Биыл 17 мамырда Қазақстан үкіметі мен Қытай үкіметі өз азаматтары туралы ақпарат алмасу жөніндегі келісімге келген. Ол келісімді 20 қыркүйекте парламент мәжілісі мақұлдады. Құжат енді сенатқа барады, сенаторлар мақұлдаса, президентке қол қоюға жіберіледі.
Бұл келісім бойынша қос мемлекет азаматтық алған немесе азаматтығын ауыстырған адамдар туралы мәліметті бір-біріне беруге міндетті болады.
Келісімге сәйкес, Қазақстан мен Қытай азаматтардың визасыз келуі, сондай-ақ берілген визалар саны, мемлекеттің азаматтығын қабылдау немесе қалпына келтіруі туралы ақпарат алмасады.
Мемлекеттердің азаматтығына қабылдау мемлекеттердің заңнамасына сәйкес келуі тиіс.
Тараптар осы келісім күшіне енгенге дейін азаматтығын ауыстырған азаматтар туралы мәліметтермен өзара алмасады. Мәліметтер тоқсан сайын беріледі.
Тараптардың құзыретті органдары мұндай мәліметтерді осы келісім күшіне енгеннен кейін 6 (алты) ай ішінде дипломатиялық арналар арқылы жібереді. Азаматтардың тізімдерін алған кезде тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес, адамдардың өзінің бұрынғы азаматтығының болуы не тоқтатылуы туралы ақпаратты 2 (екі) ай ішінде жібереді.
Азаматтарға қатысты келу, болу және кету қағидаларының бұзылғаны туралы ақпаратты екі тарап бір-біріне хабарлайды.
Келісімді іске асыратын құзыретті органдар:
- Қазақстан тарапынан – ҚР ІІМ мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі;
- Қытай тарапынан – ҚХР СІМ және Көші-қон істері жөніндегі мемлекеттік басқармасы.
Азаматтар туралы ақпарат: тегін, атын, әкесінің атын (орыс және латын тілдерінде жазылған), жынысын, туған күнін, туған жерін, азаматтығын, тиісті құжаттың сериясын, нөмірін, берілген күнін, оны берген органды, ұлтын, фотосуретін қамтиды.
Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы тиісті жазбаша хабарламаны екінші тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жіберу жолымен осы келісімнің қолданысын тоқтата алады. Мұндай жағдайда келісімнің қолданысы осындай хабарлама алынған күннен бастап күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен кейін тоқтатылады.
Мәтіндер арасында алшақтық болған жағдайда орыс тіліндегі мәтін басым күшке ие болады.
Қытай басылымдарында көп жыл жұмыс істеген белгілі журналист Қалиакбар Үсемханұлы "Жас Алаш" газетіне берген сұқбатында бұл келісімнің Қазақстанға емес, Қытайға тиімді екенін айтқан екен:
«Бұл заң Қытайға ауадай қажет болып тұр. Ол жақтағы қазақтар егіндік және малшаруашылық жерін үкіметтен 49 жылға көтереге алып, пайдаланып отыр. Осы жаққа көшсе де үкіметтен сол жердің ақшасын алып жүр. Көшіп келген азаматтың қалтасында қаржысы болса, Қазақстан үшін тиімді. Ал қазір Қытай «көшсең, бүкіл жеріңді қайтарып, бәрін тазалап кет» деп отыр. Бұл көшіп келетін қандасқа да, біздің елге де тиімсіз.
Мына келісім күшіне енсе, Қытай Қазақстанға «енді көші-қон визасымен келген адамды ғана азаматтыққа қабылдайсың, ал өзге визамен келгендерге азаматтық берме» деп шарт қояды. Онда Қытайдан келетін көш азаяды, не мүлде тоқтайды. Өйткені бұған дейін және қазір келіп, азаматтық алып жатқан қазақтың бәрі жеке сапар, оқу немесе туристік визамен келген.
Қазақстанға көшіп келген қандастарымыз Қытай үшін тиімсіз ақпараттарды айтып жүр. Олардың Ертісті бұрып алғаны, Орталық Азияны зерттеп жатқаны және Қазақстанға қарата қандай саясат ұстанып отырғаны жайлы мәліметтерді жариялайды. Бұл ақпараттарға Қазақстан билігі құлақ аспағанымен, Қытай үкіметіне ауыр тиіп отыр. Мұндай мәліметтің сыртқа шыққаны Қытай үкіметіне ұнамайды. Сол үшін осындай ақпарат таратып жүрген азаматтарды қудалау үшін де бұл заң керек болуы мүмкін.
Біздің ел Әзербайжан, Беларусь, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Өзбекстанмен осындай келісім жасасыпты. Мысалы, Қарақалпақстанда толқу болған кезде Қазақстандағы қарақалпақ белсенділері наразылық білдіріп еді, өзбек билігінің сұрауымен оларды Қазақстан үкіметі қудалады. Егер кейін Қытайдағы қазақтарға бірдеңе болса, сол жақтан көшіп келген қандастар ештеңе айта алмайды. Бірдеңе айтса, Қытай сол азаматты ұстап, жазалауды сұрайды. Мына келісім оған мүмкіндік береді. Қытай тарапы елге келген қандасқа кез келген айыпты тағуы мүмкін.
Сондай-ақ Қазақстан азаматтығын алса да, Қытай паспортын қидырып, сол елдің тіркеуінен шыға алмай жүрген адам көп. Біздің билік мұны «Қытайдың ішкі ісі» деп отыр. Мәселе Қазақстан азаматына қатысты болса, ол қалай Қытайдың ішкі ісі болады? Оның үстіне, Қытай азаматтығынан шыққаны туралы анықтамаға да сенім жоқ. Бейжің кез келген күні қандастар қолындағы анықтаманың жалған екенін айтып, базадағы бұрынғы азаматтықты тірілте салуы мүмкін. Бұл заңның Қазақстанға қаншалық пайдалы екенін білмедім, бірақ Қытайдан көшіп келген қандастар үшін тиімсіз», – деген екен сарапшы.
Пікір қалдыру