Қазақ хандығының 550 жылдығы қазаққа ғана керек екенін аңғардық

/uploads/thumbnail/20170708200408909_small.jpg

Бұған дейін хабарлағанымыздай Қазақ хандығының 550 жылдық мерей тойы 2000 жылдық тарихы бар Тараз қаласында өтіп, елімізден және өзге де алыс-жақын 17 елден 5 мыңға жуық қонақ келді. Той шымылдығын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументті ашумен бастады.  30 метрлік монумент «Тараз –Арена» спорт кешенінің қарсы алдында орналасып, Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек ханның ескерткіші қойылған.

Қазақ елін хандықтың тойымен құттықтап, Елордадан басталып, Тараз қаласында жалғасын тауып жатқан бұл мереке біздің халық үшін, әсіресе келер ұрпақ үшін өте керек екенін айтып өтті.

“Біз бодандық кездерінде жүріп, тәуелсіздік алмай тұрғанда өз тарихымыздан ажырап қалған халықпыз. Біздің тарихымыздың тереңде жатқанын жастарға көрсетпесек, Мәңгілік ел деген идеямыз орындалмайтын болады. Сондықтан осы жылдар ішінде  түрлі тарихымызды жер-жерден іздестіріп, тауып, жинап , жазып есіне түсіріп беріп жатырмыз. Біз кеше ғана ел болған халық емеспіз, Сонау Сақтардан, Ғұндардан, Түрік мелекеттерінен, одан кейін Алтын  Ордадан қалған, Керей мен Жәнібек артына ел ертіп Шудың жағасында ту көтерген шақта қазақ деген сөз сол кезде шыққан. Біз соны бүкіл дүние жүзіне паш етуіміз керек ”-, деді Елбасы.

Хандықтың тойында өзге шаралармен бірге «Баласағүн» орталық концерт залында "Мәңгiлiк Ел" халықаралық ақындар айтысы өтті. Айтысты «Нұр Отан» партиясының төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Құрманғали қазақстандықтарды ұлы мерекемен құттықтап, ақындарға сәттілік тілеумен бастады. Екі күнге жалғасқан айтыс қортындысы бойынша бірінші орын алматылық ақын Болатбек Оразбеков пен керекулік Аспанбек Шұғатаевтың қанжығасына байланып, әрқайсысы 2,5 миллион теңгеден иеленді. Екінші орынның 2 миллиондық жүлдесін астаналық Иранғайып Күзенбаев жеңіп алса, Үшінші орынды астаналық Мейірбек Сұлтанхан мен қостанайлық Айбек Қалиев иеленіп, әрқайсысына 650 мың теңгеден бұйырды.
 

 Тараз қалалық "Атшабар" иподромында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Ұлы дала ойындары» атты ат спорт түрлері өтті. Аударыспақ, теңге ілу, садақ ату, көкпар ойындары мен бірге 2 жарым шақырымдық ұшқыр бәйге және 21 шықырымдық аламан бәйгелер болды.  Қазақ хылықы ежелен ат жалымен жағаласып, осынау даланы тұлпардың тұяғының түбірімен қорғап қалғанбыз ғой, бұл жолғы ұлы дала ойындары да ұлттық рухымызды бір көтеріп тастады.

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шараның тағы бірі қазақ күресі бойынша "Еуразия Барысы" халықаралық турнирі болды. "Тараз-Арена" спорт сарайында Қазақстан, Түркия, Моңғолиядан, Қырғызстан, Өзбекстан, Грузия, Польша, Ресей қатарлы 8 елдің командасы күш сынады. Халықаралық "Еуразия Барысы" турнирінің телевизиялық нұсқасы әлемнің 126 еліне таратылды.  

Ақтық сынға Қазақстан мен Өзбекстан құрама командалары шықты. Біздің жігіттер көршімізді 5:2 есебімен бағындырып турнирдің жеңімпазы болып, 9,4 миллион теңгені өз елімізде алып қалды. 5,64 миллион теңгелік 2- орынды Өзбекстан командасы иеленсе, 3- орын алған Грузия палуандарына 3,76 миллион теңге бұйырды.

Бұл тойдағы ең бір есте қаларлық шара М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының  «Қилы жол» қойлымы болғанын бұған дейін жазғанбыз. Ұлттық рух пен жігер беретін тарихи қойлым туралы келесі сілтемеден оқуларыңызға болады(http://qamshy.kz/home/show/2106).

2000 жылдық Тараз қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай "Көне Тараз" архелогиялық паркі мен музейінің ашылу салтанаты өтті. Мұнда қазба жұмыстары барысында табылған тарихи жәдігерлер, заттай деректер қойылып, көрушілерге ғасырлар қойынауынан сыр шертеді.  "Көне Тараз" Тараздың тарихын ұлттық құндылыққа айналдырып, жаңа Тараз қаласы орталығының өзіндік келбетін қалыптастырып, халықаралық деңгейлерде туризм  орталығына айналады деп күтілуде.

Тараздағы Тұңғыш Президент саябағында «Қазақ әлемі» тарихи-этнографиялық шаралары ашылып, Қазақ билеушілері ордаларының тарихи композициясы тігіліп, сондай-ақ балалардың этнографиялық алаңқайы ашылады. Театрландырылған қойылымдар және сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі өтеді. Кигіз үйлердің алдында бүркіті мен тазысын ертіп ағаларымыз, Қымызы мен шұбатын сапырып апаларымыз отырды. 

Бұдан да басқа екі күн бойы жалғасқан тойда түрлі конферанциялар өтіп, мерекелік концерттер қойылды. Елдіктің тойын ел болып бірге өткізді. Той Таразда өткен соң, бұл тойды тек Тараз қаласы өткізді деп ойлайтын боларсыздар, Тараз қаласының әкімшілігі ұйымдастырушылық еткені болмаса, басқа өңірлер елдің тойынан аянып қалған жоқ. Айтыс пен ат ойындары «Нұр Отан» париясы қолдауымен өтсе, басқа шаралар мен қаланың тойға дайындық жұмыстарын әр облыс өз мойынына алып көмектерін аямаған. Қандай да бір нәрсе болсын кемшіліксіз болмайды ғой. Тойда да ұйымдастырушылық жағынан кемшіліктер болды, тіпті қалада келген қонақтарға қонақ үйлердің жетіспеушілігі де болып, жер-жерден барған журналисттер Алматыдан арнайы апарған вагондардың ішінде жатуына тура келді. Бірақ, елдіктің тойы үшін мұндай аз-кем олқылықтарға  көз жұмуға тура келеді екен.

ойдың соңын баспасөз мәслихатымен тамамдадық, тойдың өту барысынан түрлі сұрақтарға жауаптарымызды алдық. Бұл тойда өзге де хандарға не сый жасалды деген сұрағымызға; «Қазақ хандарының шежіресін шығардық, Қазақ хандығының тойын алғаш өткізіп отырмыз, хандарымызға көрсетер сыйларымыз әлі алда»,- деген жауап алсақ, мемлекеттігімізді мойындамаған елдерден арнайы қонақтар шақырылды ма деген сұрағымызға Жамбыл обылысының ішкі саясат бөлімінің өкілі «Ондай елдерден арнайы билік өкілдерінің адамдары келмеді, десе де, журналистер қауымы соларға жеткізеді. Ресейдің өзінен 12 журналист келді, кешеден бері бәрін жеткізіп жатыр»,-  деді.

Міне осылай көптен күткен Қазақ хандығының 550 жылдығы да өз мәресіне жетті. Кімнің назарын аударып, кімге не жеткізгенімізді білмеймін, еліміздің іші-сыртынан барған барша журналистер жан-жаққа «жеткізе» жатар. Ең бір өкініштісі Қазақта мемлекет болмаған деген бәз біреулер келіп өз көзімен Қазақтың мемлекеттілігінің тарихы ұзақта жатқанын көре алмады. Соларды Елбасы ертіп жүріп, «Көне Таразды» аралап 2000  жылдық тарихымыздың құнды деректерін көзге шұқып көрсетіп, «Қилы жол» қойлымын бірге тамашалап қазақтардың айбынын бір көрсеткенде ғой. 2 сағат кешігіп келген Елбасымыз 10 минут уақытын әрең бөлгенде, біз Путинге қалай өкпелей аламыз?.. Тіпті Елбасының жанынан үкіметтің адамдарын да таба алмай қалдық қой... Соған қарағада Қазақтың хандығының тойы тек қарапайым қазаққа керек екен. Сол қарапайым қазақтардың арқасында ел болып осы бір елеулі тойды атқара білгенімізге Аллаға мың шүкір дейміз..

 

Тұрдыбек Құрметхан

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар