Әр қазақ патриот, әр қазақ бауырмал, әр қазақ ұлтшыл. Бірақ, шынайы іске келгенде көбіміздің қолымыздан келіп жатқаны шамалы. «Ағайын тату болса, ат көп»,- дегендей ағайыншылдықтың, бауырмалдықтың, жанашырлықтың, адамшылықтың үлгісін Исатай Сымағұл атты азамат көрсетті. Үш қазақтың біреуі шетте, тіпті арасында босқын қазақтың барын ескерсек, Истайдың жасаған ерлігін қолынан келген қарапайым әр қазақ жасай алады. Ол соншалықты қиын да шаруа емес.
Естеріңізде болса, осы аптаның басында «Қамшы» порталында «Босқындар арасында қазақтар да бар. Азаттығы бар ел қандастарын оққа тосып отыра бере ме?»,- деген атпен мақала жарық көрді (http://qamshy.kz/home/show/1503). Ауғаныстаннан қоныс аударып, Иранға барып босқын болған, өз аты жөнін Жәнібек Нәсірұлы деп таныстырған азаматтың қалай босқын болғанынан бастап, босқындық өмірін таныстыра келіп, азат қазақ елінің азаматы болғысы келетін ниетін жазған еді. Өз азат Отаны бар азаматтың босқын болып жүргені сол ұлттың барша азаматының сүйегіне таңба екені анық. Әлеуметтік желі мен сайт оқырмандары Жәнібекке деген жанашырлықтарын білдіріп жатты. Барша ағайынның бауырына деген ізгі алаңдаушылық пікірлерінің ішінде ерекше көзге түскені- Исатай Смағұл деген қолданушының пікірі болды. Сайттағы мақаланың астына «Ассалаумағалейкөм бауырым, он сотық жерім бар колымнан келетіні сол. Менде билік дейтін- билік жок. Қолымнан келері осы келем десең, хабарлас: 87022339085, Ақтөбе обл. Алға ауд. Есет батыр ауылы.», - деп пікірін қалдырып, артынан менің фейзбуктағы парақшама «Тұрдыбек, менде билік жок колымда. Бірақ үйімнің касында он сотық жерім бар. Келем десең тегін берем деп жазғам пікіріне тел қалдырдым. Дәл сол жерге әлім келеді, салып жаткан үйім жок, Босқа тұр. Қолымнан келгені сол. Аяққа тұрып кетер документ жағынан көмектесейікші оданда? Осы фб-да аузымен орақ оратындар көп қой, осындайда айтарға сөз таппай калады! Менің де оңып турғаным шамалы, бірақ басымда тәуелсіздігім бар. Қойнымда Отаным бар. Тұрып жатқан баспанам бар келсін, бауыр болып кетерміз.»,- деп өзінің азаматқа сай мәрттік ойын білдіріпті. Мен де Исатайға хабарласып, Жәнібекке бұл сәлемін жеткізетінімді айтқанмын. Алдағы уақытта Исатай Жәнібекке өз сыйлығын табыстауының куәсі бола жатармыз.
Исатай сөзінде өзінің шалқып тасып отырмағанын, қолындағы бары сол екенін айтып, «астындағы жалғыз атын сойып беруге» дайын екенін білдірген. Бауырымыздың бұл адамгершілігіне кімнің де болсын жүрегі елжіремей тұрмас. « Бар байлығым –тәуелсіздік, Отанымның азаматтығы»,- деген Исатайдан әр қазақ үйренсе дейміз. Іштегі болсын, сырттағы болсын бір қазаққа екінші біреуіміз осылай қолымыздан келген көмегімізді аямасақ, ертең бір де бір қазақ далада қалмасы анық! Жүрегімізді сыздатқан оның дәрменсіз жағдайына қол ұшын бергіміз-ақ келеді. Исатайдан басқа да оқырмандар көмек беруге ұмтылып отыр. Бірақ Жәнібектің жалғыз-ақ арманы бар. Ол қазақ елінің азаматтығын алу. Қазір оның босқын деген құжаты ғана бар. Ал құжат мәселесін қарапайым қазақ емес, ықпалды азаматтар ғана шеше алады. Онсыз да аз ғана қазақтың бір тобын қазақтықтан шығарып тастамау керек деп есептеймін.
Тұрдыбек Құрметхан
Пікір қалдыру