«АЛТЫ АЛАШТЫҢ ОҚУ ОРДАСЫ»: Алматыда Qazbilim ұлттық лицейі ашылды

/image/2023/08/28/crop-21_621_394x700_img_8771.png

Бүгін Алматы қаласында Qazbilim ұлттық лицейі ашылды. Лицейдің ашылу салтанатына 500-ден астам адам қатысып, оқушылар мен мұғалімдер өнер көрсетті. Қазіргі таңда еліміздің 7 өңірінде Qazbilim ұлттық лицейі жұмыс істеп, жаратылыстану бағыты бойынша қазақ тілінде білім беріп келеді. Бір ерекшелігі лицейде домыра шертіп, терме айтуды, шахмат ойнауды үйрететін қосымша үйірмелер де бар.

Жиынның шымылдығы Әнұранмен түріліп, мектеп оқушылары мен мұғалімдерінен құралған топ «Балбырауын» күйін тартты. Ашылу салтанаты кезінде алғашқылардың бірі болып Аятжан Ахметжанұлы сөз алып, ата-аналарға алғысын білдірді.

Стс

«Біз ұлы арманға қанат қаққан баспалдақтың алғашқы сатысында тұрмыз. Қазақ деген халықтың баласына білім нұрын шашу үшін жауапкершілігі ауыр жүкті арқалағалы тұрмыз. Біз ұлттық мектептің керегесін кеңейтіп, сапасын арттырғымыз келеді. Себебі кешегі Мағжан айтады: «Егер мектептеріміз қазақтың жанына жақын болса біз болашақ үшін аянбай серттесе аламыз».

Басты арманымыз – қазақтың жанына жақын мектепті құру. Мұстафа Шоқай «Бала қай тілде білім алса түбі сол ұлтқа қызмет етеді», десе, Жүсіпбек «Орыс тәрбиесін алған бала ұлтқа қызмет қылып жарытпайды», деген сөз қалдырған. Біз ұлтқа қызмет қылатын, қазақты арманына жеткізетін, қазақ арманын орындайтын мектептің негізін қалағымыз келеді. Сол қалаудың бүгін алғашқы сатысында тұрсыздар. Сіздердің қолдап, қуаттап келгендеріңізге, балаларыңыздың білім алуы үшін бізді таңдағандарыңыз үшін шын жүректен басымды иіп алғыс айтамын», – деді Аятжан Ахметжанұлы.

Чтс

Ұлттық лицейдің ашылуымен құттықтап ізгі тілегін білдіргендердің қатарында Qamshy.kz порталының басшысы Біләл Қуаныш, “Егемен Қазақстан” басылымының редакторы Қалмағанбет Мұхамметқали болды.

«Сонау Әлихан Бөкейхандардың заманында «Заман – оқығандікі» деген ұран болған. Кейін 20 ғасырдың ортасында «Заман – жақсы оқығандікі» деген ұран пайда болды. Ал қазір дамыған, технологиялар заманы ғой. Сол себепті бүгінгі күні «заман – дәстүрге лайық ұлттық білім алғандікі», деген ұранға айналып бара жатыр. Себебі жаһандаған әлемде адамды, ұлтты ерекшелейтін бір-ақ нәрсе бар: өзінің төл мәдениеті, тілі, дәстүрі. Қазір бір ерекшеленсек осымен ғана ерекшелене аламыз. Білім саласында ұлттық негізге қадам басуымыз – жақсы үрдіс.Осыдан 6 жыл бұрын Kazbilim атты білім беру орталығының ашылу салтанатында сөз сөйлеп, тілек айтқан едік. Енді сол кішкене оқу орталығы үлкен лицейге айналып отыр. Шын жүректен құтты болсын!», деді «Егемен Қазақстан» газетінің редакторы Қалмағанбет Мұхаметқали.

“Қамшы” порталының жетекшісі Біләл Қуаныш:

– Әдетте ұлттық мектеп десе жұрт ақындар мен әнші, өлеңшілерді дайындайды деп ойлайды. Алайда Аятжан ашқан мектеп жаратылыстану бағытындағы ғылымдарды жаңа заманға лайықтап, бейімдеп, қазақтың бір кем-кетігін түзейтін мамандарды дайындайтын ұлттық мектеп деп ойлаймын. Аятжан мектебіне алты Алаштың баласын жиып жатыр. Болашақта “Аятжанның шәкіртіміз” деп мақтанатын ұрпақ көп болсын болсын, - деп тілегін айтты.

Аятжан Ахметжанұлы жиын барысында өзінің командасымен, яғни, мектеп мұғалімдерін таныстырды. Мұғалімдердің көбі –жастар. Лицейдің негізін қалаушы Аятжан Ахметжанұлы “Жастарда энергия көп. Оларды тәрбиелеуден қорықпаймыз”,- деді.

Тл

Жиында ән айтқан Ұшқын Жамалбек Алматы қаласы маслихатының депутаты Әкім Тұрсұнмен бірге лента қию рәсіміне қатысты. Ашылу салтанатынан кейін ата-аналар сыныптарды аралап, мұғалімдермен танысты.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар