Қазақ Қытайдың күшін жете түсіне ме?

/image/2023/11/08/crop-0_2_281x500_665669_1401432215.jpg

Қазақтың соры орыс пен қытай сияқты алпауыт елдермен көрші болғаны, деп талай данышпан айтқан. Назарбаев кезінен Қытай визасыз режим бер деп даулап келген. Дегеніне биыл жетті. Ресейдің көксегені қазақ жеріне АЭС салу. Оған да жетіп қалды. Путиннің АЭС салуға дайын екенін қазақ жұртына естіртті. «Су ішкен құдығына түкірмейтін» қазақ билігі көңілін жықпады.

Қазақ бір ауызға қарайтын күйге түссе, қытайлар әлемді аузына қаратып отыр. Мұрат Әуезовтің «Соңғы уақытта Қытай халқының ішкі «мені» өсіп келеді. Өзінің қаншалықты алпауыт екенін сезінуі және қаласа, кез-келген мемлекетті тізе бүктіреріне деген сенімі күн өткен сайын күш алуда. Бұл қалай көрініс береді десеңіз, қытайлықтардың бойында өз мемлекетін жер-әлемнің кіндігі санайтын түсінік «тірілуде», дегені көптің есінде болар.

Біздің қазақ Қытайдың күшін жете түсіне ме? Қытайда 1,4 млрд адам тұрады, бұл жер шарындағы адамның 18%-ы. Дүниежүзіндегі экономикалық қуатты екінші мемлекет, Америкаға қарсылас бола алатын бірден бір ел. Bloomberg мәліметінше, Қытай 40 жылда 800 млн адамды кедейліктен шығарған!

Қытай соңғы он жылдан бері Африкаға инвестиция салып келеді. Қытай Африкаға экспансия жүргізіп отыр. АҚШ пен Еуропа енді Атлант темір жолы (Lobito) дәлізі сияқты ірі жобаларымен Қытайды қуып жетуге тырысуда. Қазақстанға да Қытай инвестиция тартуға ыңғайлы, қазаққа жұмыс тауып берер. Бірақ экономикалық инвестицияның артында экспансияның жұмсақ түрі тұрмасына кім кепіл? Компаниялармен бірге Қытай азаматтары көптеп келіп, кейін қазақ жерінде тұрақтап қалмасына тағы да кепілдік жоқ. Олардың басты қиындығы – халық санының көптігі.

Қытайда елші болған Мұрат Әуезов: «Қытайға қазақтың мұнайы да, газы да қажет. Бірақ, Бейжіңге Қазақстанда жүрген қытайдың санын арттыру, көбейту маңыздырақ. Себебі, бұл елдің бас ауруы – халқының көптігі» деген. Оның айтуынша, Қазақстандағы қытайдың саны сіз бен біз ойлағаннан әлдеқайда көп. Қытай мектептерінде «Қазақстан территориясының бір бөлігі «әділетінде Қытайға тиесілі болуы қажет» деп оқытылады екен. Демек, адам санын шектей алмай отырған ел үшін бұл өте қолайлы.

Күшейген Қытай бүгінде біздің елге азаматтарын еркін кіргізіп-шығарады, ал қазақ өз қандасын тарихи отанына қайтаруда «үлкен ағаның» мақұлдауын күтеді. Қытайлықтарға визасыз кіруге рұқсат беретін заң шыққалы бірнеше ай ғана өтті. Бірақ бұл тек елді құлақтандыру үшін жасалған жоба. Ашық талқылауға салынған заң, шындығында бір жыл бұрын пайда болған. Қытай, Үндістан және Иран азаматтарына арналған визасыз режим шекарадан өткеннен кейінгі 14 күнді қамтиды. Режимді Қазақстан 2022 жылғы шілдеде біржақты тәртіппен енгізді. Шарт бойынша, Үндістан, Иран және Қытай азаматтары Қазақстанға іскерлік, жеке және туристік мақсатта келіп, осында бола алады. Қазақстанда болған уақыт әр 180 күндік мерзімде 42 күнтізбелік күннен аспауы тиіс. Бұған дейін Үндістан, Иран және Қытай азаматтары үшін 72 сағаттық визасыз транзиттік режим енгізілген еді.

Қаптап келуі мүмкін қалың қытайға қауіпсіздік беру өз алдына бөлек мәселе. Естеріңізде болса, «намысы қозып» қытайларды ұрған төрт қазақ қатаң жазаға тартылған болатын. Бірақ даудың өзі бір топ қытайдың жабылып жалғыз қазақты күрекпен сабағанынан шыққан. Ақыры қытайлар жәй ғана әкімшілік жазаға тартылып, біздің азаматтар қылмыстық кодекстің ауыр баптарымен сотталды. Тек қазақтың есесі кететіні қынжылтады. Жұмыс бергенімен қытайлық компания қазаққа жарытып жағдай жасамаған. Жалақыда да теңсіздік, қытай 1 млн алса, онымен теңдей жұмыс істеген қазақтарға 100-150 мың теңге төлеген. Сонда қазақ Қытайдан не күтіп отыр?

 

 

 

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар