1991 жыл. Желтоқсан айының 7-күні. Беларусьтің ұлттық паркі – Беловеж қорығы. Мемлекет басшыларының сондағы демалыс орталығы – Викули. Осында: Ресейдің билік иесі Б.Ельцин, Украинаның билік иесі Л.Кравчук, Беларусь билік иесі С.Шушкевич нөкерлерімен жиналып, шүйіркелесіп, 8-күні Совет Одағы ыдыратылғанын ресми жариялады. Келісімге қол қойылысымен Ельцин АҚШ президенті Д.Бушқа телефон соғып, «батасын» алды. Шушкевич КСРО президенті М. Горбачевтан «шүйінші сұрады».
Бұл оқиғаның ұзынырғасын айтқан сұхбатында С.Шушкевич былай деді: – Келіссөзге Қазақстан президенті Назарбаевты қатыстыруды жөн көрдік те, досы Ельцин оны телефонмен іздестіріп, тауып алып, бізге қосылуға шақырды: «Нұрсұлтан, кел, біз мұнда маңызды мәселелерді шешпекшіміз», деді. Дауыскүшейткішпен сөйлесті, біз естіп отырмыз. Назарбаев: «Иә, барамын. Ұшаққа жанармай құйып жатыр, қазір ұшамын, жетемін!» деді. Ол бізге келген жоқ, Горбачевқа барды. Ол жалпы жағдайдан хабардар еді. Біздің бе, Горбачевтың ба, – қайсымыздың жығарымызды болжай алмай сасқан. Михаил Сергеевич оны қайткенде өзіне қаратып алуды көздеді, жеңген күнде тұтқындағы Анатолий Лукьяновтың орнына КСРО Жоғары Кеңесінің төрағасы етуге уәде беріпті. Назарбаевтың бізден сырт айналғаны сондықтан, – деді.
А.Лукьянов Мемлекеттік төтенше жағдайлар комитеті – ГКЧП – бүлігімен байланысы үшін тұтқындалған-ды.
КСРО құрамындағы республикалар, ең алдымен Балтық бойындағы, одан соң Кавказ өңіріндегі кешегі одақтастар суверенитет (дербестік) алуға кірісті. Горбачев: – Суверенитет қанша керек болса, сонша ала беріңдер! – деген. Ол ельциндер жобалаған «Содружество независимых государствты» (СНГ. «Тәуелсіз елдер достастығы» - ТМД) құптағанында кейін бәрін қайтадан жиып алып, «Тәуелсіз мемлекеттер одағын» құрып алуды ойлаған көрінеді. Пиғылдас Н.Назарбаевтың оған сенуден, дәмелі лауазымын күтуден күдері үзілсе керек, ақырында дербестікті амалсыз, ең соңында алды. 1993-1994 жылдары «Комсомольская правда» газетінің тілшімен сұхбатында: «Тәуелсіздікті басқалар алып жатқан соң, біз де алдық» десе, Мәскеудің мемлекеттік уиверситетіндегі (МГУ) кездесуінде: «Совет Одағын сақтап қалу үшін менің ақырғы патроным қалғанша соғысқанымды өздеріңіз білесіздер» деді.
...Біздің Жоғары Кеңес (төрағасы – Серікболсын Әбділдин) 1991-жылы желтоқсан айының 23-күнгі қаулысымен республикамыздың тәуелсіздігін жариялады. Алайда, көп ұзамай, желтоқсанның 16-күні «Қазақстанның тәуелсіздік күні» болып белгіленді. Естуімше, ол өзгеріс Н.Назарбаевтың ұсынуымен жасалыпты. Кейбіреулердің айтуынша: «Алматыда 1986-жылы желтоқсан оқиғасы басталған күнді есте сақтау ойластырылған». Уәйдә!.. Егер Н.Назарбаевтың билігі ол күнді есте сақтауға, тарихта толық мәнінде қалдыруға мүдделі болса, заң жүзінде қаулы қабылданған күнді сақтау керек еді. Меніңше, керісінше, өздері де кінәлі қанды оқиға күндерін көлеңкелеу үшін оған «Тәуелсіздік күнін» апарып жапсырды. Солай екеніне жастарымыздың ол қимылына ресми дұрыс баға әлі күнге берілмегені дәлел.
Сондай-ақ, Н.Назарбаев кейінде: «Біз тәуелсіздікті ата жолымен алдық, ақылмен алдық», деп шықты. Пәлі десеңші!.. Ата жолымыз Беловеж қорығынан басталған болды ғой? Ақыл – Горбачевтың уәдесі екен ғой?..
Е, Нұрекеңнің бұлайша «нақыл» болып кеткен сөздері жеткілікті. Таққа отырысымен: «Қазақстанда шекара болмады, бүгінгі шекарасында мемлекеті болған жоқ» дегенінің өзі «не тұрады»?!. «Қазақстанның тарихы 1991-жылдан басталды деу керек»; «Қазақта пәлен батыр, би, әулие болғаны – бекер, аңыз сөз»; «Өз күніңді өзің көр»; «Бай бай болады, кедей кедей болады»; «Ағылшын тілін меңгермей Қазақстанда ұлттық прогресс болмайды»; «Микрокредит ал да, екі сиыр сатып ал, өзіңдң өзің асыра»... дегендері ше?!.
Ол ел билігінің дізгін-шылбырын қолына алған 1991-жылдан бері жазып шығарған 102 кітабында (құрастырғандар: Мырзатай Жолдасбеков пен Махмұт Қасымбеков), ол туралы жазылған 172 кітапта (Асылхан Мамашулы, «Назарбаев «сыновный долг Родине» отдает книгами». «Радио Азаттык», 2012 г.) қанша «нақыл» барын білмеймін, білгім келмейді де.
Иә, сонымен, тәуелсіздік бізге де ойда жоқта бұйырды. Совет Одағының, социалистік елдердің атын өшіруді 1946-1972 жылдары үш рет ресми жоспарлаған халықаралық сионизмнің торына шырмалған Ельцин мен Горбачев тобы қожайындарының тапсырмасын орындап, сатқындық жасап тынды. Сатқындықтары қалайша, қаншаға бағаланды екен?!.
М.Горбачев 1999-жылы Стамбулдағы «Америка университетінде» сөйлеген сөзінде былай депті (үзінді):
«Менің өмір бойғы мақсатым – адамды аяушылығы жоқ коммунизмді құрту болды. (Құрылмаған коммунизмде «адамды аяушылық жоқ» екенін білгені, оны құртуды армандағаны «ғажап данышпандық, ә?!. – Ғ.Қ.). Бұлай істеу керектігін менен бұрын түсіне білген әйелім мені толық қолдады. Мен мақсатыма жету жолымда елге және партияға қызмет етудегі барлық мүмкіндігімді пайдаландым. Бұл жолда менің біртіндеп көтеріле беруіме, билікке жетуіме әйелім үнемі көместесіп жүрді...
Батыспен танысып, араласа бастаған кезде алдыма қойған мақсаттан айнымауға тиістігімді нық түсіндім. Мақсатымды орындау үшін СОКП мен КСРО басшылығын, сондай-ақ социалистік елдердегі басшылықты түгел өзгертуге міндетті болдым» (М.Бурлаковтың «Билікке жол» кітабынан).
Раиса Васильиевнадай әйел бұйырмаса, таңбалыбас Миша («меченый Михаил». Библиядан) село комбайншысы күйінде қалады екен-ау!
«Горбачев 1993-жылы мамыр айында бейресми сапармен Францияда болғанында КСРО-ны ыдыратуға «сыртқы көмектің» әсері жайындағы сұраққа жауап беріп бақты. Әуелде сырттан әсер болғанын растады да, одан соң «ол объективті әрекет» деді. Ал негізгі әрекет еліміздің ішінде басталғаны бекер емес. Горбачевтың соған сүйенгісі келгенмен, шындықтың шетін шығарып алды, – деп жазған «Фигаро» гәзеті онымен сұхбаттың тақырыбын: «Рональд Рейганның ықпалын мойындау жөн» деп құйтырқылап қойды. «Фигаро» тілшілерінің мәлімдеуінше, Горбачев сол сұхбатында Рейкьявикте Рейганмен кездескен жолы КСРО-ның тағдырын АҚШ-қа тапсырғанын алғаш мойындаған. Онысына мына сөзі куә: «Рейкьявикте шынында драма, үлкен драма болды. Меніңше, Рональд Рейган сияқты күшті тұлға болмаса, ештеңе шешілмес еді... Жоғары деңгейдегі ол кездесуде, білесіздер ме, біз тым алысқа кетіп қалдық та, қайтуға шамамыз жетпеді» (А. Шутовтың «Ресей тарихтың диірменінде» кітабынан).
Горбачев СОКП Орталық комитетінің бас хатшысы болған 5 жыл ішінде ресми, бейресми жағдайда Р.Рейганмен 11 рет, Д.Бушпен 6 рет кездесіпті.
«...Біз бір күні Совет Одағының басшысы (К.Черненко, – Ғ.Қ.) көп ұзамай қайтыс болады деген анық ақпарат алдық та, оның орнына біздің уысымыздан шықпайтын кісіні отырғызуды ойластырдық. Менің сарапшыларым іске кірісті (мен Совет Одағын зерттеушілерді сұрыптап алғанмын, ол топ бізге керек мамандық иелерінің Совет Одағынан кетуіне жол ашумен де шұғылдануға тиіс болды).
Сарапшылар Михаил Горбачевті таңдады. Олардың тұжырымынша, Горбачев алаөкпе, еліктегіш және лауазымқұмар. Советтік саясатшылардың көбімен қарым-қатнасы тәуір. Демек, біздің көмегімізбен билікке ие болса, бізден теріс кетпейді.
Сарапшылар Ресейдің «Халық майданы» басшылығына Борис Ельцинді ұсыну, сөйтіп, оны Ресей республикасының Жоғарғы Советі құрамына енгізу, содан соң төрағасы етіп сайлау (Совет Одағының басшысы Михаил Горбачевқа қарсы ұстау) жөнінде біраз айтысыпты. Көпшілік оның бұрынғы қызметтерін, мінез-құлқын жаратпай, қарсы болыпты. Әйтсе де, ақырында келісім тауып, Ельцинді «көтеріп жіберуді» ұйғарыпты.
Сонымен, Ельцин Ресей Жоғарғы Советінің төрағалығына сайланды да, Ресейдің тәуелсіздігі жайындағы мәлімдемесі дереу жарияланды. Кезінде Совет Одағының ұйтқысы болған Ресей кімнен тәуелсіздік алмақ? Оның дербестенгені Совет Одағының ыдырауы басталғаны болды (Англияның премьер-министрі Маргарет Тэтчердің 1991-жылы қарашада Хьюстонда (АҚШ) жасаған «Совет Одағы ыдырайды!» баяндамасынан).
АҚШ президенті Д.Буш бірде фото-суреттегі Горбачевті саусағымен түртіп көрсетіп: «Міне, бізге керек – осы!» депті...
Нью-Йорктың Парк-Ист синагогының бас раввині Артур Шнайдер «Дүние жүзі еврейлерінің қауымдастығына сіңірген еңбегі үшін» Горбачевқа 1990 жылы 1-маусымда «Давидтің алтыбұрышты хрусталь жұлдызын» тапсырып тұрып: «Сіз жариялылық пен қайтақұруды бастап, дүниежүзілік саяси оқиғаларды біздің бағытқа бұрдыңыз» деген.
АҚШ бас болып жасалған «Гарвард жобасында» (1961 ж.) жариялылық пен қайтақұрудың қалай басталуы, жүргізілуі 3 том болып әзірленген (1946-жылдан дайындалып), Горбачевтың Жариялылығы мен қайтақұруы – соның іске асырылғаны.
1975 жылы 30-сессиясында сионизмді айыптап, оны фашизмнің бір түрі деп шешім шығарған Біріккен Ұлттар Ұйымы, Горбачевтың талабымен (талапты сионистер қауымы қойдырған, орындатқан болар) 1991-жылы 16-желтоқсанда ол шешімінің күшін жойды. Сол «адал қызметі және КСРО-ны ыдыратқаны үшін» Дүние жүзі еврейлерінің қауымдастығы Горбачевқа арнайы «Горбачев қорын» ашып берген.
Горбачевтың БҰҰ-на сөзі өткенінің және мұншама құрмет-қамқорлық көруінің негізгі себебі атасының аты-жөні Андрей Моисеевич болғандығы шығар?!
Ал КСРО-ның «тарих диірменіне түсерін» И.Сталин былайша айтыпты (түпнұсқадан үзінді):
«...Многие дела нашей партии и народа будут извращены и оплеваны прежде всего за рубежом, да и в нашей стране тоже. Сионизм, рвущийся к мировому господству, будет жестоко мстить нам за наши успехи и достижения. Он все еще рассматривает Россию как варварскую страну, как сырьевой придаток. И мое имя тоже будет оболгано, оклеветано. Мне припишут множество злодеяний.
Мировой сионизм всеми силами будет стремиться уничтожить наш Союз, чтобы Россия больше никогда не могла подняться. Сила СССР – в дружбе народов. Острые борьбы будет направлено прежде всего на разрыв этой дружбы, на отрыв окраин от России. В целом в будущем развитие пойдет более сложными и даже бешеными путями, повороты будут предельно крутыми. Дело идет к тому, что особенно взбудоражится Восток. Возникнут острые противоречия с Западом.
С особой силой поднимет голову национализм. Он на какое-то время придавит интернационализм и патриотизм, только на какое-то время.
Возникнут национальные группы внутри наций и конфликты. Появится много вождей-пигмеев, предателей внутри своих наций...» (М.Труш, «Беседа И.Сталина с А.Коллонтай. 1939 г.»).
...Сонымен, біз де Тәуелсіздігіміздің туын алақайлап көтеріп, демократияның даңғыл жолына түскенімізді мәз бола айтып, шалқи бастадық. Жолымызда кедергі болмауын тез ойлай білген жаңа өкімет пен үкімет Жекешелендіру (приватизация) туралы қаулы қабылдады. Яғни бұрында «мемлекетке масыл болғанның» бәрі: колхоз-совхоз, зауыт-фабрик, комбинат... енді жекеменшікке айналады. Қолма-қол сатылады, немесе несиеге беріледі.
«Өміршең» қаулы бас-аяғы бес-алты жылда іске асырылды. Әуелгі «тойымыз» ауыл шаруашылығымызды реформалау болды («реформа» – латынтекті сөз, қазақшасы: «түбегейлі өзгерту, жаңарту»).
1980 жылы-ау деймін, КСРО басшысы Л.Брежнев Алматыға келіп, үлкен жиын алдында сөйлеп тұрып: «Қазақстанда қазірде 33 миллион қой бар екен, Димаш Ахметович, алдағы он жылда 50 миллионға жетеді деп ойлаймын» дегенінде Лекеңнің ежелгі досы, біздің басшымыз Д.Қонаев қол соға құптап: «Жетеді, Леонид Ильич, жеткіземіз!» деген. 1990-жылы 36,2 миллионға жеткен сол қой да «түбегейлі өзгеріс» астаң-кестең еткен ұжымшар мен кеңшардың басқа мүліктерімен бірге бөліске түсіп кете барды. Олай болмаса, бүгінде қайда, кімдерде?
Ауыл қазақтың азық-түлік қоймасы емес, алтын бесігі еді, сол бесік аударылды. Кеңестік дәуірде: «Қаладан – ауылға!»; «Қала мен ауылды қатар дамытайық!» деген бағыт болды. Облыстық гәзет редакциясының журналшысы кезімде сол игі ниетті қолдаған мақалалар жазылуына атсалысқандардың бірі болдым. Ауыл-село тіршілігіне қажеттінің бәрімен қамтамасыз етіліп, жан-жақты дамыды.
Өмір өзгерді. Кеңестік дәуірде түтіні түзу шығып тұрған 2 мыңнан астам ауыл-селодан жаңа заманның анау «тарихи реформасынан» соң 2 жүздейі қалып еді, 30 жылда олар да азайып, берекелері кетіп, алыстағыны түгендемегенде, Алматы мен Астана маңындағы бірнеше ауыл-село бүгінде электр жарығына, газға, қылаяғы ауызсуға жарымай отыр.
Би-аға, Бейімбет Майлин: «Көркейсе ауыл – көркейеміз бәріміз!» деген ғой. Біздің билік болса, өзі аздырып-тоздырған «ауыл шаруашылығын қалпына келтіру керек» деп, қайсысы ойланғанын кім білсін, соңғы он жылда үш қаулы қабылдап, мемлекет бюджетінен жүздеген миллиард теңге бөлді. Нәтижесі қандай болды? Айтып бере алар ауыз жоқ.
Айхой Тәуелсіздіктің 30 жылы!..
Мен экономика ғылымының білгірі емеспін. Дегенмен, оқыған, естіген, көрген жәйттерімді ортаға салып байқайын.
«Көсемдердің» 2-3 суретінсіз шықпайтын күнделікті гәзеттерді шолғанымда атақты да, беймәлім де авторлардың жарыса сыпыра мақтау-мақтанулары үздіксіз жарияланатынын көріп келемін. Олардың жазуына, айтуына сенер болсаң: елдің тірлігінде алаңдарлық ешбір ауыртпалық жоқ, экономикамыз жыл сайын еселене нығайып, мәдениетіміз мәуелеп, демократиямыз дамып, адам құқымыз қылаусыз сақталып, айтып-айтпай не керек, «...Бүгінде азаматтық қоғамды қалыптастырған Қазақстан бүкіл әлемді қызықтырып, таңдандырып, үлгі-өнеге болып тұр. Әлемдік экономиканың ғұламалары «Қазақстандық дамудың кодын білуге құлшынулы» (Мырзатай Жолдасбеков. «Егемен Қазақстан» гәзеті).
Демек, біз коммунизмдеміз.
«...В Казахстане построена успешная современная экономика, основанная на рыночных принципах и названная в мире «Моделью Назарбаева» (Олжас Сулейменов, Газета «Свобода слова»).
Әлем бұл «тарихи хабарды» бірінші рет Олжас Сүлейменовтен естіген шығар.
Енді осы «екі сипаттамаға сай» цифрлар сөйлесін:
1994-жыл. 1 кило еттің бағасы 7,4 теңге; 1 литр сүт – 1,5 теңге; 1 бөлке нан – 53-58 тиын (қалып түрлеріне қарай).
2021-жыл. 1 кило еттің бағасы 3500-4000 теңге; 1 литр сүт – 280-300 теңге; 1 бөлке нан – 180-320 теңге.
Киім-кешектің, дүние-мүліктің, пәтерақының, электр қуатының жыл сайын қымбаттауы – өз алдына «хикаят».
Бәрінің бағасын жинақтап, орта есепке айналдырғанда бұл мерзімде (27 жылда) жалпы баға 78 есе өскен. «Арзандады» деген сөзді ұмыттық, еститініміз – «қымбаттады».
1994-жылы 1 доллар – 4,5 теңге болса, бүгінде – 430 теңге.
Билік жүйесіндегі шенеуніктер мен қатардағы қызметкерлердің айлық ақысын салыстырсақ, біріншілер тау басында тайраңдап жүр де, екіншілер етегінде сүрініп-қабынып жүр.
Мәселен, Түркістан облысының әкімі Ө.Шүкеевтің айлық жалақысы 2 миллион теңге екені жақында баспасөзден мәлім болды. Ол – 20-30 мұғалімнің, немесе соншама дәрігердің айлықақысы! Облыстық әкімдіктердің, министрліктердің басшылары, парламент депутаттары қанша айлық алатындарын осы тұрғыдан шамаласақ, бірдің сорып, мыңның сорылуда екені көрінеді.
Бүгінде елдегі жұмыссыз адамдардың саны – 455 мың (ресми дерек).
Қазақстанның сыртқа қарызы 160 миллиард доллар (ресми дерек).
Бізде 100-ден астам миллионер, 20 шақты миллиардер бар көрінеді. Бірнешеуінің шет елдерде миллиондаған долларға сатып алған бау-бақшалы үйлері бар екен. Интернетте, мысалы, «Азаттық радиосы» сайтында, Н.Назарбаев әулетінің оннан астам сәулетті сарайларының суреттері тұр, бағалары жазулы, әрине, миллиондаған доллар.
Міне, «Қазақстан экономикасының коды», «модель Назарбаева» осындай.
Ең қысқа да нұсқа түйін: 30 жыл бойы халықтың не үстіңдегі киімі, не алдыңдағы асы арзандамаған, керісінше, үнемі қымбаттаған Қазақстанда экономикалық даму болды деу – далбаса сөз, мәнсіз мақтан!
«Тәуелсіздік» деген тәтті сөздің билікке тәтті, халыққа қышқыл болғаны өте өкінішті!
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ,
журналшы-жазушы.
6. 12. 2021 ж
Пікір қалдыру