Қызай ана және оның күмбезі туралы

/image/2021/04/27/crop-27_4_340x453_2021-04-27_12-05-57.png

Қызай ана және оның күмбезі туралы

Қасиетті Қызай Ананың жерленген жерін анықтау үшін ұзақ жылдар зерттеу жүргіздік. Орыс тарихшысы, капитан И.Г.Андреевтің «Орта орда (жүз) қырғыз-қайсақтарын баяндау» атты еңбегін (орысша) - қызайлар туралы жазылған құнды дерек көздерінің бірі әрі деп қарауға болады [1]. Ол 1782 жылы қазақ даласына Ресей үкіметінің құпия тапсырмасымен келіп, барған жеріндегі мекендеп отырған қазақтың ру-тайпаларын тәптіштеп хатқа түсіріп отырған. Сол кітапта қызай Жолболды,Торғай рулары Тарбағатай тауының оңтүстік алқабын яғни Тоқта-Барлық таулары өңірін мекен етеді деп көрсеткен. Үш болыс қызай елінен тек қызай Жолболды, Торғай болысы ғана хатқа түскен. Болысы Атанбай (дұрысы Аманбай болуы керек, орыстың жазбашасында т әріпі мен м әріпі қарайлас жазылады - автор) деп көрсетіледі. Болысқа қарасты жұрт 700 түтін. Жылқы мен басқа да малы мыңғырып жатыр деп көрсетілген. Менің ойымша қалған екі болыс ел Зайсан өңірінде немесе Зайсанның қытай жақ территорияда (Қаба, Жеменей) болып хатқа түспей қалған көрінеді. Себебі капитан И.Г.Андреевтен кейін қызайға қатысты біраз деректерді Шоқан Уалихановтың 5 томдық еңбегінен (орысша) кездестіруге болады. Онда қызайлардың Тоқта және Барлық тауларын мекен етіп отырғандығы (1850-1860 жылдары), сол арадан Ілеге мал айдап келіп, сауда жасағандығы айтылады. Бұл еңбектен Бөтеке төре, оның інісі Әбетай төре, Бөтекенің ұлы Құдайменде төре, Боқаш би, Ескендір қатарлы қызайды билеген төрелер мен билер жөнінде көптеген мәліметтерді табуға болады [2, 3].

Қызай тарихын зерттеу саласында профессор Жақып Жүнісұлы ағамыз аянбай еңбек етіп келеді. Ал, тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәбижан Мұқаметханұлы ағамыз қытай-қазақ қарым-қатынастары зерттеу тұрғысынан, XVIII-XX ғасырдағы қытайдағы қазақтардың әлеуметтік жағдайын зерттеуде жемісті жұмыстар жасап келеді. Сондай-ақ бұл тақырыпты зерттеуге ақыл-кеңестерін аяған емес. Жақып Жүнісұлының еңбектері[4-8] яғни «Қызай Ана», «Қызай танудың кей мәселелері-пайдалану материялы», «Деректердің айтары ерек-пайдалану материялы», «Іленің тарих шежіресі», «Қызай-Андас тарих шежіресі» қатарлы еңбектері мен Нәбижан Мұқаметханұлының еңбектері [9-15] яғни «Чиң патшалығы кезіндегі қазақ халқы», «ХVIII-XIX ғасырдағы қытай-қазақ қарым-қатыстары», «Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы», «Дипломатиялық қатынастар және қытайтану мәселелері», «XX ғасырдағы қытайдың тарихи үрдісіндегі қазақтардың әлеуметтік дамуы», «Ізденіс:Тарих және замана», «Балапан әулие туралы аңыз бен ақиқат» сияқты еңбектерін ерекше атап өтуге болады. Аталған еңбектерде қызай елінің шығу тегі, өсу-өркендеуі мен мекен еткен жерлері туралы мол мәліметтер, дәлел-дәйектер келтіріледі. Осы қатарына «Көлге тамған тамшыдай» болса да  автордың (Райыс Арипжанұлының) «Қызайлардың байырғы ата-мекені және Қызай тауы туралы ізденістер» атты мақаласын жатқызуға болады.  Қызай Ананың зиратын іздеу және тұрақтандыру жұмыстарына Рақым Айыпұлы, Омарәлі Әділбекұлы, Әбдіғани Бәзілжанұлы, Жаңатай Хабдыкәрімұлы, Шәймұрат Шәймерденұлы, Талғат Сауытұлы, мархұм Мұрат Нүсіпханұлы қатарлы азаматтардың ат салысқанын айта кеткеннің артығы болмас деп ойлаймын.

Қызай тарихы туралы жан-жақты зерттеулер өрістеп келеді. Ертеректе шыққан зерттеу еңбектерінде Қызай Ананың туылған жылы мен қайтыс болған жылы туралы аздап ағаттықтар кеткенін байқаймыз. Оны қызай тарихына қалам тербеп жүрген біраз қауым бас қосып, тарихи дәлелдер негізінде ортақ тұжырымға тоқтадық. Нақталап айтқанда, Қызай Ана 1402 жылы туылып, 1472 жылы қайтыс болды дегенге келдік. Алайда Қызай Ананың жеренген жерін анықтау ұзаққа созылды. Көп рет сапарға шығып, ізденістер жасауымызға тура келді. Автордың «Қызай Ана қайда жерленген? сапар естеліктері, бірінші бөлім», «Қызай Ана қайда жерленген? сапар естеліктері, екінші бөлім» атты мақалаларымызда ол жәйлі тәптіштеп жазған болатын. Бізге Қызай Ананың келін болып түскеннен кейін мекен еткен жерін табуымыз керек болды. Басқаша айтқанда, Қызай Ана 1419 жылы Найман еліне келін болып түссе, 1472 жылы сол келген өңірде дүниеден өткен делінеді. Қасиетті ана мекендеген тау кейіннен «Қызай тауы» атаныпты делінеді тарихи деректерде. Ондай болса 1419 жылы Қызай Ананың келінболып тұскен жері қай – жер? Анамыз қайтыс болғаннан соң «Қызай тауы» аталған тау қай тау? 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманына дейін қызайлар қай жерлерді мекен етті? Міне, мұндай күрделі де күрмеулі сұрақтарға бір-бірлеп жауап беру оңайға түскен жоқ. Ұзақ жылдар бойы зерттеулер жүргізуге тура келді. Бұлай болуының да өзіндік себебі бар еді. Автор «Қызайдың байырғы ата-мекені және Қызай тауы» атты мақаласында қазіргі Барлық тауының бұрынғы атының «Қызай тауы» болғанын, қызайдың байырғы ата-мекенінің Тоқта (Қаптағай) және Барлық (Қызай) тауларының алқабы болғанын жан-жақты дәлелдеген.

Қызай елі өзінің байырғы ата-мекені Тоқта және Барлық таулары баурайынан  екі рет айрылуға мәжбүр болған: Алғашқы ата-қоныстан айрылу 1723 жылы болған. Жоңғардың жойқын шақыншылығына тап болған матай елі (қызайлар) «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» ұшырап, Матай тауы, Қаптағай тауы және Қызай тауы өңірілерінен ауып Сыр өзені бойына, Итішпес көлінің маңына барған. Қазақ қолының жоңғар шапқыншыларына қарсы 1726 жылғы Итішпес көлі маңындағы, Бұланты-Білеуті өзендері жағасындағы зор жеңістерінен кейін, Матай елі Сыр бойынан Арқа даласына қарай жылжыған. Сарысу өзені бойындағы сұрапыл шайқаста Матай елі Бөрібай атты батырынан айрылады. Жауды өкшелей қуған қазақ қолымен бірге Матай елі Қарағанды, Есіл-Нұра өзендерін басып өтіп, Шыңғыс тауын біраз жыл мекендейді. Одан шығысқа жылжып, Аягөзге жетеді. 1782 жылы қызайдың Жолболды, Торғай болысы байырғы ата-мекені Тоқта және Барлық тауланына қайтып оралады. Кейінгі тарих көрсеткендей қызайдың басқа рулары да бірте-бірте осында келе береді. Ал екінші рет ата-мекенін 1860-жылдары тастап кетуге мәжбүр болған. Оның бірнеше себебі бар: Қытайлар өсіп-өнгендіктен кең жайылым жер іздеді; Лепсіден шыққан Ресей казактарының қызайдың ру басыларын жаппай тұтқындауы; қазақтың руаралық кикілжіңдері  қызайлардың Тоқта-Барлықты тастап Ілеге аймағына көшуіне себеп болды.

Жоғарыда келтірілген себептерге байланыты қызайлар жаңы қоныс жайлы аумақ – Ілеге ауып кетті. Арада «Балапан басына, тұрымтай тұсына» дегендей талай аумалы-төкпелі заман өтті. Уақыт өте келе ұрпақ жаңаланып отырғандықтан қызайлар өздерінің байырғы атамекенін ұмыта бастайды.

Бірақ қызайларда «Қайран Барлық», «Алакөл асығымнан келмейтін» дейтін сөз тіркестерінің қазірге дейін айтылуы жайдан жай емес, әрине. Қызайлардың ата-қонысынан ауып кеткеіне шамасы160 жылдай болды.  «Елу жылда ел, жүз жылда қазан» демей ме атам қазақ. Ал осыдан 400-500 жыл бұрынғы тарихты түгендеу қиынның-қиыны екенін екінің бірі түсінсе керек. Сол себепті де қызайдың байырғы ата-мекенін табу, сонда жерленді делінген Қызай Ананың бейітін табу оңайға түспеді. Қызай Ана жерленді делінген жерлердің (Оңтүстік Қазақстан облысындағы Домалақ Ана кесенесінің маңы, Қызылорда облысындағы Сыр өзенінің  бойы, Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданы өңірі, Алматы облысы Қызылағаш аулының төңірегі, Алматы облысы Сарқан қаласының оңтүстік алқабы, Алматы облысы Алакөл ауданы Алакөл көлінің жағалауы) барлығын зеттеп шығуға тура келді. Тарихи деректер көрсеткендей [16-19], Қызай Ана мекен еткен тау кейін келе «Қызай тауы» атанған.  Ал оның жанында «Ботамойнақ» атты тау бар.  Құдайназар батыр және оның қызы Күлайым бастаған 100 сарбаз «Қызай анам жатқан жерді жауға таптатпаймын» деп «Қызылжар» асуындағы қайқаста мерт болады. Ерте заманда қалыптасқан үрдіс бойынша бейітке «Тас күмбез» тұрғызылған. Осы 4 түрлі дерек көзін зерттеу біздің басты нысанымыз болды. Осы дәлелдің кемінде екеуі, тіпті болмағанда біреуі табылса, онда Қызай Ананың бейітін сол маңнан іздейміз деп Жақып Жүнісұлы ағамен келіскенбіз. Бұл жәйіт автордың «Қызай Ана қайда жерленген? Сапар естеліктері, бірінші бөлім» және «Қызай Ана қайда жерленген? Сапар естеліктері, екінші бөлім» атты мақаларында жан-жақты талқыланған. Төменде жоғарыдағы 4 түрлі дәлелге бір-бірден тоқталайық:

  1. Қызай тауы. Автор ұзақ жылғы зерттеуі негізінде «Қызайдың байырғы ата-мекені және Қызай тауы туралы ізденістер» атты мақаласын жәриялады [20, 21]. Онда 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» оқиғадан дейін қызайлардың Тоқта (Қаптағай) және Барлық (Қызай) тауларынан мекен еткенін, Барлық тауының байырғы атының «Қызай тауы», Тоқта тауының байырғы атының «Қаптағай тауы» болғандығы жан-жақты дәлелденген.
  2. Құрбағали Халидидің «Тауарих хамса» атты еңбегінде [22] ҚХР ШҰАР Дөрбілжін ауданың шығысындағы тауды «Ботамойнақ» деп көрсетеді. Ботамойнақ тауы күні бүгінге дейін өз атымен солай аталып келеді.
  3. Ал, «Қызылжар асуына» келер болсақ, Қазақстанда жарық көрген жер-аттары» [23] атты еңбекте, Алакөл ауданы мен Аягөз ауданының қилысындағы тау бөктерін «Қызылжал» деп көрсетеді. «Қызылжар» мен «Қызылжалдың» айырмасы тек бір ғана әріп бөліп тұыр.
  4. «Тас күмбезге» келер болсақ, ол күмбезді біз Алакөлдің солтүстігіндегі «Қызылжал сауынан» таптық. Қызай Ананың бейіті деп бізге айтылсада біз әліптің артын бағып ел аузындағы аталуы бойынша яғни бүркеме атпен «Қызайдың қос батыр қызы» деп жәриялан болатынбыз [24]. Ол кезде біздің қолымыда жоғарыдағы 4 дәлелдің бірде-бірі болған жоқ еді.

Біз ұзақ жылға созылған зерттеулеріміз арқылы Қызай Ананың бейітін тұрақтандыруға қажетті болған барлық дәлелдерді толық таптық. Алакөл ауданы Көктума ауылында тұратын Жанахмет Бегатарұлы ағамыз, 2009 жылы Көктума аулының оңтүстігіндегі тау баурайндағы Қостас күмбездің үлкенін Қызай Ананың күмбезі, кішісін Қызай Ананың қызының күмбезі деген болатын. Біз жоғарыда келтірілген 4 дәлелдің біреуінен (Тас күмбезден) басқа дәлелдерді яғни қалған 3 дәлелді сол кезде сол маңнан таппағандығымыз үшін баспа бетінде жариялаған мақаламызда [25] ел аузындағы айтылуы бойынша «Қызайдың қос батыр қызы» деген атын қолданған болатынбыз. Біз жоғарыда қажетті делінген 4 дәлелді толық келтірдік. Атап айтар болсақ, қос тас күмбездің үлкені Қызай Ананың күмбезі деп кесіп айтуға болады. Ал ондағы кіші күмбезге келер болсақ, Жанахмет ағаның айтуы бойынша ол Қызай Ананың батыр қызына арнап тұрғызылған күмбез екен. Шежіре деректерінің ешбірінде Қызай Анада қыз болды деп айтылмайды. Біз Қызай Ана туралы жазылған еңбектерден [26,27] Қызай Ананың батырлығы және мергендігін, сондай-ақ Құдайназардың қызы Күлайымның батыр әрі мерген болғандығын, соғыста әкесі Құдайназар батырмен бірге шейіт болғанын білеміз. Олай болса «Қызайдың қос батыр қызының» бірі Қызай Ананың өзі болса, екіншісі Құдайназар батырдың қызы-Күлайым болып шығады.

Жоғарыдағылардан басқа төмендегі дәлелдерді де айта кеткенді жөн көрдік. Атақты тарихшы, этнограф Шоқан Уалиханов өз күнделігінде [28] қызай төресі Бөтекенің (Бөтеке Әбілпейістіңұлы кейде Әлпейісұлы, Сама төренің немересі деп айтылады. - автор) 1854 жылы Аягөздің генаралымен кезікенін, онда өзінің орыс бодандығын қабылдағыыс келетінін жазады. Сонымен бірге өздері тұрып жатқан жерлерінде (Тоқта-Барлық тауының алқабы) ата-бабаларына ескерткіш тұрғызғы келетінін, соған генаралдың рұхсат етуін сұрайды. Аталмыш еңбекте рұхсат етілген-етілмегені жазылмайды. Бүгінгі жеткен Алакөл маңындағы жүздеген қызай күмбездері(Күмбездер қызайлардікі болғанымен,  көбінің ақы иесі белгісіз. Белгілілері бірнешеу ғана яғни: Шағырай әулиенің тас күмбезі, Сыбанбай бидің күмбезі, Тоқпан немесе Тоқпанбет батырдың күмбезі, Балапан әулиенің күмбезі, Ескендірдің күмбезі. Ескендірдің аты белгілі болғанымен қызайдың батыры ма әлде биі ме, қызайдың қайсы руынан тарайтыны әлі белгісіз қалып отыр. Ескендір деген төре болған екен.  Мүмкін сол кіс болар. Қортында жасауға әлі ерте) орыс генаралының рұхсат еткенін айғақтайды. Менің ойымша, дәл осы жылы немесе 1855 жылы сол өңірдегі барша найманды асқа шақырып Қызай Анаға салынған бұрыңғы күмбез жаңартылса керек. 5-6 мың кісі қол жалғап, қолдан-қолға өткермелеу арқылы 5км жердің тасын тасып, Қызай Ананың және Күлайымның күмбезін жаңғыртқан. 5-6 мың кісі тас тасуға қатысқанына қарағанда, асқа шамасы 10 мың кісі қатысқан деп болжауға болады. Мұндай үлкен астың қызай ішінде  Қызай Анадан басқа біреуге берілуі мүмкін емес.

Қорыта айтар болсақ, жоғарыда келтірілген дәлел-дәйектердің барлығы ел аузында «Қызайдың қос батыр қызы» атанған, тастан өрілген қос күмбездің бірінің (Үлкенінің) Қызай Ананікі, ал тағы бірінің (шағынының) Күлайым Құдайназарқызынікі екенін дәлелдейді.

Ардақты ағайын, қадірменді жамағат!  Сіз болып, біз болып, ортақ күш біріктіріп, Қызай Ана мен Күлайымның басына  тұрғызылған осы ескерткіштерді қорғауға алайық. Қалпына келтіру жұмыстарын жасап, күмбез тұрған аймақты қоршап, абаттандырсақ, тарихи мәдени орынға айналар еді. Қызай Анамыз алдындағы бір борышымызды орындаған болар едік. Қоғамға қосқан бір үлесіміз болар еді деп ойлаймын.

Райыс қажы Арипжанұлы

 

 

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар