Некеге тұру талаптары өзгере ме?

/uploads/thumbnail/20170708193901646_small.jpg

Әдетте Ресейдің думасы талқылаған тақырыпты біздің қалаулылар да қайталағанды құп көруші еді. Бұл жолғы үрдіс те сол әдетінен бұлтармайтын секілді. Ресейліктер некеге тұру үшін ЖИТС-ті (СПИД) анықтайтын тест тапсыруы тиіс болды. Бұл заңмен бекітілді. Енді көрші елдің азаматтары АХАЖ бөлімінде заңды некеге тұруы үшін аталмыш дертке сараптама жасатуы тиіс. Бұл заңның қазақстандықтарға қажеті бар ма? «Жаным арымның садағасы» деп ұғатын далалық рухтың иелері бүгін дамыған жұртқа жетуге асық. Ал дамыған «жұрт» арды жанының садағасына айналдыруға мүдделі емес. Демек, қанымзға сіңген әлгі ұстанымның бізге де қажеті болмағаны ма? Біздің мемлекетіміздің дамуға арналған ешбір бағдарламасы қазақтың танымына лайықталып жасалмаған. Онда жаһанға ілесу, жету, басып озу деген сынды мақсаттар көзделеді. Байлық-бір жұттық деуші едік қой. Енді бүгін байлық-бір девальвациялық деп айтуға болатын шығар. Ал осы бір девальвациялық байлық үшін бүкіл болмысымызды ысырып тастауға бола ма? Некеге тұруға бел буған екі қазақтың бір-біріне «жүр тексерілуге барайық, мүмкін сен қауіпті дертпен ауыратын шығарсың» деп тұруы-намыстанатын жағдай. Қызын қызғыштай қорғап, қайын жұртына аманаттайтын қазақ жастары шынымен өзгеріп кетті ме? Өзгермесе, Қазақстанда 2015 жылы 7 айдың ішінде 1376 адам жүре пайда болған иммундық дефицитiнiң синдромымен (ЖИТС - ВИЧ) тіркелер ме еді?,  ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі республикалық орталық осындай мәлімдеме  жасаған.  Келтірілген сан  813 ер адам мен 563 әйелді құрайды екен . 

Мамандар  бұрын бұл дертті нашақорлар, жезөкшелер таратса, қазір ЖИТС ерлерден, әйелдерден, қариялардан, тіпті балалардан да табыла бастады деп дабыл қағуда. Егер депутатар арасында осы заң талқыланар болса, олар біздің халықтың өмірлік ұстанымдары мен менталитетін ескерулері тиіс. Әзірге мәжіліс депутаты  Жамбыл Ахметбековтің пікірі ойға қонымды. Ол «Қазақстандықтардың өмір сүру салты ресейліктерден бөлек. Ресейде ауруды жұқтыру қаупі жоғары. Әзірше біздің заңнамаға ондай норманы енгізудің қажеті жоқ деп есептеймін. Шетелдік ғалымдар ЖИТС-ке қарсы дәрілерді жасап шығарды, егер ол бірнеше жылда мүлдем жойылып, ал ол норматив заңда тұрса, онда азаматтардың құқығына нұқсан келеді. Жастарымыз үйленген күннің өзінде бір-біріне күдікпен қарайтын болады»,- деп  түсініктеме беріпті. Бұл туралы депутаттың сөзін  « Tengrinews.kz» жазды. Күдікпен қарауды былай ысырғанда,  «быламық ішейін деген асым ба еді» демекші, шаңырақ көтерген қазақтардың қауіпті дертке байланысты бірін-бірі тексеретіндей жағдайға жеткенімізден нені аңғаруға болады. Өз басым, біздің ұлттық болмысымызды өзгертуге арналған жылдар бойғы жүргізілген бағдарлама өз жемісін бере бастапты деп түсіндім. Енді бір ұрпақ ауысқанда біз пәктік туралы ертегі айтуға дайын екенбіз. Олар да біздің пәктік туралы мифтік танымымызға кекесінмен күлетін болар. Ол рас, таным өзгеріпті. Жұқпалы дерттің көбеюіне байланысты бойымызды үрей жайлайды. Осылайша арды былай ысырып қойып, екінші жартысын таңдаған адам оның тексеруден өтуін талап ететін болады. Ал екі адамның  бір-біріне деген талабына  қарағанда, мемлекеттің талабы дұрыс емес пе? Некеге тұруға қатысты талаптардың ішінде мемлекет қойған бір талап бар дейміз де қоямыз. Дегенмен, заң адамның игілігіне қызмет етуі тиіс. Жұқпалы дертке шалдығып, шаңырақ құруға талпынғандарды емес, шалдықпаудың жолдарына арналған заң қажет. Бірақ біздегі кез келген заңмен шектеу-жемқорлықтың ошағына айналатыны бар.  Құдды бір заң халық үшін емес, жемқорларға арналып жасалғандай әсер қалдырады. Талқылау барысында депутаттар осыны ескерсе дейміз.

Айнұр Төлеу

«Қамшы» сілтейді
 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар