Еуразиялық концепция бастапқы кезден-ақ өзінің империяшыл сипатымен көзге түсті. Негізгі идеяны қағып алып, дамытқандар Ресей саяси элитасы болды. Ресей басшысы В.Путин сол Еуразиялық концепцияның жүзеге асырушысы болса, ал, оның идеологы Дугин секілді антиатлантист зиялылар. Жалпы, Еуразиялық концепцияның негізгі белгілері: антиатлантизм секілді батысқа қарсы көзқарастар, Ресейдің оқшау дамуды көздеуі, Батыс пен Еуразияны қас субъекті ретінде көрсетуі және басқаларды өздеріне қосып алып, империяның сойылын соғуы керек деген идеялар. Мұндай концепция Сталиннің кезінде де бар болатын, содан кейін бұл идеяны дамытушы идеологтардың бірі Гумилев болды. Өкініштісі сол, біздің үлкен Еуразиялық университет антиатлантист, ресейшіл Гумилевтің атында екендігі. Бұл өте таңғалатын құбылыс. Мүмкін, сол кезде, яғни, 90 жылдары өзекті болып, еліміздің тұтастығын сақтау үшін керек те болған шығар. Бірақ, дәл қазір артықтау, өйткені, ол Қазақстанның имиджін бұзады. Тағы бір айта кетерлік жайт, Еуразиялық концепцияға және оның бастамасы – Кеден Одағына АҚШ қарсы.Тіпті, бірнеше рет ескертпелер де жасады. Қазір АҚШ және Еуропа Ресей банктеріне қарсы бірқатар шаралар қолданып жатыр. Бірте-бірте Ресейге жұмсақ түрдегі санкциялар, шектеулер қоюда. Украинадағы жағдайларда да Батыс өзінің белсенділігін көрсетіп отыруы бекер емес. Менің ойымша, егер біз Еуразиялық проектке толығымен кіретін болсақ, біздің экономикалық дамуымызға геосаяси шектеулер қойылады. Бұл бізге үлкен қиындық туғызады. Өйткені, Еуразиялық проекттердің геосаяси және геоэкономикалық болашағы өте бұлыңғыр. Алғашқы кезде Еуразиялық идеяға қарсы пікір айтқандарға наразы болып, қысым жасап, жұмыстан шығаруға тырысты. Ал, бүгінгі таңда Елбасының өзі бұл проектің практикасы жөнінде министрлерді сынға алуда. Осыған дейін «Еуропаға жол» атты концепция бар болатын. Сол концепцияға сәйкес, Орта Азия мен Еуропа елдері тек экономикалық бағыттарда саяси интеграция жасап және соның ішінде басты рөл Қазақстанға берілуі тиіс еді. Міне, Еуразиялық Одақ тиімсіздігін көргеннен кейін, «Еуропаға жол» концепциясы қайта жандануы мүмкін. Астана оны ұмытпай, оның жан-жақты, тиімді идеяларын қайтадан жаңғыртуы керек. Бұл біз үшін перспектива және Елбасының өзі бұл идеяны қолдайды. Менің пікірімше, Қазақстанның түпкі мақсаты Еуропалық Одақ пен НАТО болуы қажет. Жалпы, ұлтжанды азаматтар, мемлекетшілдер де сол бағытты қолдауы керек. Соңғы кездерде еліміздің Ресеймен қатынастары күрделенді. Қарапайым оқиғаларға байланысты шиеленістер туындап жатыр. Бұл бастама ғана болуы мүмкін. Біздің Ресеймен қатынасымыз ары қарай шиеленісуі мүмкін. Елбасымыз Н.Назарбаевтың В.Путинге Кедендік Одақ тек экономикалық байланыстармен шектелсін, құқықтық негізді сақтайық дегендей ескертпелер жасауы тегін емес. Біздің экономикалық саясатта жіберген үлкен қателігіміз Дүниежүзілік сауда ұйымына кірмегеніміз. Егер, осы ұйымға кірер болсақ, Кеден Одағы бізге түкке де жарамай қалатын еді. Жылда келесі жылы кіреміз деген оймен келе жатырмыз. Және біраз қарқыннан айырылдық. Осындай жағдайларды көріп-біліп отырып, қазіргі таңда еліміз геосаяси, идеологиялық, геоэкономикалық тұрғыдан алғанда тығырықта тұр деген қорытынды жасауға болады. Дайындаған Жания Абдібек
Qamshy.kz
Пікір қалдыру