Әкім әмірші емес, менеджер болуы тиіс

/uploads/thumbnail/20170708194831859_small.jpg

Халықтың тыныстаған ауасымен демалып көрмеген әкімнің басқарып отырған аймағының мұң-мұқтажын түсінуі мүмкін емес. Сондықтан да болар, «Алматы шаһарының әкімі Бауыржан Байбек әлеуметтік желіні аңдып отырып, аурухананың бас дәрігерін қызметтен босатыпты»,- деген жаңалық жанымызға майдай жақты. Әкімнің халықпен етене байланысып, оның бұрынғы салтына құрметпен қарап, бүгінін бүтіндегісі келетінін білсек, біз төбемізге көтеріп сыйлауға шақ қалатын қазақпыз. Анығында әкім деген кім? Неге ода біреуге үй бере салатын, қаласа жер тарту ете алатын мүмкіндік бар? Олар үйлер мен жер телімдерін қайдан алып жатыр. Біз  демократиялы елдің басқарушылары хақында дұрыс түсінік қалыптастырмағанбыз. Сондықтан әкімтақ  деген әкімге мол мүмкіндік ашатын орындық секілді көрінеді. Көрінгеннен бұрын, біздің елде дәл солай қалыптасқан. Ал дамыған, дамығысы келетін елдердің (бізден басқалары)басқарушылары өздерінің халық қызметшісі екеніндіктерін жақсы түсінеді. Кеңес Үкіметі тараған тұста біз демократялы ашық қоғамды таңдадық. Ал демократия нормаларына сай әкім деген әмірші емес, менеджер (ағылшыншаmanager – басқарушы) болуға тиіс еді. Бірақ біздегі әкімшіл жүйе сол кезден бастап дұрыс қалыптаспады да, әміршіл пәрменін ұстап қалды. Сондықтан да, кез келген қаланың әкімі өздерін  әмірліктің әміршісіндей санайды. Саунада театр қойылымын көре алады. Жерді саудалайды. Жемқорлықпен айналысады.

Адамзат баласы задында өмірді өз өресімен өлшейді. Сондықтан жемқор адам басқаны да жемқор деп есептеуі ғажап емес. Өзің сондай болсаң, басқалар туралы неге жақсы ойлауға тиіссің? Жемқорлардың саны артқан сайын, ел азаматтарының табысы туралы ақпаратты біліп отырғысы келетін бір сабаз шықты. «Менеджерлер» -жемқор болса, басқаларына не жорық? Демек әрбір қазақстандық жемқор деген сөз ғой. Жекелеген адамдарға (қазақстандықтарға) еңбек табысы туралы есеп беруді міндеттейтін заң жобасын парламенттің төменгі палатасы мақұлдап тастады. Бұл туралы «Қамшы» порталы http://qamshy.kz/home/show/1536  жазған болатын. Бірақ осы заң жобасы туралы талқы әлеуметтік желі пайдаланушылар тарапынан орын алған жоқ. Солай болуға тиіс күйде, баяғы самарқау қалпызда үн қатпай қала бердік. Біздің табысымызға телміруге арналған бұл заң менің азаматтық мүддеме арналмаған деп түсінемін. Халықтың қаржысын қалтасына басып, өздері шетел асып жоқ болған «менеджерлер» неге есеп бермеді. Қазынадағы қаржының қаспағы көріне бастағанда мұндай заңның қажеті қанша еді? Өкінішке орай біздегі әрбір заң жемқорлықтың меңдеуіне, үдеуіне алып келеді. Бұл заңның да сондай болмасына кім кепіл? Кеше “Ақпараттың қолжетімдігі” мәселесі бойынша халықаралық конференция кезінде САНДЖ” зерттеулер орталғының директоры Жанар Жандосова депутаттар, судьялар және мемлекеттік қызметкерлерге өз табысын жария ету ұсынысын жасады. Әрине, бұл ұсынысты жасауға төменгі палатаның мақұлдаған заң жобасы түрткі болды. Расымен, табысты қадағалау туралы мәселе қозғалған екен, онда  әкімдер мен  біз сайдың тасындай етіп сайлап отырғызып қойған депутаттар бізге табысы туралы есепті жария түрде жасасын. Сонда бір жыл кеденде жұмыс жасап, үлкен үй сатып алатындардың құпиясы әшкере болар еді. Әу баста дұрыс қалыптаспаған әміршіл әкімшіл жүйе біз мысалға келтіргендей менеджерлік деңгейге жете ала ма? Өздерін былай ысырғанда, қабылдау бөлмесінде отырған хатшы қыздарының өзі дүниенің бір тетігін ұстап тұрғандай тікірейіп, тепсініп тұратын «менеджерлердің» өздері халықтың қызметшісі екенін түсінетін сәт келгенде біздің Атамекенде қазақтар өмір сүріп жата ма екен?

Айнұр Төлеу

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар