Қазақ халқының қамшы туралы таным-түсінігі     

/image/2024/02/07/crop-6_54_936x1665_5c8f7aa0b9c93.jpg
Қамшы - ұл болсаң , қолыңда,
Құл болсаң төбенде ойнайды.
                                                 (Біләл Қуаныш)
 
"Қамшы" порталының басшысы Біләл Қуаныш бауырым "Қамшы дәстүрі" туралы мақала жазып беруді өтінді. Сол өтінішке жауап ретінде осы мақаланы жолдадым.

Қамшы – қазақ халқы үшін ат мініп жүруге, қолға ұстап қолдануға, үйге іліп қоюға, сыйға тартуға ғана арналған құрал емес. Қамшы – қазақ халқының қолөнері мен мәдени өміріндегі, ұзақ тарихындағы тұрмыс-тіршілігіндегі рухани дүние танымы мен  материалдық мәдениетіндегі көне мұраға айналған жауһар жәдігері. Қазақ халқының салт пен дәстүрін бойына толық сіңірген атадан балаға, ұрпақтан - ұрпаққа ұласып жеткен құнды құралы, тұтыну бұйымы.
 
Қазақ халқы – "Қамшыда кие болады", " Қамшыда Ие болады ","Қамшыда айбар болады", "Қолына қамшы ұстанған азамат айбарлы көрінеді", "Қамшы ұстаған адамнан жын шайтан қорқады", "Қамшы ілінген үйге жын-жыбыр кірмейді" деп қамшының қасиеті мен киесіне еш күмәнсыз сенеді.
 
Бағы бабалармыз, қамшының сол қасиетін толық пайдаланып, жынданып құтырып, желігіп, желденіп, есі ауысып ауырған адамды сарала қамшымен ұшықтап, ем - домдап, ауруынан айықтырып алатын болған...
 
Әуелі, дауға түскенде, жауға барғанда, барымталы шайқасқа араласқанда, оң қолына қамшы алып, оң тақымына шоқпар қысып, астына есік пен төрдей ат мініп, үстіне ақ кіреуке сауыт киіп, күш - қуатын бойына жиып, қарсы жаққа көрінгенде батырдың арыстандай айбатынан қарсы тараптың сағы сынып қалатын кездері де болған.
 
Тіпті бітпейтін дауды дауласпай шешіп, жауласпай кесіп, бір бітімге келіп, батырға құрмет етіп, қалағанын сыйлап, сұрағанын беріп, қамшы үстінде серттесіп, қамшы көтермей - ақ берекеге келетін болған.
 
Міне, бұл қамшы киесінің, қамшы иесінің, қамшы жолының ұлттық дүниетанымдық дәстүріне айналған нақты, затты көрінісі, тағылымды тәрбиесі болып табылады.
 
"Қамшы – ұл болсаң қолыңда, құл болсаң төбеңде ойнайды" деген сөздің мәйегінде терең философиялық ой, кемелді логикалық дәстүр бар. Ұялы ұлы ұғым бар. Қамшы жай құрал емес. Ол – ұл болып өмір сүру мен құл болып тіршілік етудің шекарасын шегендеп айтып тұр. Ол ғана емес - ау...
 
"Күллі рухани өміріңде қамшыны қолыңда ойнатасың ба, Төбеңде ойнатасың ба?", деп ащы шындықты шырылдатып айтып жеткізіп тұр. Қалғып қараңғыланып қалған санаңа жарық саңлау түсіріп тұр.
 
Әрине, қолыңда ойнайды. Ол үшін қамшы қасиетін тану, қамшы киесін білу бәрінен маңызды болмақ. Бүгінгі жаһандасу дәуірінде ұлтық салт-дәстүрден алыстап бара жатқан жастармыз, қамшының қасиетін, қадірін, киесін, дәстүр тағылымын, ерекшелігін, сымбаты мен сипатын жете білуі керек.
 
Ендеше, қамшы қалай жасалады? Оны кімдер жасаған? Оны қандай мақсаттарға қолданған? Қамшының қанша түрі бар? Олар қалай аталады? Қамшы қанша құрамнан құралады?
 
Иә, көкейдегі көп сұрақтың жауабын көгенкөз ұрпақпен бірге бөлісіп, қамшы сырын, қамшы атауынан бастаған жөн секілді. Онда, қамшы деген не?
 
Қамшы дегеніміз атан өгіздің, сегіз жасар серкенің иі қанған терісінен таспалап тіліп, маржандай тізіп өріп жасаған, тобылғы сапты, мүйіз сапты, ырғай сапты, күміс сапты, былғары сапты көлік жүргізуге, ат мініп қамшылауға, мал қайырып бағуға арналған, қолға ұстауға қолайлы құралды - "Қамшы" деп атайды.
 
"Қамшы" деген атау қайдан шыққан?
 
Қазақ тілінде - "Қам" деген түбір сөз бар. Бұл сөздің тура және ауыспалы екітүрлі мағынасы бар. "Қам" сөзінің төркініне ой ұзатып көрейікші.
       1. Қам – бір нәрсенің не адамның жай-күйі – " Қам" деп аталады. "Басында қамы бар адам екен, қамығып жүріпті" деген сөз тіркесінен қам сөзінің мағынасы айқындала түседі.
        2. Қам – іс-әрекеттің не амал-айланың барысы "Қам" делінеді. Бір іске кірісу үшін ол істің қамын тауып істеу керек.
       3. Қам – адам басына түскен қайғы, мұң, шер, уайым, қасірет - "Қам" деп аталады. Сондай қамыққан адамға қамқоршы болу. Бірге қамығу. Оған қамшы, қамқоршы болу дегенді түсіндіреді.
       4. Қам – иі қанбаған теріні, толық істелмеген шала жұмысты, не толық піспеген астың түрін – " Қам" дейді. Қазақта "Бала – баланың ісі шала" деген мақал бар. Тоқетірі шикі, дүмбілез, шала, жетілмеген, піспеген, дүниенің бәрі – "Қам дүние".
        5. Қам – ашулану, зақорлану, бұлқан талқан болу, шамдану, шәргезденуді "Қам мінезді адам" деп атаған. Ақылы шолақ деген ұғымды білдіреді.
        6. Қам – қамту, қармау, қамтып қалуды " Қамданған адам " дейді.
        7. Қам сөзінен – " Қамдау" деген атау туындаған. Қамдау деген бүгінгі зат сататын дүкен. Халықты тұтыну бұйымдарымен қамдайтын орын. Ал зат сататын адамды – "Қамдаушы", дейді. Қамдаушыдан халықтың қамшысы деген ұғым шығады.
        8. Қам қажетіліктен туады. Қол жетпеген дүние, адам басына қам болады. Сенің қамыңды жеп, саған көмек беріп сенің қажетті дүниеңе қол жеткізіп көмек көрсеткен адам сенің  "Қамшың" болады.
        Жә, "Қам" сөзінің төркініндегі түбірден төлежіп түрленіп, өркен жайған ұласпалы ұғымдардан ұлы ой қорытқан , бағзы бабалармыз "Қамшы" деген атауды "Қам сөзінен" алып - "Қамшы" деген қол құрады жасаған екен. Біз осы тұста бір ұғымды әрі анық, хам қанық айрып алғанмыз жөн.
 
Қамшы – сөзінің ұзатылып шыққан түп төркіні "Қам" сөзінің тура мағынасы "Қам жеу" , "Біреудің қамын ойлау", "Қамданып жүру" деген адам баласының ішкі психикалық ой ирімдерінен туған ұлы ұғымнан, қолға ұстап жүретін, алаңсыз өмір сүретін, қамды қамсызға айналдыратын қол құралы "Қамшыны" ерекше өріммен өріп, қайталанбас ғажайып өнер туындысына айналдырғанын, оны адам баласының қажетті қамын шешу үшін тапқырлағанын түсінген үстіне түсінуміз бәрінен де маңызды болмақ.
 
Қамшы – қазақ халқы үшін баға жетпес бабадан жеткен асыл құрал, құнды жәдігер. Ол – ғасырлар бойы қазақ халқымен бірге өмір сүріп келеді. Ата-дәстүрін үзбей ұрпақтан ұрпаққа сабақтап келеді, салтын жоғалтпай сақтап келеді, ата жолын ақтап келеді.
 
Қам демеші, қам сөзіне айналып соғайықшы. Әр азамат пен азаматша әр істің қамын жейді, әр істің қамсыз іске асуын ойлайды, армандайды. Бұл әрбір пенденің қарақан басының қамы болар...
 
Ал, ұлы тұлғалар – ұлт қамын, отан қамын, халық қамын, ұрпақ, болашақ қамын жейді. Тарыдай қамнан, таудай қам жеудің, астарында қамсыз өмір сүру жолын іздеген ізгі тілек жатыр. "Байдың бишігі ұзын, кедейдің қамшысы қысқа" деген тәмсілдің тасасында да, таспалы ой өрімі бар. Қамшы өрімшілері қамшы бойына осындай ой толғақтарын сіңіре өргені, терең философиялық ұғымдар ұялатқаны дау тудырмайды. Иә, керемет өнер, егей ершімді өнер.
 
Таңғалмасқа болмас. Мойындамасқа көнбес "Қам жеу" деген Абстрактілі беймәлім ұғымды "Қамшы" деген заттық ұғымның бойына сіңіріп, заттандырып жіберген. Қолға ұстайтын құралға айналдырып үлгерген, дана бабадан айналмай, кімге бас иіп, кімді айналайын демекпіз!?
 
Қамшы – бойына егіз екі қатар ұғымды бірдей ұялатып , оның өріміне өнеге қосып өріп тастаған. Бірі – "Рухани қамшы", адам жан дүниесінің қамы мен қамшысы. Енді бірі – зат. "Қайыстан өрілген қамшы". Заттық бұйымы, қол қаруы.
 
Әне, Қамшы бірде рухани – "Жанашыр ", "Қамығушы" , "Қамқоршы" деген ұғымды үстемелеп ұқтырса, енді бірде қолға тұтынатын кәдімгі зат – " Қамшы" деген атауды ұқтырады. Осы екі егіз ұғым қамшының қасиетті де, киелі зат екенін ары қарай айқындай түседі.
 
Қазақ дүние танымында қамшыны кез келген өрімші өре бермейді. Қолынан өнері тамған, бойында қасиеті бар, елге үлгі мен өнеге көрсете алатын , тағылымы танымал , шебер өрімшілер өреді. Қамшы өретін шеберді " Өрімші" деп атайды.
 
Әр өрілген қамшының өзіне тән бағасы, құны, арзан-қымбаты болады. Әдеттегі жай өрімшілер өре салған қамшы мал қайыруға, ауыл аралап, ат мініп жүруге ғана жарайды. Қамшыны – қазақ халқы тұрмыс-тіршілігінде өте көп мақсаттарға пайдаланады.
 
Сол мақсаттардың мазмұнына қарай қамшы өрімшілері де әр алуан әдіс, амалмен, дәстүр тағылымына, эстетикалық талғамына сай асқан шеберлікпен өреді. Өрімшінің де өзіндік дүние танымы, өзгеше өрімдік өнері, өнегелі көзқарасы болады. Ғылыми негізі, фантастикалық ой орамы, логикалық жымы , қиын қисыны, аңыздық хикаясы болады. Оны екінің бірі, егіздің сыңары өре алмайды. Қамшы өретін қайыстың иі қанған, таспасы мінсіз тілінген, өрімі маржандай тізілген, тобылғы сабы майда, алақаны жайлы, бүлдіргесі берік, сап орамы қолға жағымды, зер тастармен көмкерген мінсіз келуі шарт. Ол сонда ғана құнды қамшы болып бағаланады.
 
Қазақ сыншылары батыр мен балуанды, сал мен серіні, бай мен бақташыны қолына ұстаған қамшысынан айтқызбай танитын болған.
 
Ал, әйел адамға арналған қамшының жөні басқа, сыры бөлек. Әйелдер ұстайтын қамшыны қару ретінде емес, зергерлік , сәндік, көркемдік, әдемілік, сұлулық , жылылық , нәзіктік мінезге бағыштап өретін болған. Ол қамшы анадай жерден көзге түскенде көңілді арбап ала жөнеледі. Сабы мен алақанына орнатылған асыл тастар мен зер өрімдер жалт - жұлт етіп өзіне бірден баурап тұрады. Әйелдерге арналған қамшыны ерекше әрлеп жасаудың да, танымдық тағылымы бар. Қазақтың ескі танымында әйел мен балаға тез тіл тиеді, көз сұғы қадалады деп қарайды. Әйел қамшысын ерекше көз сүрінердей әшекеймен әрлеп жасаудағы басты мақсат– осы. Сол қамшыны әйелдер мен балалар ұстап жүрсе, көз бен тіл қамшыға тиеді де, әйел мен бала пәле - жаладан, тіл мен көз тиюден аман қалады деп ырымдаған.
 
Қамшы – бүгінде әр қазақ шаңырағына сән беретін ерекше ұлттық қасиетті бұйым ретінде қолданыста тұр. Ол қазақ халқының бірегей өнер туындысы ғана емес, сый сипаттың төресі, ер жігіттің серігі, қолындағы қаруы болса, әйел қауымының сәні, бой тұмары, шаңырағының киелі заты деп бағаланады.
 
Ал, қазіргі жастар қамшы қандай құрамнан құралатынын білуі тиіс.
 
Қамшы өрімшілері қамшыны өзіне тән ерекше жарасымды құрылымдардан құрастырып жасайды. Ол құрылымдардың атаулары бар: "Өрімі" , " Сабы" , " Басы", "Дүмі", " Алақаны" , "Бүлдіргесі" , "Орамы", "Кежегесі", " Шежемейі", "Айдары", "Мойнағы", " Бүркеншігі", " Бунағы" , "Бауыры" , " Баурлағы" , " Шашағы", " Өзегі" , "Түйіні", "Шығыршығы", "Топшысы", "Түйнегі", "Білезігі", "Белдігі","Арқалығы"," Бүршігі", "Шегелігі", "Көздігі","Қапшығы" , "Қарны", "Қарымы", "Белжиегі", " Жетесі", "Алқымы", "Үші", " Бөртесі" сынды отыз бес не оданда көп құрамнан тұрады.
 
Қазақ қамшысы негізінен екі үлкен бөлектен тұрады. Бірі сабы, енді бірі өрімі. Қамшы сабы – әйел адамның символына баланса, өрімі – өрім бұтақ, ұрпақтың символына баланады. "Қамшы сабы сынса, қатын өледі" деген қазақтың ескіден жеткен көне ырымы осыны растайды. 
 
Егер, қамшы өрімі ыдырап, тарқалып кетсе, ұрпақ шашылып кетеді , берекесі бірге кетеді деп ырымдайды. Жас буын ұрпақ қамшының әр құрамының өзіне тән атқаратын рөлін тануы тиіс. Сонда ғана қамшы деген қандай құрал, қандай өнер, қандай дәстүрмен, қандай мақсатта жұмсалатынын анық біліп, қамшы тарихын жақсы меңгере алады.
Сіз, қандай қамшы түрлерін атап бере аласыз?
 
Қамшы жасалуына, қолдану мақасына, істетілу қызметіне қарай: "Сүндет қамшы" , "Неке қамшы", "Баптау қамшы", "Бишік қамшы" ,"Шыбыртқы қамшы", "Темір қамшы", " Зер қамшы", "Дом қамшы", "Балаң қамшы", "Ана қамшы", " Үзбе қамшы" , "Тарам қамшы", "Тарлан қамшы", Келте қамшы", "Шашақ қамшы" , "Бәйге қамшы", "Биялай қамшы", "Соп қамшы", " Айыл қамшы", "Салт қамшы", "Бұзау қамшы", "Түйе қамшы", "Бәкі қамшы" , "Сарала қамшы", "Аң қамшы", "Көкпар қамшы", "Үйір қамшы" , "Барымта қамшы", "Дойыр қамшы", "Шоқпар қамшы","Бәсіре қамшы" , "Дүр қамшы" , "Жалпақ қамшы", "Жырым қамшы", "Қойбас қамшы", "Тайбас қамшы", "Қозы қамшы", "Бұзаубас қамшы", "Бақ қамшы", "Жол қамшы", "Серкебас қамшы", "Жолай қамшы", "Қатын қамшы", "Қыз қамшы", "Бұжыр қамшы", "Сылық қамшы", "Орама қамшы", "Алтын қамшы", "Күміс қамшы", "Мыс қамшы", "Жез қамшы", "Тікенек қамшы", "Түйебас қамшы", "Бәлгер қамшы", "Батыр қамшы", "Атбас қамшы", "Ақ қамшы", "Босмойын қамшы", "Жез қамшы", "Былғары сап қамшы" , "Күміс бауыр қамшы", "Қозқамшы" , "Қара қамшы", "Тамшы өрім қамшы", "Жылан бауыр қамшы", "Төр қамшы", "Жантақ қамшы" , "Тоқ қамшы", "Сабау қамшы" болып 66-дан астам түрі бар.  
 
Қамшы – өрілген таспа санына қарай: үш өрімнен бастап, қырық бес өрімге дейін көбейе береді. Қазақта "Алты таспа бұзау тіс, былжырамай аттан түс" деген тәмсіл бар. Алты өрімді қамшының киелі күшін, ат үстіндегі адамға көрсетіп, айбар шеге, сес жасап сөйлеп тұр. Адамның қарым қайыратын қамшының күшімен танытып тұр.
 
Қамшы өрудің де өзіндік өнегесі, дәстүрлі заңы болады. Қамшы өрімшілері екі жасар серке терісінен бастап, сегіз жасар серке терісіне дейін, не құнан өгіздің иі әбден қанған терісін таспа етіп тіліп, нығыз өріп жасайды. Қамшы сабы – төрт, жеті тұтам ұзындықта болса, өрімі одан екі түтам ұзын болуы шарт. Ондай өлшеммен жасаудың ғылыми ерекшелігі бар. Егер, қамшының сабы ұзын, өрімі қысқа болса қамшымен ұрғанда, өрімде күш болмайды. Шолтаң-шолтаң етіп ұруға қолайсыздық тудырады. Енді бір жағы көрер көзге сөлекет көрінеді. "Қамшы сабынан өрімі аспаған" , "Ақылы бойынан озбаған" деген сөз содан қалған. Яғни кеудесі ұзын, аяғы қысқа адам қандай сәт көрінсе, сабы ұзын, өрімі қысқа қамшы да, дәл сондай сәт, жаман көрінеді. Қамшының сабы, өрімі, алақаны, бүлдіргісі, шашағы, бунағы, алақан шашағы мен ұшындағы шашағы бір - біріне жарасып тұруы керек. Бүлдірге көзі де әдемі сәнімен ойылуы шарт. Қамшының осы құрамдарының бәрі бір-біріне жарасып, үйлесім тапқанда ғана ол өте сәнді және сапалы қамшы болып шығады. Оны "Киелі қамшы" , "Сымбатты қамшы", "Бағалы қамшы", "Жәдігер қамшы" деп атайды.
 
Ал олпы-солпы жасалған, бос өрілген, кез келген жай ағаштан сап салған қамшылар "Жай қамшы" , "Әншейін қамшы" деп атайды да, оны тек мал қайыруға ғана қолданады. Кереметтей жасалған қамшыны кез келген жерге тастамайды. Биік жерге қояды не кереге басына іледі. Өйтпесе, "Қамшы киесі соғады" деп ырым етеді.
 
Қамшыға не үшін тобылғыдан сап салады?
 
Қамшыға тобылғыдан сап салуы – тобылғы өте қасиетті өсімдік. Ол ғасырлар бойы ұстасада жарылмайды, тез сынып қалмайды, оңай тозбайды. Тобылғының қызыл көрең реңі қамшыға ерекше жарастық берумен бірге, бояуы ұзақ сақталады, оңай өшпейді. Ұстаған қолға да жағымды. Тобылғы майын, тері ауруына, әр түрлі теміреткіге қыздырып жақса, өнімді түрде ем болады. Құрт, бактерияларды тез өлтіреді. Сондықтан алақанға ұстап жүргенде микроптардан қорғайды. Тіске қанқұрт түскенде, шырпысынан тіс шұқығыш жасап тіс қуысын тазаласа, қақаған жеріне майын жақса, тіс ауыруын жазады.
 
Қазақтың қамшы өрімшілері қамшыны жұмсалатын мақсатына лайықтап өреді. Мәселен, халық армынында өте көп қолданылатын қамшылар былай аталады:
 
"Ат қамшы" – атқа мініп мал қайрғанда қолданатын жай өрімді, жай ағаш сапты қамшы. "Дыр қамшы" - Мал қайырғанда істететін қамшының бір түрі. "Дырау қамшы" – соғысқа қарсы жағын ұруға арналған қамшының түрі. "Дойыр қамшы" – өрімі жуандау өрілген салмағы ауырлау қамшы.
 
"Дүре қамшы" – жазаға тарқандарға дүре соғатын мықты, жаза қамшысы. "Ұзын қамшы" – сабы да өрімі де ұзын жасалған алыстан үйіріп ұруға арналған қамшы.
 
"Шолақ қамшы" – сабы қысқа өрімі келте қамшы. "Сары ала қамшы" – сары жезбен қапталып жасалған, тобылғы сапты киелі қамшы. "Білеу қамшы" – өрімі тоқ өрілген қамшы. "Орама қамшы" – сабына мыс не темір, болмаса былғарымен қаптап жасаған қамшы.
 
Ал, кейде қамшының сабының жасалу өзгешелігіне қарай : "Мүйіз сапты қамшы" , "Тобылғы санды қамшы" , "Ырғай сапты қамшы", "Тал сапты қамшы", "Арқар мүйізді қамшы", "Сүйек сапты қамшы", деп атаса, енді бірде "Шашақты қамшы", "Қырым қапты қамшы", "Елік сирақты қамшы", "Шашақты қамшы" , "Бала қамшы", Құрау қамшы" , "Шыбыртқы қамшы" деп атайды.
 
Қамшы өру шеберлері қамшының басына күміс, жез, тері секілді мойнақ салып , көз жауын алардай етіп, өте сәнді қылып жасайды. Мысалы:
 
Сарыала қамшы жасайтын өрімшілер қайыс таспасына қосып, жез бен мыс араластырып, сәні мен сапасына бірдей мән беріп берік өреді. Қамшының бұл түрін төрге ілуге, ем-дом істетуге, қамшыгерлік өнерге қодануға, сыйға тартуға , бала бесігінің басына, неке төсегіне, жастығының астына қоюға арнап жасайды. "Сарыала қамшыдан сайтан қорқады" деген ескі наным бар.
 
Ал, Жез бойнақ қамшының алақанын жезбен әрлеп, шашақтап, сабының ұстар жерін жезбен қаптап, Ою-өрнек салып, әдемілеп жасайды. Оны көбінде мырза жігіттер ұстайды. Оның тағы бір түрі бар. Оны "Жез бауыр қамшы" деп атайды. Қамшының бауырын жезбен әшекейлеп әрлеп тастайды. Оны бойжеткен, әлі ұзатылмаған қыздар ұстайды.
 
Ақ күміс қамшы – сабын ақ күміспен қаптап қазақы оюмен өрнектеп жасаған қамшыны – "Ақ күміс қамшы" деп атайды. Қамшының бұл түрін бай әйелдер, сетер ханымдар қауымы ұстайды.
 
Ақ былғары қамшы – қамшының сабын әдемі жұп-жұмсақ ақ былғарымен қаптап, шашағын жіп-жіңішке етіп талдап, өрімін маржандей тізіп өреді. Оны "Сымбатты қамшыны" , "Ақ былғары қамшы" не "Ақ қамшы" деп атайды. Қамшының бұл түрін әнші, биші, өнерпаздар, сылқым сұлу қыз-келіншектер тұтынады.
 
Алтын қамшы – қамшының сабын алтын жалатқан темірмен қаптап, алақанына алтын түсті оюмен әрлеп, өрімінің ұшын алтын түсті қысқа шашақ салып жасаған қамшының түрін "Алтын қамшы" деп атайды. Оны бай манаптар мен хан – сұлтандардың ақ саусақ ханымдары мен бұла өскен қыздары ұстайды.
 
Зерқамшы – қамшының сабын алтынмен аптап, күміспен қаптап, бунақтарына асыл тастардан көз орнатып, алақанданына зер салып ерекше жасаған қамшының түрін "Зерқамшы" деп атайды. Қамшының бұл түрін, сыйлы, мәртебелі қонақтарға сыйға тартады. Не үй төріне сәндік үшін немесе тұмар ретінде төрге іліп қояды. Оның құны өте жоғары болады.
 
Босмойын қамшы – атан серкенің терісін бөлмей, жартысын таспа етіп тіліп өріміне, қалған жартысын қамшы сабына пайдаланып жасаған, сабы мен өрімі бір теріден бұзбай жасалған қамшыны – "Босмойын қамшы" деп атайды. Оны қолы жеткен барбам байлардың ұл-қыздары ұстайды.
 
Атбас қамшы – сабы мен өрімініне алтын - күміс қолданып, алақанына, бунағына алтын орнатып жасаған қамшыны – "Атбас қамшы" деп атаған. Оны Бекзат азаматтар мен ару қыздар ұстайтын болған.
 
Айдарлы қамшы – сабы мен өріміне көп шашақ салып жасаған қамшыны – "Айдарлы қамшы" деп атайды. Бұл қамшы көп қамшыдан бөгенайы бөлек қамшы. Оның тарам - тарам көп шашағы көзге тез түседі. Оны кейде " Шашақты қамшы " деп те атайды.
 
Дүрқамшы – өрімі жуан, жұмыр өрілген сәнді, төрт қырлы келген қамшы. Оны ел ағалары ұстайды.
 
Сүндет қамшы –атадан – балаға, баладан – немереге, немереден – шөбереге, шөбереден – неменеге мұра болып , жеті атадан қалған көне көз қамшыны "Сүндет қамшы" деп атайды. Оны дәстүр бойынша ұл баланы сүндетке отырғызғанда, тума-туыстары тобылғы сабы төрт тұтам қамшыны арнайы сыйға тартады. Болмаса атандан қалған сол көне көз қамшыны сыйлайды.
 
Бәйге қамшы – бәйгеге шабатын балаға лайықтап тобылғымен саптап жасаған шағын жеңіл қамшыны "Бәйге қамшы" деп атайды.
 
"Шаба алмасам маған серт, шаба алмасаң серт, ұра алмасам қамшыға серт" деп бәйге қамшыны шабандоз бала қолға алып, жүйріктің үстіне қонады, топқа кіреді.
 
Көкпар қамшы – көкпар тартуға арналған қамшы. Оның тобылғы сабы үш-ақ тұтам әрі жуан болады. Көкбар қамшының сабы жылан басты болып кедеді. Алақанына көкбаршының қолына зақым келтірмеу үшін ешқандай әшекей салынбайды, темір қолданбайды. Осындай қамшыны "Көкпар қамшы" деп атайды.
 
Неке қамшысы – ұлы ержетіп, қызы бойжетіп, қалыңдық таңдайтын кезде, қызды ауылға алғаш қыдыруға шыққанда, жігіттің әкесі ұлына ерекше сәнмен өрілген, қамшыны қолына ұстатады. Ол қамшыны "Неке қамшы" деп атайды. Себебі қалыңдық тауып, құда түсіп, той жасап, неке қидырып, отау тігіп жатқан кезде сол қамшыны ырымдап, ақ отаудың босағасына іліп қояды. Сүйтсе екі жастың махабаты баянды болады деп нанады.
 
Қазақ халқында қамшыны ұстау, тұтыну және қолдану тәртібі, заң, ережесі, тәрбиелік тағылымы, әдеп мәдениеті, мағыналы мәні, ырымды жолы, дәстүрлі салты бар.
 
Қамшыны тұтынатын адам, қамшыны оң қолға, екі бүктеп ұстайды. Сол қолына ұстаса, "Ісі ілгері жүрмейді", "Бағы байланып, жолы жабылады" деп ырым етеді.
 
Жол-жосын, бағыт-бағдар сұраған әлде біреулерге, жол нұсқап, бағдар-бағыт көрсеткенде, сұқ саусағын шошайтып көрсетпей, оң қолына екі бүктеп ұстап тұрған, қамшысымен нұсқап көрсетеді. Солай істегенде әдептілікке, сыйлағанға жатады. Әйтпесе жаман ырым болады.
 
Қазақ нашар өрілген, жай ағаштан сап салған қамшыны сыйға бермейді. Олай етсе, "Қамшыны сыйға алған адам ренжиді , қонақ ренжісе, көңілге қаяу түседі, береке қашады" деп сенеді.
 
Қазақ қамшының өрімін салбыратып, төмен қаратып ұстамайды. Үйге сүйреп кірмейді, біредің қасында тұрғанда, қамшысын салақтатып ұстап тұру білімсіздік, көргенсіздік саналады. "Адамды сыйлағанды білмейді екен. Қамшыны салақтатып ұстау жауласудың белгісі, дәстүрді атқармады " деп сөгіп кетеді.
        
Үй керегесіне сарала қамшыны іліп қойса, "Ол үйге шайтан кірмейді, жамандық жоламайды, жау басынбайды", "үйге кірген дұшпанның сағы сынады" деп нанады. Қазақта қамшы ілудің де мәдениеті, танымдық тағылымы, ескі ырымы бар. Бір үйдегі ерлі - зайыпты екі адамның көзі тірі болса, қамшыны екі бүктеп лайықты жерге іледі. Ал, ері қайтыс болған әйелдер қамшының өрімін салақтатып іледі. Келген бейтаныс қонақтар, соған қарап, шаңырақ иесінің қайтыс болғанын бірден біліп, отанаға көңіл айтады.
 
Қазақтың қалыңдық іздеген жігіттері қызды ауылды аралап жүріп, өзіне үнаған қыздың үйіне арнайы барып түседі. Қыздың әке - шешесіне қыдырып келген сыңай танытып амандасып, қонақ болып аттанады. Кетерінде білдірмей оң жақ кереге басына қамшысын іліп кетеді. Жігіт аттанып кеткенен кейін кереге басындағы қамшыны көркен қыздың әке - шешесі жігіттің қызын ұнатып, қамшысы арқылы сұрау тастап кеткенін бірден біледі де, қамшыны қолына алып, қамшыға сәп салып қарай бастайды. Қамшы кереметтей әшекейленіп жасаған қымбат бағалы қамшы болса, ол жігіт әл - ауқаты жоғары , бай бардам адамның баласы екен. Ал, қамшысы ырғай сапты нәшарлау өрілген жай қамшы болса, кедей, қарапайым шаруаның ұлы екен деп топшылайды. Егер жігіт пен қыз бірін - бірі ұнатып жатса, артынан келген жаушыға қамшыны қайтармайды. Ұнатпай жатса, жаушыдан қамшыны қайтарып жібереді. Оған жігіт еш ренжімейді.
 
Қазақ ат-көлiкке мiнгенде қамшыны қолынан тастамай , бұлдіргесін білегіне іліп алып ұстап жүреді. Ал, аттан түсіп жаяу жүргенде қамшыны екі бүктеп, етік қонышына салып алады не белiндегі белбеуіне қысып алады. Ат үстінде қамшы ұстау ыңғайсыз болса, онда тақымына қысады не ерiнiң алдыңғы қасына iліп қояды.
 
Ал үйде отырған кезде қамшыны керегенiң басының көгiне, уық қарынына, сыртқы дөдегеге , болмаса үй белдеуіне, аша бақанның бұтағына іліп қояды. Дауға барса , қамшысын үйге сүйретіп кіріп, төрден не босағадан орын тисе, қамшысын екі бүктеп, оң тізесінің астына қойып басып отырады.
 
Қазақ - ашық айта алмайтын не, айтуға ауыз бармайтын кейбір сөздері мен ойларын қамшыны қолдану арқылы қарсы жаққа білдіретін, жұмбақтап жеткізетін болған. Мысалы: "Қамшы сабы сынса – қатын өледі, пышақ сабы сынса – күйеуі өледі" деп ырым етеді. Біреудің қатыны өліп оны сөзбен айтып естіру қиын болған жағдайда, қамшы сабын сындырып көрсетеді. Оны көрген адам әйелінің қайтыс боғанын бірден біледі. Күйеу қайтыс болған әйелге, пышақ сабын сындырып көрсетсе, ол әйел күйеуінің дүниеден өткенін түсінеді. Қазақ баяғы заманда  бөтен бір шаңыраққа бас сұққанда, ол үйде қанша ұл, қанша қыз баласы бар екенін кереге басында ілулі тұрған қамшының санына, ол қамшының қалай жасалғанына қарап, олардың қандай жұмыстармен айналысатынан айтқызбай- ақ біліп отырған. Кереге басында әдемі күмістелген, нәзік өрімді қамшы тұрса, соның санына, сәніне қарай қанша қызы бар екенін, дойыр жуан қамшылардың санына қарап ұлының нешеу екенін және аңшы не барымташы болмаса малшы екенін, не сал-сері, әнші, күйші, ақын екенін біледі. Бұл қамшы тілін білу деп аталады.
 
Қазақ қамшыны билік белгісі, бақ жаршысы деп түсінген. Бағы замандағы Сақ, ғұн, Алан, Үйсін, Көктүріктер заманында сарала қамшы, алмас қылыш, алтын аяқ( тостаған) үш құралды патшалардың мүлкі деп есептеген. Соған байланысты қызын ұзатқанда, қайын ата күйеу баласына, үйдің билігі күйеу балада болсын деп, қамшысын сыйға беру дәстүрі де болған. Қазақтың қамшы сыйлау дәстүрінде үлкен адамға қамшы сыйлаған да, оң қолына қамшының сабын ұстатып сыйласа, қыз не әйел адамға қамшының өрім жағын ұстатып сыйлайды. Бұлай ұсынудың да өзіндік ырымды жолы бар. Қария адамдарға қамшының сабын ұстатып ұсынбаса, тіріс тілеулі адам, сабын ұстатып ұсынса, оң тілеулі адам екен деп қабылдайды.
 
Ал әйел адамға қамшының өрім жағын ұсынуы жолы жіңішке, жүрегі нәзік, қамшының қатты сабын ұсынып сыйласа , жолы қатты адам екен деп, әйел адам қамшыны алмай тастап кететін болған. Тұяқ сапты қамшыны жігіт пен қызға сыйға ұсыныбайды. Себебі тұяқтың жолы ауыр, кейін үйленгенде қу тұяқтай жалғыз басты болып сопиып қалмасын деп ырым етеді.
 
Емші, бақсы - балгерлердің жын - шайтан қуатын киелі қамшысын қалап, сұрап алып үйлеріне іліп қояды. Оны басқа мақсатқа пайдаланбайды. Өйткені ол қамшы да қасиет бар деп сенген. Үйде балаларына тіл - көз тиіп, сұқ қадалып ұшынып ауырып қалса, сол қамшымен айнала ұшықтап, сабалап қойса, ол бала ауырунан лезде сауығып кететін болған. Ол сол қасиетті қамшының киесінен жазылды деп қарайтын.
 
Батыр қамшыгерлердің қамшысын да ат түйедей қалап сұрап алатын ырым болған. Өйткені өзінің ұрпақтары да сондай батыр болып өседі деп нанған. Ұл баланың тұсауын кескенде жеті қатым алға жүргізіп, тұсауын кесе сала қолына қамшы ұстатады. Онысы ел билеген, жер қорғаған ер болсын деп ырым етеді. Жеті жасқа толғанда тай мінгізу салтын атқарғанда, тағы да қолына қамшы ұстатады. Ол кезде ат үстінде қамшыгер болып ер жетсін, қамшысы қолынан түспесін деген жақсы ырымы.
 
Қазақ әйелдері толғатып жатқан әйелдің үйінің төріне сарала қамшы іліп қояды. Солай етсе толғақты тосатын жын-жыбыр үйден безіп кетеді. Әйелдің толғағы жеңіл болады. Бала да дүниеге аман келеді деп ырымдайды.
 
Қазақтың ежелгі дала заңында, даугер биден сөз айту рухсатын алу үшін қолындағы қамшысын ортаға тастайды. Сол сәтте би оған дәтіңді айт деп сөз кезегін береді. Егер, қамшыны ортаға тастаған адамға сөз кезегін бермесе, ол дәстүрді атқара алмаған білімсіз би атанып, халықтан сөгіс естиді.
 
Қазақтың келін түсіру той салтында келіннің бетін үкілі, қоңыраулы, тобылғы сапты, күміспен күптелген қамшымен ашады. Сол бет ашқан қамшыны күйеу жігітке ұсынады. Ол - мына қалыңдығың сенің өмірлік жұбайың болды. Енді билік сенде. Әйеліңе қамқоршы бол. Сен әйеліңнің қамшысысың деген дәстүрді білдіреді. Қамшыны алған күйеу, ол қамшыны неке төсегінің басына іліп қояды. Сонда қамшыны көрген сайын жұбайына қамқоршы бола түседі. Өзінің нағыз қамшы екенін мойындай береді. Әубастағы қамшы сөзінің төркіні міне осы жерден келіп ашыла түседі.
 
Қазақ балалары арасында қамшы тастау ойыны бар. Ол ұл балалар арасында өтеді. Ал, қыз балалар арасында шыт тастау ойы өтеді. Балаларға арналған екі ойының да мән мағынасы, тағылымды тәрбиесі бар. Егер , қыз бала қамшы тастау ойынына қатынаса, есейгенде ердің тілін алмайтын ерке еркек шора, әдепсіз болып өседі деп шектесе, ұл бала шыт тастау ойынына қатынаса, ер жеткенде, азамат болғанда ұялшақ, тартыншақ, ез болып өседі деп ырымдайды. Жігерсіз жасқаншақ, майрылғыш болады деп шыт тастау ойнынан шектейді.
 
Бағы заманда елін, жерін қорғау үшін ер азаматтарды қамшыгерлікке баулып, қас батыр етіп жетілдіріп отырған. Қамшыгелік өнерді жетік меңгерген батыр азаматтарды "Қамшыгер" деп атаған. Нағыз қамшыгерлер жалғыз өзі топ- топ адаммен айқасқанда , қолындағы қамшысымен қарсы келген адамдарды бір - бір тартып атан құлататын болған. Әуелі жараған долы бураны да қақбастан тартып қалғанда қылышпен шапқандай басын қақ айырып тастаған. Сиырдың шылғи терісін төр қабаттап керіп ұстап тұрғанда қамшыгерлер атпен шауып келіп ортасынан бір осқанда, қандауырмен ұрғандай екіге бөлініп қалатын болған. Мұндай деректі аңыздар халық арасында әлі күн аңыз болып айтылады.
 
Мен, бұл мақаланы жазудағы мақсатым, халқымыздың көзіндей болған ең көне жәдігері қамшы, қамшы өнері ұмыт болып бара жатқаны, жаныңды ауыртады. Бес қарудың бірі де бір егейі қамшыгерлік ұлы өнер.
Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар