Осы күндері журналистік білім беру мәселесі әртүрлі жиналыстарда жиі айтылып жүр. Және журналистика саласының мамандарын дайындау мәселесіне әлем тәжірибесін мысалға ала отырып келуіміз, біздің ой-өрісіміздің кеңейгендігін көрсетеді, тәжірибе алмасуымыздың жаңа белестерге көтерілуіне игі әсер етеді. Өткен жылдың ақпан айында Познань қаласында өткен халықаралық конференцияға практик-журналист ретінде біз де қатысқан едік. Университеттер арасындағы тығыз байланыстың нәтижесінде бірнеше оқытушы қатысуға мүмкіндік алды. Мұндағы айтпағым, оқып, естігеннен гөрі, сол оқығаныңды көзбен көріп, жаңалығын айтып келген жақсы. Сол көрген-түйгенімізді журналистика ғылымын өрістетуге үлес қосатындай ортақ қазынаға айналдыра білгеніміз дұрыс. Біз барып келгеннен кейін мен «Ана тілі» газетіне бір беттік мақала бердім, Сапарбай Парманқұлов түрлі кездесулер өткізді.
Кезінде, Кеңес дәуірінде жоғарғы партия мектебінде журналистика факультеттері жұмыс істеген. Сонда кадрларды даярлап, жергілікті аймақтарға жолдамамен жіберіп отырған. Менің жиі айтып жүрген ұсынысым — мамандықты жетілдіру институтын ашу мәселесі осыдан келіп шығады. Өйткені, заман басқа, кешегі өлшем бүгінгі өлшем бола алмайды. Бүгінгі электронды ақпарат ғасырында интернет-сайттар жедел жұмыс істеуде. Дәстүрлі басылымдардан біз кетпейміз, бірақ, заман талабы — ғаламдық ақпараттық кеңістікке ілесіп, содан Қазақстандық журналистиканың өзіндік орнын айқындау үшін жаһандық ақпараттық көмейінде жұтылып кетпей, өзіміздің үнімізді білдіріп отыруымыз керек. Қазір «Қазақ газеттері» ЖШС-на қарайтын басылымдардың барлығының жеке сайты бар, Бас редакторлардың блогтары бар, әлеуметтік желі жұмыс істейді. Мәселен, күн сайын «Ана тілі» газетіне 2-3 мың оқырман кіреді, әлемнің кез-келген нүктесінен біздің басылымдарды оқып, пікір білдірушілер бар. Тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Сондықтан, осындай жеделдікке ілесетін бүгіннің журналистерін дайындау теорияшы ретінде сіздердің және практик ретінде біздің парызымыз. Бұл мәселенің қозғалуы өте өзекті. Журналистика ғылым емес деген пікірмен келіспеймін. Профессор Т.Амандосов журналистиканың бүкіл жанрларын зерттеп, талдап берді. Ал, осы мәселені ары қарай жалғастыру бүгінгі күннің еншісінде. Сондықтан, талдамалы материалдар жазатын ғалымдар керек. Аттестациялық комиссияға ма, әлде Білім және ғылым министрлігіне жіберіп, журналистиканың өз алдына ғылым екенін, зерттеу объектілері, проблемалары бар екендігін айту қажет. Қазіргі журналистикадағы үлкен мәселе, аудандық газеттерде мамандар тапшы. Бұрыннан айтылып келе жатыр, қазір тағы да айтылуда, журналистика факультетінің жанынан біліктілікті жетілдіру институты сияқты мекеме ашып, мерзімді дайындау курстарын өткізу керек. Бұған қазынадан қаржы бөлінсе. Басқа мамандықтардың білім жетілдіру институттары болғанда, журналистерге арнап неге ашпасқа? Жергілікті басылымдарға әдебиетші, тіл маманы немесе тіпті, журналистикаға қатысы жоқ мамандар жазып жүр. Сондықтан да, заманауи журналистика жаңалықтарды олардың бойына сіңіретіндей дәрістер оқылып, біліктілігін арттырғаны туралы куәлік берілсе. Шындап келгенде журналистердің санатын, яғни, категориясын белгілеу керек. Бізде әлі күнге дейін ол жоқ. Бас редактор, орынбасары, жауапты хатшы, тілші, т.б. деп қызметі кете береді. Бірақ, бұл санат емес. Егер, категориямен жұмыс істейтін болса, қарапайым журналисті де редактордың деңгейіндегі қызметтерді атқара алатындай дәрежеге жеткізуге болады.
Дайындаған Жания Әбдібек
Qamshy.kz
Пікір қалдыру