Фильм прокатқа шыққан тұста әлдебіреулер интернеттің иірімінде отырып, «Мың балаға» барма, барғызба!» деген ұран көтерді. Айыбы – кинотеатрларда орысша жүріп жатыр екен. Жақында Саша Барон Коэн деген сайқымазақтың «Диктатор» дейтін киносы біздің театрлардан көрсетіле бастады. Енді неге әлгі ұран тастағыштар осы тұста айғайға баспайды деген ой келеді. «Барма! Барғызба!» деп. Бұл біздің мемлекетті келемежге айналдырған, жетістігімізді көрмеген, тарихымызды танымаған адам емес пе еді? Қайта бізді жапан далада жалаңбұт жүретін жұрт ретінде танытпады ма жаһанға? Ұмытып қалсаңыз айтайық, бұл әлемге әйгіленіп кеткен «Борат» фильмінің авторы. Онда Қазақстанды кіл жаман жағынан көрсетеді. Тіпті, анайылығы басым. Айтуға ауыз бармайтын тұстары да бар. Көптеген сырт мемлекеттің халқы осы бір шығармасымақты көріп, біз туралы теріс түсінікте қалғанын қалай жасырамыз? Әрине, одан Қазақстанның абыройы күрт кеміп кетпеген шығар. Дегенмен бізді менсінбейтін, көштен қалған халық санайтын адамның киносы қазақ жеріне жетіп, кинотеатрларынан беріліп, неге табыс табуы керек? «Итің жаман» десе тоңтеріс қалыпқа еніп, «бір атым насыбай» үшін көңілі қалатын ұлттың баласы едік қой. Енді неге бізді масқаралаған адамды төрімізге шығарамыз? Тоқтам салуға болмай ма? «Жөніңмен жүр» деуге шамамыз келмей ме? Тәжікстан мен Түркіменстан «Диктаторға» байкот жариялап, кинотеатрларынан бергізбей тастапты. Олар Бораттың кейіпкері болған жоқ. Дей тұрғанмен жеріне кіргізбеді. Өйткені тәрбиелік мәні терең емес. «Мың балаға» өре түрегелгендер, «Диктаторға» келгенде жұмған аузын ашпайды. Қазақтың әлі қазаққа ғана жете ме сонда? Олай болмаса, неге Боратқа табаныңды жалтырат демейді? «Барма! Барғызба!» деп қасқайып тұрмайды? Жұдырықты жұртыңа көрсетпеу керек. Алашқа аялы алақаныңды тос. Ал басқаны басыңда ойнатпа! Біздің айтқымыз келгені де осы.
Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда.
Пікір қалдыру