Жылдың аяқталуына үш ай уақыт қалды. Осы уақыт аралығында 98,5 пайыздық өсім 101,5 пайызға жетуі тиіс. Бұл туралы Қамшы порталы Айқынға сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі кәсіпкерлермен, шетелдік инвесторлармен кездесіп, оларға жұмыс орнын сақтап, жалақыны уақтылы төлеуді тапсырды.
Әлемдік экономиканың басына төнген қиындық Ақтөбе өндірісіне кері әсерін тигізе бастады. Әсіресе, тау-кен, мұнай, металлургия саласында өнім өндіру көлемі азайды. «Экономикалық дағдарыс Қазақстанның, оның ішінде біздің облысымыздың экономикасына кері әсерін тигізіп жатыр. Бірақ Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың берген тапсырмасы бар. Қандай да бір қиындықтар болмасан, біз экономиканың даму қарқынын төмендетпеуіміз керек. Сондықтан барлық резервті, мүмкіндікті қарап, талдап, облыс экономикасының дамуына үлес қосуымыз қажет. Жүйелі жұмыс нәтижесінде, өңірдің экономикалық өсімі тежелмейді» деді
Б.Сапарбаев. Оның айтуынша, үш айды жақсы пайдаланып, әр мекеме, шаруашылық, өндіріс басшысы талдау жасап, даму жолын қарастыру маңызды.
Биылғы жылдың 8 айында өндіріс өндірісі 612 миллиард теңге болып, 98,5 пайызды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,4 пайызға аз. Тау-кен, мұнай, мұнай саласына қажетті техникалық қызмет көрсету, хром, мыс, темір кенінің өндіру бәсеңдеді. «Алдын ала жасалған жоспар бойынша, жыл соңына дейін 6,7 миллион тонна мұнай өндіріледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 600 мың тоннаға аз. Әсіресе, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ мен «Қазахойл» ЖШС мұнай өндірісін баяулатты. Ал «Қазхром» ТҰК» АҚ биыл хром кенін өндіруді 45 мың тоннаға, хром қосындыларын 266 мың тоннаға дейін қысқарады. Темір кенін өндіру индексі 20 пайыз ғана болды. Мыс өндірісі 840 мың тоннаға азайды. Мұнай бұрғылау жұмыстарын «Ұлы Қабырға», «Востокнефть», «Сэнапек» ЖШС азайтты. Мұның бәрі өңірдің дамуын тежеп тұр. Бірақ біз Үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламалары арқылы 2014 жылғы межені сақтап қаламыз. Әсіресе, Ақтөбе рельс-арқалық зауыты мен Ақтөбе ферроқорытпа зауытының іске қосылуы экономиканың өсуіне жақсы әсер етіп отыр» деді ол. Ал газ өндірісі өңірде 45 пайызға артты. Енді азық-түлік өндірісі дамуы мүмкін деген болжам бар. Ұн және ұн өнімдерін, сүт және сүт өнімдерін шығаратын шаруашылықтар көршілес елге тауар тасымалдауды жоспарлап отыр.
Мұнан өзге басқосуда кәсіпкерлердің ғана емес, қарапайым жұмысшылардың ертеңгі өмірі сөз болды. Себебі жұмысшыларына уақытылы еңбекақы төлей алмай отырғандар мен реті келсе қол астындағы қызметкерлер санын қысқартуға дайын тұратын кәсіпкерлер келді. Бұған дейін 200-ден астам адамды жұмыстан босатқан «Ұлы Қабырға» ЖШС тағы 295 адамды қысқартуға шешім қабылдағанын хабарлады. «Қазан айында қысқартамыз» деп кесіп айтқан басшы облыс әкімінің «жұмысшылар қайда барады», «олардың ертеңгі өмірі не болады» деген сұрағына мүлде жауап бере алмады. Тіпті жеке кабинетте айтамын деп қайта-қайта тура жауаптан жалтарды. «Қытайда келісімшартты орындамаған адамдарға қандай жаза болатынын білесің бе?» деген өңір басшысы жұмысшылардың өмірін ойлауды тапсырды.
«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директоры іссапарда жүр. Сондықтан бұл жиынға келмеді. Есесіне даму мен атқарылып жатқан істер жайын бас директордың орынбасары Тақталифум Есенғұлов баяндады. Оның айтуынша, қазір бұл ірі компанияда 6600-ден астам жұмысшы бар. Оның 115-і қытайлық маман. Биыл мұнай өндіру көлемі азайғанымен, газ өндіру 1 миллиард текше метрге дейін артқан. Бұл компанияда қазақстандық үлес – 30 пайыз. «Қазақстандық үлесті арттыру керек. Шағын және орта бизнесті дамытуға сол кезде компания септігін тигізеді. 30 пайыз деген өте аз. Ал қазіргі мұнай бағасы қанша?» деді облыс әкімі. Бірақ бұл сұраққа бас директордың орынбасары Тақталифум Есенғұлов жауап бере алмады.
– Мұнай бағасы төмендегендіктен, өндірістің жағдайы қиын деген бос сөз. Менеджменті жақсы компания мұнайдың баррелі 30 долларға түссе де пайда таба алады. Ал біздің кәсіпкерлер үшін мұнай құны 60-70 доллардан түспеуі қажет. Бұл болмайды. Жұмысты ұйымдастыру, биылғы жылды емес, келер жылға да үлкен сеніммен кіру жолдарын қарастырамыз, – деді өңір басшысы. Бұл барлық кәсіпкерге айтылған ортақ тапсырма. Тұралап қалмай, өткен жылғы межеге жетуді міндеттеді.
Ал облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова өңірдегі жұмыссыздық пен қысқартулар, кәсіпкерлердің берешегі жайын хабарлады. Биыл жыл басынан бері 1800-ден астам адам жұмыссыз қалған. Ал кәсіпкерлердің қарызы 62 миллион теңгеден асты. Әсіресе, мұнай компанияларының жағдайы қиын. Олар, тіпті үш жақты меморандумды орындай алмай отыр. Айта кетейік, жұмысшыны қысқартуға бел буған компания екі ай бұрын әкімдікке хабарлауы тиіс. Себебі жұмыссыз қалған адамдарды мемлекеттік бағдарламалар арқылы қайта оқыту, көмек беру тетіктері қарастырылады.
Пікір қалдыру