Кейінгі кездері тамырын тереңге жайып, жаһанда атағы мәшһүр болып жүрген спорттың түрі – ережесіз жекпе-жек. Тармағы тараптанып сан қилы бөлімдерге де бөлініп үлгерген. М-1,ММА, UFS, Алтыбұрыш, Сегізбұрыш тағысын тағылары.
Аталған спорт түріне алты ай бойы аттан түспеген баһадүр бабаның бүгінгі ұрпағы, қазақтан шыққан спортшылардың үлесі бар ма? Әлбетте бар. Көштен қалар күйіміз жоқ. Әсіресе, сәтті де шытырманға толы төбелестің көкесін «Алаш Прайд» командасы көрсетіп жүр бүгінде. Ауыз толтырып айтар жетістігіміз де жетерлік. Күні кеше ғана отандасымыз Ермек әл-Асад Тлауов ММА-ден PRIME SELECTION тармағы бойынша әлем чемпионы болып оралды. Краснодар қаласында өткен байқаудан чемпиондық белбеумен оралған отандасымыздан алғашқы болып сұхбат алу мәртебесі «Қамшы» порталына бұйырды дегенді қуана жеткіземіз. Қысқа да нұсқа, қызығы мен шыжығына толы әңгімемізді назарларыңызға ұсынамыз. Сұқбатты бастамас бұрын бір ауыз кіріспе айтсақ. Ермек Тлауовпен жүзбе-жүз кездескендегі әсер ерекше болды. ММА-ден чемпион болу оңай дүние емес. Бірақ қанша биігіне көтерілсе де Ермектің ақкөңілділігі мен елең мінезі таң қалдырды. Мұны спортшыға қарата айту қиын. Бірақ бұл жігіт аса мейірімді екен. Еш қоспасыз, боямасыз шындық. Ендеше кеттік.
Ермек «әл-Асад» Тлауов: «Жеті жыл бойы спорттан алшақ жүрдім»
- Ереке, армысыз. Жүлделі оралуыңызбен шын жүректен құттықтаймыз. Қанжығаңыз босамасын.
- Рақмет (күліп һәм қысыла сөйледі)
- Ереке, әңгімемізді төтесінен бастасақ. Спортқа қалай келдіңіз?
- Спортқа бала күнімізде келдік, енді. Анықтай кетсем, 14 жасымда күреске қатыстым. Содан 20 жасыма дейін қатысып жүрдім. Ел чемпионы болдым. Бірнеше жарыстарда жүлделі оралып жүрдім. Бірақ кейін жұмыс істеу керек болды, артынша отау құрдым. Сондықтан спорттан кетіп қалуға тура келді.
- Сонда қанша уақтықа тастап кеттіңіз?
- Спортқа келу бар, кету жоқ деген рас екен. Кейін спортты тастап кетсем де, жаным соны қалап жүрді. Ю-туб желісінен ережесіз жекпе-жектерді бақылап жүрдім. Қызығып жүріп 7 жыл уақыттың қалай өтіп кеткенін байқамай қалыппын. Содан, бірде осы өзімді тексерейінші деген ой келді. Содан Астанада әуесқойлар арасындағы ережесіз жекпе-жекке қатысып көрдім. Алғашқы жекпе-жекті уақытынан бұрын аяқтадым.
- Жүріп-жүріп төбелеске араласып кеткеніңізге үйдегі жеңгей қалай қарады? Қарсылық білдіріп, қайтесің дегендей сыңай көрсетпеді ме?
- (бір күліп алды) Жо-жоқ. Ол мені толықтай қолдады. Құдайға шүкір әлі де қолдап келеді.
- Ереке, келесі сұрақ. Біздің білуімізше сіз қазір «Алаш Прайд» құрамында жүрсіз. Егер сіз 7 жыл бойы спортты тастап кетсеңіз, спорттық формаңыз кетті, нобай кетті дегендей. «Алаш Прайд-қа» қалай келдіңіз?
- Жаңа айтып өткендей Ю-туб желісі арқылы «Алаш Прайд» командасының төбелестерін көріп көп қызықтым. Содан бір күні Тараздан Алматыға бірақ тарттым. Жігіттерден «Алаштың» дайындалатын залын сұрап сонда келдім. Содан әуесқойлар арасында 4 төбелес өткізіп, төртеуінде уақытынан бұрын аяқтатдым. Өзімді ММА-да көргім келеді дедім. Алғашында Асхат Ерболатов ағамыз: «Бұл басқа деңгей. Мұнда кәсіпқой күрескерлер ғана жиналады»,- деді. Бірақ дегенімнен қайтпайтынымды көрген соң, кейін жарыстарға шақырамыз деді. Кейін Шымкент қаласындағы бір турнирге шақырды. Алғашында Талдықорғанды бір жігітпен тексеру үшін шығарды. Оны 4-ші секундта теуіп, нокаутқа жібердім. Бапкерлер мұны кездейсоқтық деп кесті ғой деймін. Екінші жекпе-жек жақсы атағы шығып қалған, жұлдыз болып жүрген, АҚШ-та жақсы көрсеткіш көрсетіп жүрген Нариман Мұсаевпен шықтым. Жекпе-жек 6 секундта тоқтады. Тағыда нокаут. Бұл жолы ұрып құлаттым. Содан басталды «Алаш Прайдқа» қосылуым. Артынша «Битва под Москвой» деген жарысқа қатысып жеңіске жеттім.
- Талпынған адамға, арманына сенген адамаға алынбайтын қамал жоқ дейсіз ғой?
- Дәл солай.
- Кәсіпқой мансабыңыздағы рекордыңыз қандай?
- Бүгінге дейін 14 жекпе-жек өткіздім. Соның 12-сін жеңіп, 2 –еуінен жеңілдім.
- Жеңілісті қалай қабылдадыңыз?
- Тік тұрып. Еш мойымадым. Керісінше жаңа мотивация беріп отырды!
- Сіз чемпиондық белдікті алып жатқанда, Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланып жатты...
- Иә, дәл солай. Айта кеткім келетіні мынада, мен жеңісімді Қазақ хандығының 550 жылдығына тарту етемін. Жалпы осы жеңіс жолында қолдау көрсеткен бапкерлеріме, спарринг-серіктестерімізге көп-көп рахмет!
- Риясыз әңгімеңіз үшін алғыс айтсам деп едім.
- Сізге де рақмет!
Аян МЕЙРАШ
Пікір қалдыру