол кезеңдерде Ұлттық банктың басқарма төрағалардың бірі болған. Банк жүйесінде қызмет атқарған болатын. Ал теңге бағамының еркіндікке жіберілуі деген сөз – бұл жерде, Үкімет те, Ұлттық банк те, тіпті Президент те ештеңе істей алмайды. Себебі мұнда сыртқы факторлардың рөлі басымырақ. Есепке алғанда, мұнай бағасы мен Ресей рубльінің құнсыздануы. Біздің негізгі сауда-экономикалық серігіміз Ресей болғандықтан бұл факторлер бірінші кезекте – ықпал етуші болып табылады. Фиксацияланған курстан еркін курсқа өтуде міндетті түрде – «шок» режимі орын алады. Үлкен соққы бермей бір курстық жүйеден екіншісіне өтуді мен әлі көрмеппін. Ал министр мырза айтқандай, Қазақстан бұл жағдайда Канада мен Аустралиядан үлгі алатын болады деуі қисынсздау. Бұл мемлекеттердің жер көлемі мен тұрғын саны және табиғи байлығы жөнінен Қазақстанмен сәйкестігі болғаны болмаса, басқа ұқсастық көріп тұрғаным жоқ. Тіпті, бұл мемлекеттер дамыған мемлекеттер ғой. Ал Қазақстанның жағдайы мүлдем басқаша. Біздің жағдайда Малайзия мен Түркияның деңгейіне жету биік потенциал болуы керек сияқты. Ал бұл бүгін болмаса ертең болатын дүние еді. Қашып кете алмайсың, айналып өте алмайсың. Меніңше сәл ертеректе жасалуы тиіс дүние ғой. Девальвация неғұрлым кешіксе, соғырлұм ауыр тиетіні жасырын емес. Сондықтан мұны дұрыс қабылдау керек. Министрліктегілер ертең жаңа құжаттар мен нормаларды қабылдайтыны айтты ғой. Соны да ескерген жөн. Ал Келімбетов пен Мәсімов немесе Президент мырзаның қолынан келер шара жоқ мұнда»,-дейді экономист Ораз Жандосов мырза.

Ал 365info.kz сайты (http://365info.kz/2015/08/v-kazaxstane-est-veshhi-postrashnee-devalvacii-ekspert/) қаржыгер Айдан Карибжановтың девальвация туралы пікірлерін жариялаған екен. Онда қаржыгер Айдан Карибжанов Қазақстан үшін девальвациядан да қауіпті – ЖІӨ көрсеткішінің құлдырауы екенін айтқан.  Бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаевтың сөзін мысалға келтіре отырып, қаржыгер  соңғы 7 ай бойына ЖІӨ көрсеткішінің 1,5 пайызға төмендегенін айтқан. Бұл өз кезегінде жұмыссыздықтың артатынын, өмір сүру көрсеткішінің төмендейтінін және биліктік институттарға деген сенімнің жойылатынын көрсетеді.

Ал Қазақстандағы рекордттық төмендеу – 1994 жылы 12,6 пайызға құлдыраған болатын. Қаржыгердің пікірінше, девальвация міндетті жасалуы тиіс шаралардың бірі болып табылады екен.

Ал саясаткер Әміржан Қосанов мырза өзінің «фейсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасында «теңгені еркін жүзуге жіберген үкіметтің өзін еркін жүзуге аттандырып жіберу керек-ау осы. Осы жылдар ішінде қолда қаншама мүмкіндік бола отырып, ұлттық валютаны осындай бейшара халге жеткізген өкімет "неге осындай жағдайға душар болдық? " деген сұраққа жауап беруі керек еді! Әйтпесе, ешкім де өз қатесін мойындағысы келмейді.
Және де осы жылдары елдің қаржы саласына жауап берген үкімет мүшелері мен Ұлттық банк басшылығы өз еркімен отставкаға кетуі керек еді. Бүгінгі девальвация олардың жұмысына берілетін ең әділ баға емес пе?!
Ал президент болса, өз халқы не істерін білмей абдырап қалған осынау сыни шақта тікелей эфирге шығып, қарапайым жұрттың мүддесі қалай қорғалады, бір күнде отыз пайызға қысқарып қалған жалақысының сатып алу мүмкіншілігі қалайша сақталады деген екі үлкен сауалға жауап беруі керек деп ойлаймын. Және де сол міндеттер нақты шенеуніктерге жүктеліп, ол тапсырманы орындай алмаса, олар орнын босатуы тиіс.
Меніңше, шын мәнінде Халық сеніміне ие жаңа үкімет жасақталып, елдегі қоғамдық-саяси жағдайға соны серпін бермесе, тықыртаяң елбасының өз басына тақалуы әбден мүмкін»,-дейді.


NUR.kz сайтының  таратқан ақпаратында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы теңгенің құнсыздануына қатысты пікірін білдірген. Онда Президент «біз мүлде басқаша жоспарлаған болатынбыз. Алайда әлемдегі дағдарыс бұған мұрша бермеуде. Дегенмен, біз бұл кезеңнен де аман өтеміз. Бағаны көтергендерді тауып жазалайтын боламыз» депті. Сонда бұл түсініктеме ме? Өздері көтеруге рұқсат беріп алып, өздері кейін жазалауды қалай түсінуге болады?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар