Әлқисса
Қазақтың ең басты «қасіретінің» бірі – оралмандар мәселесі екені анық. Айта-айта ауыздан дуа кетті, ести-ести құлақтың құрыш еті желінді аталған мәселе хақында. Шетелдегі қазақтарды елге шақырып әуреленіп келеміз. Әуреленгенде қалай? Кел дейміз, келген соң, күн көрсетпейміз-міс. Анығын айтқанда ұзақ талқыланатын тақырып. Бірақ әңгіме басқада. Етегімізді жиып, ел болдық деп қандастарымызды шақырып боламыз дегенше, отандастар «гастарбайтерге» айналып жатыр деген тағы бір мәселенің құлағы қылтиды.
Әңгіме турасында сөз қозғайтын болсақ. Кейінгі бір жыл ішінде Ресейде нәпәқасын тауып жүрген қазақстандықтар саны артуда. Орайы келіп тұрғанда айтып қалғанымыз жөн шығар. Осыдан шамамен екі жыл бұрын бір көкеміз Мәскеуге жұмыс сапарымен барып қайтқан. Келген соң шырайы ашылып әңгіме айтты. «Біз қазақ ақсүйек ұлтпыз ғой»,- деп бастады. Қысқасы Мәскеу көшесінде бір өзбек бауырмен әңгімесі жарасыпты. Ол мұнда нәпақасын табу үшін қазақтар келмейді, олар сіз секілді қызметтік сапармен ғана келеді депті ағамызға. «Не деген керемет десеңші?»,- деді маған.
Енді міне араға бар жоғы бір-екі жыл салып аталған мәселеге қайта оралдық. Таяуда ресейлік мамандар елдегі «гасторбайтерлер» турасында статистика мәліметтерін жария етті. Әлгі мәліметке сүйенсек, басқа елге бас сауғалап кеткен қазақстандықтар саны бір жылдың ішінде 20 пайызға өсіп кеткен. Статистика тілінде сөйлесек, дәл қазір Ресей территориясында 1 миллионға жуық қазақстандық нәпақасын тауып жүр екен. Нақтылаққа көшсек тұп-тура 702 938 адам. Оның 412 942-сі ер азамат және 289 996- әйел. Аталаған азаматтардың басым бөлігі 18-29 жас аралығында. Мәлеметті беруші органның дегеніне сүйенсек, бұл статистика ай өткен сайын өсіп отырады екен.
P.S. Жетпегені осы еді бізге. Аяқ-қолы балғадай, тепсе темір үзетін азаматтарды құл етіп, елің мен ұлтыңның ары саналатын азаматшаларды күң ету не масқара? Олардың басқа елде босуына не себеп? Жұмыстың жоқтығы, ақшаның тапшылығы, дағдарыстың әсері... Тағы не деп ақталамыз? Егер жұмыс жоқ болса, босқындарды еліне жіберіңдер де қазақты қойыңдар! Арзанға құл іздеймін деп, арыңды күң, ұрпағыңды бақа-шаян ете салу үшін қандай жүрек керек? Егер мұнша шикізат көзімен бар жоғы 16 миллион қазақстандықты жарыта алмасақ, елдігіміз қайсы?
Сап! Сап! «Қазақтан ұл туса, құл боламын деп, қыз туса, күң боламын деп тумайды!» Қазыбек би!
Аян МЕЙРАШ
Пікір қалдыру