Жақында «Азаттық» сайтында «Қырым мектеп оқулықтарында «Ресей субъектісіне» айналған» атты мақала жарық көрген болатын. Мақалада «Мектеп» баспасынан былтыр және биыл жарық көрген кейбір оқулықтарда Қырым автономиялы республикасы «Ресей субъектісі» ретінде көрсетілген. Бұған қатысты «Қамшы» порталы мәселені өзінше бажайлап көрген.
Еліміздегі негізгі мектеп бағдарламасына сәйкес дәрістер жүргізуге арналған оқулықтарды «Мектеп» баспасы әзірлейтіні белгілі. Сорақы болғанда аталмыш басылым авторлары мектеп бағдарламасына кірген үш бірдей оқулақта, «Қырымды Ресей автономиясы» деп көрсеткен.
- «Географияның» 10 сыныбына арналған оқулықта: «былтырғы жылы Ресей аннексиясынан кейін Қырым билігі референдум өткізіп, іле-шала РФ құрамына қосылған» деп жазылған. Сонымен қатар, Украина дағдарысы мен шекара маңындағы аудандардағы саяси жағдайлар РФ-ның шекарасын нығайтуға себеп болған-мыс. Шын мәнінде жағдай қалай болған еді? (http://www.azattyq.org/content/kazakhstan_crimea_kazakhstans_textbooks/27263856.html).
- Ал 11 сыныпқа арналған «Қазіргі дүние географиясы» оқулығында: «Украинаның Қырым Автономиялық Республикасы мен Севастополь қаласы 2014 жылғы 16 наурыздағы референдум қорытындысына сай қайтадан Ресей Федерациясының құрамына оның субъектісі ретінде қосылды» деп жазылған.
- 11 сыныпқа арналған «Дүниежүзі тарихы» оқулығында да дәл осы фактілер келтірілген.
Ал, «Азаттық» сайтына сұхбат берген оқулық авторы «Дума бірауыздан шешім қабылдады емес пе?! Яғни, мәселе де осымен біткен» деп жауап қайырған-мыс. Автордың көзімен қарайтын болсақ, референдум болғаны рас. Батыс мойындамаса өздері білсін. Біз ескі һәм жаңа одақтасымызды қолдауымыз керек. «Ақсақал биліктің» ажырамас серігі, құдайы көршіміз Ресейді жақтамағанда, өз бауырын сатып кеткен Украинаны жақтаймыз ба дегенге саяды.
Сонда мектеп бағдарламасына енгізілген пәндерге оқулық жазатын авторлардың саяси жағдайларға түкіріп қарағаны бар ма?
БҰҰ мойындамаған «аннексияны» Қазақстан неге мойындауы керек?
Қырымның Ресейдің аннексиялауынан кейін жасанды түрде өткізілген референдумды БҰҰ мойындамағанын ескерсек, Қырымды Ресей субьектісі етіп көрсету саяси сауатсыздық емес пе? Шекаралық ауыс-түйісті қатысушы екі мемлекет парламенті бекітіп, президенттері қол қойғаннан кейін БҰҰ қабылдауы тиіс. Ал Қырым жағдайында мұндай келісімдер болған жоқ екені рас. Ендеше «мектеп» баспасы авторлары халықаралық нормаларды қалай аттап кетіп отыр?
ЕАЭО елдерінің бұған көзқарасы мүлде қарама-қайшы
Тіпті, бес одақтасымыздың бірі Белорусияның «батькасы» - Александр Лукашенконың өзі Қырымның Ресей құрамына қосылуына қатысты пікірін білдіріп, Украинаның мемлекет ретінде бүлінуін қаламайтынын және Қырымды РФ автономиясы деп мойындамайтыны айтқан.
Н.Назарбаевтың Қырымға қатысты көзқарасы
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі Украина Президенті Петр Порошенкомен кездескен кезінде «Қазақстан Украинаның территориялық тұтастығын қолдайды және Донбасстағы қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге бар күшін салады» деген болатын.
Білім және ғылым министрлігі Президенттің сөзін пысқырмағаны ма?
Азаттықтың жазуынша, оқулық авторларының бірі Ертіс Ахметов «Қырым мәселесін арнайы сараптамадан кейін енгізгендерін» айтқан. Ал сараптаманы Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Оқулық» ғылыми-практикалық орталығы жасатқан. Сонда білдей бір басшылықтағылардың өздері Президент Назарбаевтың сөздеріне пысқырып та қарамағаны ма?
Украина Үкіметі ҚР СІМ мен БҒМ-не наразылық нотасын жолдаған
Ал, жақында Қазақстандағы Украина елшісі Сыртқы істер министрлігіне «Қырымның Ресей субьектісі» ретінде көрсетілгеніне қатысты наразылық нотасын жолдаған (http://total.kz/politics/kazakhstan/2015/09/25/posolstvo_ukrainyi_v_rk_obratilos_s_notoy_protesta_v_mid_kazahstana#begin_st).
Сонымен қатар, Украина билігі Қазақстанның СІМ-не ресми хат жолдап, «Мектеп» баспасы шығарған оқулықтарды кері қайтарып алуын талап еткен. Талапта, Қазақстан Президентінің және БҰҰ-ның Украинаның территориялық көзқарастарына сүйене отырып Қырымды РФ субьектісі ретінде қарастырмау мәселесі көтерілген.
Сондай-ақ, Украина Үкіметі ҚР Білім және ғылым министрлігіне де наразылық нотасын жолдаған (http://ria.ru/world/20150925/1280765166.html).
Түйін: Қазақстан оқулықтарындағы Қырым туралы ақпараттардың біржақты жазылғанын ескерсек, авторлардың білімі таяздығын аңғару қиынға соқпайтыны рас. Әлемдік қауымдастық пен Қазақстанның өз билігі Қырымның Ресей құрамына қосылуына қатысты нақты позициясын білдіргені белгілі. БҰҰ- Бас Ассамблеясында Қырым референдумын заңсыз деп таныған жиында Қазақстан референдумды қолдамаған болатын. Ендеше БҒМ-ның былықтырып жүргені несі? Сонда мектептегі балалардың басын жалған ақпараттармен улағанда ұтпағымыз не? Әлде, кеңестік кербаланың кесірінен әлі де болса арыла алмаған, Ресейді экономикалық және стратегиялық серіктесіміз деп ұғатын «ақсақал биліктің» әдейі жасап отырғаны ма?
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Пікір қалдыру