Жағалылар жастардан неге қорқады?

/uploads/thumbnail/20170708193518252_small.jpg

Өткен жолғы теңгенің 40 пайызға құнсыздануынан кейін халықтың өз билігіне деген сенімі жоғалып, билік пен халықтың арасы одан сайын алшақтай түскені белгілі. Осы жолы қараша халықтың бар үміті өздері сайлаған Парламентте еді. Әттең! Геронтократиялық жүйеге ынты-шынтасымен берілген демогог депутаттар бұл жолы да «ләм-мим» деп жақ ашпады.  Теңгені таргеттеген күні-ақ, қараша халықты балаша алдап соққан Үкімет пен еш нәрсеге қауқарсыз Ұлттық банктің төрағаларын тағынан тайдыруға тиісті болған  Парламент туралы «abai.kz» сайты жақында «пәрменсіз парламенттің керегі не?» атты мақала жарық көрді. Ескерте кетейік, бұл тақырыпта «Қамшы» порталы да аз жазбаған болатын.

Аталмыш мақалада автор «А, айтпақшы, ұмытып барады екенбіз. Бүгінде кейбір министрлер Парла­мент­ке пысқырып та қарамай, жалпы жи­налыстарға орынбасарын жібере салаты­нын болды. Негізі Парламентке барған Үкімет мү­шелері, министрлер, облыс, қала басшы­л­арының тізелері қалтырап тұруы қажет қой»,- дейді. Алып-қосары жоқ. Біздің «автар – үкімет» бас шұлғығыш парламентті пысқырсын ба?!

Тәуелсіздік жылдарындағы ішкі саяси ахуалдарды алып қарасаңыз – біздің «ақсақал билік» Паламенттен гөрі студенттерден қорқатын секілді деген ойға қалуыңыз әбден мүмкін. Бұған себеп те жетерлік.

Осы тұста бір сұрақ туындайды. Үкімет  неге девальвацияны студенттер мен Парламент каникулда жүргенде жасады?

Деспотия дәуіріндегі Қазақстан билігі жыл өткен сайын митингілер мен шерулерден, тіпті бірер  кісі жай ғана көшеде топтасып тұрса да зәресі ұшып, аяқ басқан жұртты аңдып, реті келсе тұтқындап, әкімшілік жазаға тартуды жиілетті.  Ал, Қазақстан Президентіне қарсы сөз айту – қылмыстық іс қозғап, сотталумен бітеді.Солай ғой? Адамдардың Конституциялық құқы, билік қол қойған халықаралық адам құқықтары жөніндегі конвенциялар мен фактілер Қазақстан билігі үшін – қағаз. Басқа ештеңе де емес. Билікте қандай жолмен болсын өзін-өзі қорғау инстикті ғана қалған. Мұның бәрі биліктің әлсіздігінің, шарасыздығының көрінісі.

Мысалы, желтоқсан айы туса болды, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ЖОО-ның студенттерін ауылдарына қуып, қалада қалғандарын жатақханалардан шығармай, алаңға шықпау туралы қолхат жаздырып, полиция қызметкерлерін үйіп-төгіп тастау биліктегілер үшін ерсі емес. Оған етіміз де үйреніп кеткен. Бұны әр жылдың желтоқсанында көріп жүрміз. Неге билік жастардан зәредей қорқады? Тағы бір мысал, соңғы девальвация (теңгенің 40 пайызға құлдырауы) студенттердің жазғы демалысы кезінде жасалып отыр. Осыған қарап, түрлі ойға кететінің еріксіз...

Тәуелсіздіктің құнын тәрк етіп жіберген «ақсақал билік» пен үркек Үкімет студент жастардың мереке, немесе қандай да бір шара кезінде қалада қалғанынан сескенудің орына Парламенттегі қалшылдаған қариялардың орнын жалындаған жастармен толықтыру мәселесін неге қарастырмайды екен,ә?! Үкімет жастардан соншалық қорықса – олардың күшіне сенеді дегенді білдіреді. Сенсе, неге жоғарғы билік Парламентті  белсенді студенттерден жасақтамайды? Бұл да идея емес пе? Осы ретте ойлаушы едік, қоғам белсенді болса, билік те халықпен санаса бастайды, кейбір мәселелерді өзара диалогқа келу арқылы шешіп тастайды деп. Бірақ,  қоғам марғаулық танытпаса да,  құзырлы билік төбемізге шәугім қайнатып жүргені жасырын емес. Оның үстіне қазіргі Парламенттегілердің дені – «аутсайдерлер» екеніне талас жоқ. Ендеше аутсайдерлерді шегеріп, негізгі жасақты ойынға шығаратын уақыт жетті емес пе?

 Нұргелді Әбдіғаниұлы

«Қамшы» порталы

Қатысты Мақалалар