Археологтар ХХI ғасырда жаңа технологиялардың көмегімен тарихы тылсым көптеген сұрақтарға жауап бере алады. Мұндай пікірді National Geographic журналына берген сұхбатында белгілі америкалық археолог Фредрик Хиберт айтқан. Бұл туралы «Қамшы» порталы Қазақпаратқа сілтеме жасайды.
«Оптикалық диапазондағы қашықтықты өлшейтін құрылғы археологтарға ғылымға белгісіз Гондурас және Белиз сынды көне елді мекендерді табуға мүмкіндік береді», - деп санайды ол. Георадарларды қолдану арқылы жерді қазбай-ақ өткен ғасырлардағы ескерткіштерді іздеуге болады. Осы жоба аясында Шыңғысханның қабірі іздестіріліп жатқанын айтқан.
«Әзірге оны тапқан жоқпыз. Алайда үздіксіз жүргізілілетін жұмыстардың қорытындысы Шыңғысхан немесе Александр Македонскийдің мазарын табуға мүмкіндік береді»,- дейді археолог.
Археологтар Сианьға жақын жерде алғашқы қытай императоры Цинь Шихуандидің (б.з.д. 259 ж. - б.з.д. 210 ж.) моласы қай жерде орналасқанын біледі. Алайда оны бұзып алудан қорқып, қазбай отыр.
Сондай-ақ биыл биік жерден ғана көрінетін Наска шөліндегі алып суреттердің құпиясы ашылады деген болжам бар.
Әлем тарихында орны бөлек Шыңғысхан 700 елді жаулап алушы һәм Жапон теңізінен Каспийге дейінгі аймақта алып империя құрған батыр. Археолог Фредрик Хиберт жұрт жадында асқан баһадүр бейнесінде сақталып қалған, шыққан тегі мұңғыл Шыңғыс қағанның мазарын іздеушілердің алғашқысы емес.
Мысалы, 2003 жылы жүргізген зерттеулер нәтижесінде 16 миллион еркектің ағзасынан мың жыл бұрын өмір сүрген еркекке тиесілі болған V храмасомасы табылған. Осыны алға тартқан зерттеушілердің көпшілігі ол ДНК Шыңғысханға тиесілі болған деген тұжырымға келген.
Әлем ғалымдары үшін Ұлы қағанның өлімі де, мүрдесінің қайда жерленгендігі де белгісіз. Осы белгісіздік оған деген қызығушылықты арттыруда. Әсіресе өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап Шыңғысханның мүрдесін іздеушілер қатары артқан. Алайда олардың бірде бірі нәтижелі болмаған.
Нұрзат Тоғжан
«Қамшы» сілтейді