Өткен жылдан бері құдайы қонағымыз болған девальвация қайта келіп, күтпеген қонақтай бәрімізді бір шулатты. Теңгені ұстап тұра алмаймыз деп премьер-министр Кәрім Мәсімов дәрменсіздік танытса, аш қалдым деп көшеге шықсаң жазаланасың деп президентіміз тұрды. «Ә, бәрекелді, жақсы болды», - деп азын-аулақ ауыр өнеркәсіптің тізгінін ұстағандар тұрды. Біз бен сіз сияқты қарапайым қазақтар ертеңгі күніміз не болар деп интернет пен ауыл-ауылды шуылдаттық. «Тахуа» жандар сабырға шақырып, төл теңгеміз қанша құнсыз болса да несібемізді бір Алла Тағала беретінін ескертті.
Несібемізді берер Алла екені анық. Алланың әмірімен, ата-бабамыздың күшімен осынау ұлы даланы меншіктен жерден өндіріп, көктен жаудырып несібемізді тауып жеп жүрген едік қой. Ал, мына жақандану заманына келгенде Алланың берер несібесін өз күшімізге ғана сүйеніп табудан қалдық емес пе? Киер киім мен ішер ас, пайдаланар техниканың бәрі шеттен келетіндіктен Алланың несібесі осы төл теңгемізге алып тұрған соң, теңгенің құнсыздануын Алланың берген несібесінен айырғаны деп түсінбегенде қайтбекпіз?
Елбасыға рахмет айтып, теңгеміздің құнының түсуі тиімді болды деп жатқандар елдегі азын-аулақ экспортқа жарайтын үлкен өндіріс ошақтарының иесі болса керек. Мүмкін олардың өнімдері шынымен бәсекеге сай болса, олар үшін тиімді де болатын шығар, алайда сол экспортқа шығарар өнімдеріміз бен шикізатымыз халықты тығырықтан алып шығуға қауқарлы ма? Біздің елдің экономикасында экспорттың үлесі қаншалықты? Девальвацияны тиімді пайдалануға қауқары жете ме? Міне осы сияқты халықтың көкейіндегі сансыз сұраққа билік жағынанда, елдегі экономистер жағынан да жауап болмады.
Өткен жыл біздің биліктің сенімді досы Ресейде девальвация болды. Ресей үшін девальвация сырттан ақша алып келудің оңтайлы көзі болды, өзге мемлекетті айтпағанда біздің елден ағылған теңгенің өзінде есеп жоқ. Біздің кеденшілер Ресейден келген көліктер мен тауарларды тізімдеп өткізуге мұршалары келмей қалған еді. Ал біз үшін ондай мүмкіндік түсімізге де кірмейді. Керісінше біздің бар тұтынарымыз қыр асып келетіндіктен, теңгеміз сыртқа қарай тасымалданары анық. Біздің 24 жылғы даму көрсеткішіміздің нәтижесі осыған әкеліп отыр. Бұл тек шикізат базасына айналып, үдемелі индустриялды дамып жатырмыз деп ашылып-жабылып тұратын өндіріс орындарына сүйенген үкіметіміздің арқасы. Мемлекттің орта, шағын бизнес пен жеңіл өнеркәсіпке «қолдау» көрсетіп жатқан саясатының нәтижесі болса керек.
Жеңіл өнеркәсіп пен орта, шағын бизнес отандық тамыры болмағандықтан біз үшін девальвация үлкен үрейге айналып отыр. Бұл тұрғыда ауылшарашылғымыздың да үлесі аз емес, бір Қазақстанды емес бүкіл жарты әлемнің тойдырар ұлан байтақ жерімізден бір облысымызды толық қамтитын азық-түлік өндіріп отырған жоқпыз. Сондықтан бұл дағдарыс ішер асымыз бен киер киімімізге дейін қатысты болғандықтан әр азаматтың басынан айналып өтпесі анық. Сонда не істейміз, үш күннен бері бас- басымызға шуылдап жатырмыз. Себебін бәріміз қазудамыз, салдармен кім айналысады? Бізге тығырықтан шығар жолды кім көрсетеді? Бұған келгенде бәрінің ауызы жабық.
Үкімет енді дәрменсіздігі мен қатулығын таныта бермей, халықты ертегімен алдамай, 2020 мен 2050- дің қадамдарын таныстырып, халықтың басын ауыртпай 2015- жылдың халықты дағдарыстан алып шығар жоспарларын жасап, халыққа таныстырсын. Негізгі үлкен күш орта, шағын бизнес пен жеңіл өнеркәсіпке түсетіндіктен бұл жолдағы кәсіпкерлерге ерекше жеңілдіктер жасалуы тиіс. Әсіресе біздің тұтынар өнімдер шетел асып келетіндіктен, кедендік салық мәселелерін қайта қарап, жеңілдіктер енгізу керек. Елдегі экономистер халықтың қаржылық сауатын арттрып, дағдарыстан шығыу үшін ақпарат құралдары арқылы жол көрсетсін. Өткен жылы Елбасы «Нұрлы жол» атты жолдауын алдағы дағдарыстан алып шығар жол деп еді. Сол жолды әлі таппай жүрген сияқтымыз. Енді сол жол да басымызды қоссын.
Тұрдыбек Құрметхан