Жансүгіров жерінде жүрегі кең жандар бар

/uploads/thumbnail/20170708200702218_small.jpg

Әр ауылдың өз азаматы болады. Әр елдің де өз азаматы болады. Алматы облысы Ақсу ауданының Құрметті азаматы Нұртілеу Иманғалиұлы осы сапардың ұйымдастырылуына ұйытқы болды.

«Шалғайда жатқан біздің ауданға журналистердің ат ізін салмағанына біраз уақыт болды. Елдегі оңды өзгерістерді өз көздеріңізбен көріп қайтсаңыздар қайтеді?» деген ұсынысын «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы өкілдігінің жетекшісі, танымал ақын Қорғанбек Аманжол, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Қазақ үні» газетінің бас редакторы Құлтөлеу Мұқаш, «Қазақ әдебиеті» газетінің жауапты хатшысы Қарагөз Смаділ, «Қазақстан» ұлттық арнасының ақпараттар бөлімінің белді қызметкері Мирас Мұқаш қуана құп алған. Сонымен Ақсу ауданының орталығы Жансүгіров елді мекенін бетке алған тілшілер тобы Алматыдан түс ауа шығып, түнделетіп діттеген жерге жетті. Меймандарды Ақсу ауданының әкімі Әділбек Далбағаев бастаған аудан активі қарсы алды. Әкімдікте өткен алғашқы жиында Әділбек Егеубекұлы Ақсу ауданының жалпы тыныс-тіршілігімен қысқаша таныстырып өтті. «Аудан әкімінің ашық есік күні» деп аталған аталмыш жиын барысында ақсулықтардың бүгінгі таңдағы атқарып жатқан оң істері, аудандағы 17 ауылдық округтерге қарасты 49 елді мекенде тұрып жатқан тұрғындардың еңсесі көтеріліп, «Туған жерге туыңды тік» деген акцияға осы Ақсу ауданынан шыққан азаматтардың қалай қатысып жатқаны туралы деректерге қанықтық. «Мың рет естігенше бір рет көрген артық» деген қағида бойынша журналистер қауымы Ақсу ауданының орталығындағы игі істерді, бірқатар шаруашылықтар мен  жаңадан ашылған өндіріс орындарын аралап көрді.

 

Амандық БАТАЛОВ, Алматы облысының әкімі:
– Бұл – бабы мен күтімі жарасса мол өнім беретін өсімдік. Мұны мол тәжірибе жинақтаған шаруашылықтар жақсы біледі. Бұл дақылды өсіру оңай емес. Қызылшаның қазіргі салмағы екі жарым келі, енді бір жарым айдан соң бұл көрсеткіш одан сайын артады деген үміттемін. Қанттылығы да жаман емес. Осыған қарап-ақ  күзде болжамдағы көрсеткішке қол жеткіземіз деп ойлаймын. Ол үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалып, техникалармен де қамтамасыз етілуде. Енді тек Үкімет тарапынан жасалып жатқан көмектерді тиімді пайдаланып, жұмыс істеу керек.

 

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы Алматы облысына келген сапарында қант қызылшасын өсіруді қайта қолға алу керектігін ескерткен болатын. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов тәтті түбір өндірісін жандандыруға баса көңіл бөлді. Кезінде кеңінен өркен жайған осы дақылды өсіруді  кәсіп етіп келе жатқан шаруашы­лықтардың айы оңынан туды. Бұл дақылды өсіргендерге жиын-терін кезінде де көмек көрсетілетін болды. Оған 22 «КамАЗ» автокөлігі сатып алынды. Шаруашылықтарға қолдау-қаржы атқарған шаруаларына қарай бөлінеді. Олардың маусымдық жұмысын арнайы құрылған бақылаушы топ қадағалайды. Алқаптың әр гектарына 60 мың теңгеден субсидия беру қарастырылған.


– Жоспарымыз бойынша әр гектардан орта есеппен 300 центнерден өнім алу ойда бар. Сонда 120 мың тонна қант қызылшасы өсірілуі тиіс. Бұл облысы­мызды қантпен қамтамасыз етуге әбден жетеді. Түбірді өсіруге, күтіп-баптауға, гербицидтер және препараттармен қам­тамасыз етілуіне, қайта өңдеу кәсіпо­р­нына жеткізілуіне дейін қолдау көр­сетеміз. Тасымалдайтын техникалар негізінен, Ақсу, Сарқан аудандарының шаруашылықтарына беріледі. Ал Көксу, Қаратал, Ескелді аудандары өз күштеріне сеніп отыр. Алқаптарды аралау барысында өнімнің шығымдылығын көріп қуандық. Қазірдің өзінде түбірдің салмағы 600-800 грамға жетіпті. Күзге дейін әлі уақыт бар. Ауа райы қолайлы болса, қант қызылшасы өнімділігінің арта түсері сөзсіз. Ша­руашылық басшыларының да көңіл күйі жоғары. Біздің сөзімізге сеніп, бас­тамамызды қолдап, қызылша өсіруді қайта қолға алған азаматтарға рақмет. Болашақта аталмыш дақыл өсіріп, жетістікке жеткендерді ерекше мара­паттайтын боламыз, – деген еді бір сөзінде  облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы. 
Қант қызылшасы – Жетісудың төл дақылы. Биыл облыста тәтті түбір өсіруге қайтадан ден қойылды. Барлығы 4 мың гектар аумаққа қызылшаның тұқымы себіліп, оны күтіп-баптау үшін машина-трактор стансасы құрылды. Онда 147 бірлік техника бар. Талдықорған өңірі бойынша қызылша өңдейтін зауыт Балпық би кентінде орналасқан.


Қазақ егіншілік және өсімдік шаруа­шылығы ғылыми зерттеу институтының мамандары да қызылша өндірісін жан­дандыруға өз үлестерін қосуда. Бүгінде институт ғалымдары дақылдың он бес түрлі буданын жасапты. Соңғы будан­дастырылғаны «Ақсу буданы» деп аталады. Бұл өнімділігі жағынан шетелдік сұрыптарды басып озатын көрінеді.

АҚ ПАРАҒЫН ТАРИХТЫҢ АҚТАРҒАНДА
«Батыр болсаң жауға найзаң тисін, бай болсаң елге пайдаң тисін» деген бабалар ұстанымы бар. Халық қазаққа әйгілі Маман Қажыны өз ортасы «Маман құт» деп атаған екен. Оның үстіне қажы бірнеше жыл Қапал уезінің төбе биі болған. Маман балаларының ішінде өніп-өскені – Тұрысбек пен Сейітбаттал. Маман ұрпағының барлығы да қазақ байларының алдыңғы қатарынан орын алған. Бірақ малдың санын мөлшерден асырмай, сауданың көзін тапқан. Әндіжан, Ташкент қалаларына, Қоянды жәрмеңкесіне отарлап қой айдап, дүкен ұстап, айналма сауда арқылы ірі байлыққа қол жеткізген. Ақсуда, Қарағашта дүкендер ашқан әулет әкелері Маманның бастамасы бойынша Ақсу бекетінің оңтүстік жағында Сүттіген деген жерге орналасып, қалашық салған. Бұл жерге алғаш қыстау үй салған Маманның үлкен баласы Тұрысбек.Тұрысбектің ізімен Маман ұр­пақтары біртіндеп бес-алты бөлмелі төбесі көк қаңыл­тырмен жабылған ағаш үй салады. Жеміс ағаштарын, тал-теректерді, қарағаш­тарды отырғызады. Қарағаш аталған осы елді ме­кенде 1899 жылы Тұрысбек үш кластық мектеп үйін сал­дырады. Үш кластық мек­тепте шәкірттер ескі ежіктеп оқу әдісімен дін-шариғат, әптиек сүрелерін оқып үйренеді. Алғашында екі татар молдасы ұстаздық еткен мектеп бірте-бірте керегесін кеңейтеді. 1905 жылы Маманның баласы Арасан болысының биі Сейітбаттал қажы мектепті үлкейтеді. Оны төрт кластық етіп, діни сабақпен қатар жаңа пәндер енгізеді. Мектеп «Маман мектебі» деп аталып, осы оқу орнынан Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров қанаттанып шыққан. Мамания мек­тебінің алғашқы ұстаздары Мұхаметқали Есенгелдіұлы және оның зайыбы Фатима ханым Уфадан келген. Қарқаралы уезінен Мұстақым Малдыбаев пен оның зайыбы атақты әнші Майра Уәлиқызының бірер жыл Қарағашта ізі қалғанын айтқан абзал. Мамания шәкірттері арасынан Біләл Сүлеев, Орынбордағы мұғалімдер семинариясын бітірсе, Ілияс Жансүгіров мұғалімдер даярлайтын курстан соң Мәскеудегі журналистер институтына түскен. Бейсенбай Келесов, Мейірман Ермектасов, Әйсейіт Бағрамов мектептен соң Уфада білімдерін көтерген. Маман ұрпағы Ыбырайым Казминпросты, Смақұл, Бибінұр САГУ-дың меди­циналық факультетін, Мұхаметрахым Тимирязев ауылшаруашылық ака­демиясын, Бидахмет, Досмұхамет Алматыдан гимназия бітіріп, репрессияға ұшырағанша жауапты қызметтер атқарған. 1928 жылы туған елі – қазағына жақсылық істеуді мұрат тұтқан Маман ұрпағының мал-мүлкі тәркіленіп, өздері Оралға, Орынборға жер аударылған.


Ұлан-ғайыр қазақтың даласында игілікті істі қолға алған Маман ұрпағын Алаштың арысы Ахмет Байтұрсынұлы зор құрмет тұтқан. 1912 жылға дейін қазақтың төл әліпбиі болмағаны, парсы, араб, татар жазуларын пайдаланғаны белгілі. Өзге ұлт сөздері қазақтың тілдік қорына ара­ласа бастағанын аңдаған ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынұлы араб таңбаларын қазақ тілінің заңдылықтарына бейімдеп, тұңғыш әліпби жасағаны белгілі. Осы төте жазуды «Маманияда» оқығандардың бәрі пайдаланған.
Мамания мектебінде 1913-1915 жыл­дары шәкірттер саны 200-ге жетіпті. Түркия, Қазан, Уфа, Семей, Орынбордан келген 16-17 мұғалім 4-5 жылға келісім­шарт жасап, дәріс берген. Стамбулдан діни жоғары семинарияны бітірген Файызрахман Жиһандаров, Каир университетін тамамдаған, сегіз тілді меңгерген Ғабдолғазиз Мұсағалиев, «Ғалия» медресесін бітірген Мұхаметқали Есенгелдин, Фатима Есенгелдина, Мұстақым Малдыбаев, Мейірман Ермек­тасов тәрізді ұстаздардың бір мектепке жинақталуы аз уақыттың ішінде мек­тептің даңқын Жетісу, сосын жалпақ  қазақ даласына паш етті.
1916 жылы қаржылық қиындықтарға ұшыраған «Қазақ» газетін тағы да Маман ұрпағы қорғайды. 1916 жылғы 31 нау­рыздағы газет мақаласында газетке демеушілік жасаған Тәңірберген қажы Тұрысбеков – 429 сом, Есенқұл қажы – 100 сом, Ғайнижамал Есенқұл қажы жамағаты – 100 сом, Айтмұханбет Тұрысбеков 100 сом, Қожахмет Маманов 50 сом, Баймұханбет Тұрысбеков 50 сом, Құдайберген Тұрысбеков 20 сом және басқалардың көмегін атап көрсетіп, барлығы 1274 сом қырық тиын жинал­ға­нын жариялайды.
Қазақ романына қазақ арасында тұңғыш бәйге өткізген тағы да Маман ұрпағы. 1913 жылы, «Қазақ» газетінде Есенқұл Маманов қазақ романына 200 сом бәйге тігіп, осындай меценаттық жа­сады. «Бұл жолды бастап шығарып, көп ақша жұмсаған адам Швед затынан Альфред Нобель деген адам деп айтсақ, онша адаса қояр ма екенбіз?!» – деп бұл туралы қуана жазды «Айқап» журналы 1915 жылғы 7-8 нөмірлерінде. Бәйгеге түскен романдарға Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхаметжан Сералин, Райымжан Мәрсеков, Шәкәрім Құдайбердиев, Жақып Ақбаев, Нарманбет Орманбетов, Нұрғали Құлжанов сынды қазақтың қайраткерлері мен қаламгерлері баға берген.

«Туған жерге туыңды тік»
Қазақстанның дамуы үшін Транссібір магистралінің, дәлірек айтқанда, оның «қазақстандық» 190 шақырымының маңызы зор болды. Бұл жол Ақсудың арыны жетпесе де ағыны жеткен, Ілияс­тың дарыны, Молықбайдың қобызының сарыны ескен, ұрпағы өскен киелі Ақсу жерінің батыс аймағындағы құм даланы басып өтті. Өз кезегінде теміржол бойына шағын бекеттер салына бастады. Сөйтіп  Ақсу ауданында Матай, Молалы ауыл­дары бой көтерді. Матай стансасының өткен жылы 80 жылдығы атап өтілді. 


Теміржолға қатысты толағай тарихты кітап етіп шығару ісіне Ақсу ауданының Құрметті азаматы, осы өңірдің  тумасы, ауданның көркеюіне үлкен үлес қосушы Сабыр Қадырұлы тікелей демеушілік жасады. Ол Ақсу ауданының орталы­ғындағы әбден тозығы жеткен тұрғын үйлерді қайтадан қалпына келтіріп, қаншама баспанасыз жүрген жандарға қуаныш сыйлаған нар тұлғалы азамат. Бір кездегі Маман әулеті бастаған меценаттық үрдісті лайықты жалғастырып келе жатқан Сабыр Қадырұлына жерлестері дән риза.
Ақсулықтарды жұмыспен қамтып отырған тағы бір шаруашылық – Ал­тынарық ауылындағы «Ақсу агрохол­дингі» ЖШС. Ақсу агрохолдингі өндіріп отырған өнімнің бірі – картоп пен пияз. Біз агрохолдингке келгенде, жұмысшылар тұқымдық картопты қоймаға жинау үстінде екен. Тұқымдық картопты жинайтын қойманы шаруашылық басшылары өздері салып, жан-жағын қымтап, қысқа әзірлеп қойыпты.  Картоптың негізгі сорты Голландия мен Германиядан әкелінген. Агрохолдинг басшысы Талғат Жуанышев қазіргі таңда 60 гектар картоп, 15 гектар пияз өндіреді. Израиль технологиясымен 15 гектар жерді тамшылап суаруда. Әрбір гектардан 400 центнер картоп, 500 центнер пияз жинап отырған шаруашылық басшысы Талғат Жуанышевке бірер сауал тастадық.  
– Биылғы жылы қанша тонна өнім алдыңыздар?
– Биыл қырық бес тонна өнім жинап алдық. 60 гектар жерге картоп еккенбіз. Құдайға шүкір, биыл өнім жақсы. Еткен еңбек пен төккен тердің арқасында жақсы өнім алдық десек те болады. 
– Дайын өнім қайда өткізіледі?
– Базарларға, облыс орталықтарына, Алматы мен Астана қалаларына да біздің өніміміз жеткізіледі. Талдықорғанның орталық базарларындағы картоптың дені біздің өнім деп айтуымызға толық негіз бар. Голландиядан арнайы трактор алдырдық. Технологиямыздың бәрі жаңа. 
–  Алматы облысының негізгі кәсі­бінің бірі  – картоп егу. Бәсекеге қабілетті болу үшін кәсіпкерге не қажет?
– Ақсу ауданында картоп өндіріп отырған шаруашылық «Ақсу агрохол­дингі» ғана. Картопты сақтау әдісі біздің холдингте  ғана бар. 
–Картопты экспортқа шығаруға мүмкіндік бар ма?
–Жұмысты бастағанымызға төрт жыл ғана болды. Болашақта өнімімізді экспорттау да жоспарымызда бар. Қойманың орналасқан жерін байқаған шығарсыздар. Кеңес Одағынан қалған ескі МТМ-ның орны. Қабырғаларының бәрі мүжіліп, қирап қалған. Қираған жерді қайта қалыпқа келтіріп, жан-жағын қымтап, іске асырып қойдық. Тұқымдық өнімнің бәрі осы қойманың ішінде сақталады. 
– Негізгі жұмыс күші ақсулықтар ма? 
– Жұмысшылардың дені – ауыл тұр­ғындары. Сырттан жалдамалы жұмыс­керлер шақырмаймыз. Жалпы, жұмыс­керлер саны – 115 адам. Оның  елуі – штатта. Күздік жиын-терін кезінде қосымша жалдамалы жұмысшыларды пайдала­намыз. Оның өзі ауылдағы ағайындар. Күндігіне –2 500 теңге төленеді. Екі ауысыммен жұмыс атқарады. 
– Жалдамалы жұмыскерлерге жала­қыны қалай төлейсіздер?
– Он күн сайын қолма-қол ақшасын алып отырады. Жиын біткеннен кейін ауылдағы ағайын масағын теріп алады. 
– Картоптың негізгі сорты Голландия­дан әкелінген екен. Бұл сорттың ерекшелігі неде?
– Голландиялық сорттар жақсы өнім береді әрі ұзақ сақталады. Біздің холдинг екі сорт бойынша өнім алады. Екеуінің дәмі екі бөлек, түрі де өзгеше. 

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық көрсетілді
 Тағдыр ауыртпалығына тап болған жанға қамқор болу жауапты іс. Ақсу ауданы бойынша 1575 мүгедек есепте тұр. І-ІІ топтағы мүгедектер саны – 773, ІІІ топтағы мүгедектер – 659, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар саны –143. Мүмкіндігі шектеулі жандардың да еліміздің дамуына, халықтың өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуына аса мүдделі екендігін ұмытпағанымыз абзал. 
Ақсулықтар физикалық мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қамқорлық жасап келеді. Өйткені олардың өз бетімен жеке үй сатып алуына мүмкіндігі жоқ. Олардың көбі тұрғын үйге мұқтаж. Тығырықтан шығатын жол қандай?  Ол жолды ақсу­лықтар тапқан секілді. Биылғы жылы аудан орталығында коммуналдық 50 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріліп, сол үйден әртүрлі топтағы 3 мүгедек жанға және 5 мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларына пәтер кілттері табыс  етілді. Пәтер алу кезегінде әлі де 35 мүгедек тіркеуде тұр. 
Баспанасы жоқ, үй тұрғызуға қауқары жоқ мүмкіндігі шектеулі жандардың проблемасын шешудің жолын тапқан аудан әкімі Әділбек Егеубекұлы  Жансүгіров ауылының Пушкин көшесін­дегі қараусыз қалған екі қабатты үйден сегіз пәтерді ағымдық жөндеуден өткізіп, мұқтаж жандарға берді. 


Жансүгіров ауылындағы ақын Сара жастар мәдениет орталығында арнайы шара өтіп, сегіз отбасыға пәтер кілтін ресми табыстады. Сегіз бірдей отбасыны қуантып, баспанамен қамтамасыз еткен жомарт жандарға қандай құрмет көр­сетсеңіз де артық емес. Арбаға таңылып, есік алдына шығуы мұң болып отырған ана мен екі көзінен айрылған кішкентай қыздың қуанышында шек жоқ. Мүмкіндігі шектеулі кішкентай балалар да қамқорлыққа зәру. Мүгедек жандарға аз да болса жылуы мен қолдауын аямаған жайсаң жандардың арасында Марат Сейфуллин, Берік Кенженов, Бауыржан Сейтбеков, Сабыр Қадырұлы, Егінбай Жақаев, Қалқабай Мусанов, Тұрсын Акимова, Бейбіт Сүлейменов, Қанат Абдрахманов сияқты  азаматтар бар. Бірі миллионын, бірі 500 мың теңгесін беріп, енді бірі қалтасындағы барын беріп, 8 пәтердің жөнделіп, іске жарауына үлес қосқан.  
Жыл бойы мүмкіндігі шектеулі 42 адам міндетті гигиеналық құралдармен, 60 адам протездік-ортопедиялық құрал­дармен, 18 адам санаторлық-курорттық жолдамамен, 7 адам сурдо-тифло құрал­дармен, 11 адам мүгедек арбасымен қам­та­масыз етілді. 
«Тұрғын үй мен қоғамдық ғимараттар салу кезінде мүгедектердің проблемасын ескеруге тырысамыз. Олардың үй-жайға кіруін жеңілдету үшін кіреберіс жолдары, пандустар қайта жасалуда. Аудан бойы­н­ша 195 нысанға құжаттау жұмыстары толығымен аяқталып, оның ішінде 19 нысанға пандустары нормаға сай қайта салынып, 5 нысанға бейімдеу жұмыстары жүргізілді» дейді аудан әкімі Әділбек Егеубекұлы. 
Мүгедектерді жұмысқа орналастыру мәселесі де оң шешімін тапқан. Жергілікті атқарушы органдардың шешімімен мекемелердегі жалпы жұмыс орында­рының санынан үш пайыз мөлшерінде жұмыс орындарына квота белгіленген. 
Аудан бойынша еңбекке қабілетті жастағы мүгедектердің жалпы саны  419 адам болса, оның 163-і әртүрлі кәсіп­орындарда, 52-сі жеке шаруа қожалық­тарында, 51-і өзін-өзі жұмыспен қам­тыған. 
Аудандық денсаулық сақтау саласы арқылы «Ақсай» республикалық балалар клиникалық ауруханасында 13 бала ем алса, Астана қаласындағы оңалту орталы­ғында 2 бала тиісті оңалту және емдік шараларын алды. 
Аудан әкімі шешімін тапқан бұл мәселе өзге өңірлерге де үлгі боларлық іс.

Аудандық емханаға тәжірибелі маман қажет 
Бұл бір ғана Ақсу ауданының басындағы жайт емес. Шалғайдағы аудандардағы емханаларда тәжірибелі маман тапшы. Ірі қалаларда білім алған мамандар шал­ғайдағы ауылға барғысы келмейді. Кө­бінде ірі орталықтарда қалуға тырысады. Ақсу аудандық ауруханасының бас дәрігері Асқар Қалиұлы Балтабаевтың да пікірі осыған саяды. 
Ауруханада науқастарды емдеуге арналған 130 орын және емхана бар. Алтынарық, Көкөзек ауылдарында екі амбулаториялық бөлімше жұмыс істейді. Бас дәрігер Асқар Қалиұлы: 
– Емханада күніне 250 адам қабылдай аламыз. 260-тай қызметкеріміз бар. Жақсы зертханамыз да бар. Аудандық аурухана арнайы жөндеуден өтті. Рентген аппараттары да алынған. Әзірге емханамыз шағын болып тұр. Келешекте үлкен емхана салынады деген әкім­шіліктің арнайы жоспары бар. Үлкен емхана ашылатын болса, негізгі мәселелер де шешімін табар еді. 
– Білікті мамандар бар ма?
– Ауруханада бұрыннан келе жатқан білікті дәрігерлер бар. Одан бөлек, бірнеше жас хирургтер келді. Негізінен, дәрігерлерге тапшымыз. Сырт жақтағы аудандарға мамандар көп келе бермейді. Медициналық академияны бітірген жас мамандарға үш жыл елді мекендерге жұмыс істеуді міндеттеу керек. Сонда проблема өз-өзінен шешілер еді. 
– Ең қашық аудан қайда орналасқан?
– Аудан орталығынан 170 шақырым жерде.
– Қашық ауылдардан тұрғындар ем алуға қалай үлгереді?
– Аудандардың бәрі екі бөлікке орналасқан. 70 шақырымдағы  жүрек ауруымен ауыратындарды Талдықорған қаласына алып барады. Қашық ауыл­дардағы тұрғындарды аудан орталығына алып келеді. 
– Ауруханада қандай жедел-жәрдем көрсетіледі?
– Хирургия бөлімінде бес хирург ауруларға ем жасайды. Терапия, өзге де жедел қызмет көрсету орталықтары бар. Төте жолдың бойында орналасқандықтан, жол апатына ұшырағандардың денін осы ауруханаға алып келеді. Одан бөлек, жоспарлы операциялар жасалады. Жүкті әйелдерге де жедел жәрдем көрсету – біздің басты міндетіміз. 
Асқар Қалиұлы жаңа басшылыққа келгелі халыққа көрсетілетін қызмет те жақсара бастады.  Бас дәрігермен бірге білікті жас дәрігерлер де келе бастапты. Қазір аудандағы жас мамандардың дені баспанамен қамтамасыз етілген. «Білікті дәрігерлердің арқасында аудандағы әлеуметтік аурулардың мәселесі шешіліп келеді» дейді жергілікті тұрғындар. 

Жүз жылға жететін гранит
Аудандағы негізгі кәсіптің бірі – ша­ғын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Бұл сала бойынша 2969 белсенді субъектілерде 8215 адам жұмыс жасауда. «Даму», «Өндіріс-2» бағдарламасымен 856 млн теңгелік екі жоба қаржыландырылды. «Жетісу-гранит» ЖШС өз жұмысын бастаған. Гранит өндіру ісін қолға алған жергілікті кәсіпкерлер бұл жобаның «ЭКСПО – 17»-ге де өз үлесін қосатынын айтады. Көрме құрылысына жергілікті гранит тасын пайдалану жоспарда тұр. Ақсу ауданындағы гранит қоры ұрпақтан- ұрпаққа жетеді. Бір шаршы метр жерді жүз жыл қазуға болады. Табиғат берген байлықты өндіруді қолға алған ақсу­лықтар осылай дейді. Гранит зауытының ашылғанына да көп бола қойған жоқ. Жергілікті кәсіпкерлер де гранит зауы­тының өнімін пайдалануды қолға алды. Облыс территориясында қолға алынған ғимараттардың құрылысына қажетті гранит тасы іске жарап тұр. Гранит қоры шексіз.  Әр ауысымда төрт адам еңбек етеді. Келешекте жұмыс­керлердің саны да ар­туы мүмкін. Кезінде Кеңес өкіметі гранит қорын зерттеп, игере бастаған. Алайда кейін тастап кетеді. Ақсу грани­тының сапасы да жоғары екенін ғалымдар дәлелдеген.  Тереңдеген сайын берік, бедері айқын бола береді. 

 

Қаңыраған баспанаға жан бітті
Жансүгіров ауылдық округінде 39 пәтерлі тұрғын үй салынды. Оған 161 млн теңге қаражат жұмсалған. 39 пәтерлі тұр­ғын үйдің жанынан 2014 жылы 50 пәтерлі тұрғын үй салынып, 2015 жылы халыққа берілді. 50 пәтерлі тұрғын үйге заңды кезек­ке тұрып, ауыл тұрғындары ие болуда. 
Ақсу – ең байырғы аудандардың бірі. Аудан орталығында Кеңес кезінде ха­лық­ты жұмыспен қамтамасыз ету үшін Қант зауыты салынған. Қант зауыты 1967 жылы салынған. Зауыт жұмысы жүріп тұрған кезде онда 300 адам еңбек етіпті. 350 адам қосымша жұмыстармен айналысқан. Сонда бас-аяғы 650 адам бір зауытта қызмет атқарған. Қант зауытының көлемі де үлкен. 3 мың тонна қант қызылшасын бір күнде өндірген зауыттың қазір қаң­қасы ғана қалған. Қант зауыты дүрілдеп тұрған кезде ақсулықтар баспанамен де толық қамтамасыз етілген екен. Қазір қаңырап қалған тұрғын үйлердің дені қант зауыты ашылған жылдары салынған үйлер. 2006 жылы қант зауыты жұмысын тоқтатқан. Одан бері  тоғыз жыл өтіпті. Қант зауыты тоқтағаннан кейін Ақсудан ел көше бастайды. Аудан құлдырай бастайды. Қазір аудан аяғынан қайта тұра бастады. Бұрынғы Қапал қазір Ақсуға қосылған.  Ауданның іргесі кеңи бастады.  Ақсу ауданының жер көлемі  – 12,6 шаршы/км.  Жансүгіров ауылдық округі бойынша халық саны – 011872, оның ішінде Көкөзек ауылында – 939 адам, Алтынарық ауылында – 649 адам, Жансүгіров ауылында – 10284 адам.  Қазір аудан қайта түлеген. Ауданда  «Алтын асық», «Сыбаға» бағдарламалары аясында ауданда бірқатар нақты шаралар қолға алынған. 
Молықбай атындағы мәдениет үйі де 2005 жылы күрделі жөндеу жұмысынан өткен. Мәдениет үйі 230 орынға арналған. Мәдениет үйінің тағы бір артықшылығы, аудандық кітапхана да осында орналасқан. Кітапханада 25555 кітап қоры бар. 
«Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша ауызсу мәселесі де шешімі тапқан. 2014 жылы Алтынарық ауылына су құбыры кіргізіліп, 112 млн қаражат игерілді. Қазіргі таңда әрбір ауыл тұрғындары ауыз­суды үйіне кіргізіп пайдалануда. 
Қаңыраған үйлерге жан бітіп, қайта құрылыс жұмыстары жүргізіле бастады. Бұл да жергілікті азаматтардың көмегімен жүзеге асырылған игілікті істердің бірі. 2015 жылы Жансүгіров ауылында 10 коммуналдық тұрғын үй құрылысына жергілікті бюджеттен 108 млн 675 мың теңге бөлінді. Он үйдің қабырғасы тұр­ғызылып, төбесі жабылған. Құрылыс жұмыстары да аяқталып қалды. Кезегін күтіп отырған ақсулықтар жаңа пәтерге ие болар күн алыс емес.

Шипалы бұлақтың суы жанға дауа
Қапал ауылының ортасындағы өзектің жарқабағынан бұлақ суы көз жасындай мөлтілдеп тамып тұр. Бұл – Тамшыбұлақ. Алғаш рет Тамшыбұлақты зерттеп, тарихи деректермен көрсеткен Шоқан Уәлиханов. Шипалы бұлақтың суын көне заманнан бері жергілікті халық әртүрлі ауруларды (көз, асқазан, сүйек-буын, жүйке аурулары және т.б.) емдеуге қолданған. 
Тамшыбұлақтың табиғаты бөлек. Қыста да, жазда да бұлақ бастауынан су тамшылап ағып тұрады. Бұлақтың аты осыдан шықса керек. Шоқан Уалиханов бұлақ жөнінде аңызды көнекөз қария­лардан естіп, жазып алады. Аңыз бойын­ша: «Күн сәулесіне құбылған Тамшы­бұлақтың тамшылары бірін-бірі сүйген сұлтанның қызы мен шопанның ұлының көз жасы көрінеді».
ХІХ ғасыр ортасында Қапал шаһары­ның шалқыған сән-салтанаты мен жері жайлау, климаты жұмсақ,  табиғаты шұрай­лы жері талайларды қызықтырған. Қапал­ды алғаш зерттеген Алғазин: «Дұрыс қолданған жағдайда мұндай табиғи шипасулардың қандай пайда келтіретінін есептей келіп, мен осы хабарды хабарлауды өз парызым деп есептеймін» деп жазып, рапорт берген. Киелі жерге келіп, таң­ғалған ағылшын саяхатшысы Аткинсон Алатау бөктерінде туған өз баласына «Тамшыбұлақ» деген есім береді. 
1995-97-жылдары Марат Алыбаев Алматыдан ғалымдар алдыртып, Тамшы­бұлақ суының денсаулыққа өте пайдалы екендігін ғылыми тұрғыда дәлелдейді. Арнайы анықтамалық құжаттар да дайындалады. Тіпті ол жерден минералды су шығаратын кәсіпорын салуға бо­латынын анықтаған. Алайда бұл шаруа жүзеге аспай қалады. Келешекте бұл шаруаның шешімі табылады деген ойдамыз. Тамшыбұлақтың әрбір там­шысы жанға дауа, дертке шипа. 

 

ТҮЙІН

Бұл өңір – ақын Сара, Мұқан Төлебаев, Тұрсынзада Есімжанов, Мұқаш Құдашев, Свет Оразаев, Жамау Бұқарбаев пен  «жүректегі жалынды жерге беріп, ұшырайын құсымды елге қарай» деп жырлаған Қанипа апамыздың туған өлкесі. Осындай перзенттерді дүниеге әкелген өңірдегі өрендердің  еңсесі  ешқашан түспеуге тиісті. Аудан әкімі Әділбек Далбағаев мырза «Ауданымыздан ел басқа жаққа көшіп кетпесе, жастар тұрақтап қалса, келешегіміз кемел болса» деген ізгі арманын бізден жасырған жоқ. Осы мақсатта республиканың түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген ақсулық азаматтарды туған өлкені қолдауға шақырып өтініш жасапты. «Туған жерге туыңды тік» атты акция алғашқы нәтижелерін бере бастады. Баспанаға мұқтаж 118 адам жаңа пәтердің кілтін алды. Солардың арасында 8 мүгедек жанға жасалған жақсылық жүректі тебірентті. «Жүрегі бар жандар бар, үміт үзбе» деп жергілікті ақын жырлағандай, Ильяс Жансүгіровтің туған жерінде жүрегі бар жандар еліміз, жеріміз көркейсін деген шын ниет, шынайы тірлік үстінде екенін көз көрді. Осындай орайлы әрекеттерге халқымыздың аяулы ұлы Нұртілеу Иманғалиұлы тәрізді қайраткер тұлғалар да қомақты үлес қосуда. Жетімін жылатпаған, жесірін тентіретпеген қазақ елінің ата салтымен «Ақсу ауданында жылаған жесір, теперіш көрген жетім, мүгедек жандар болмасын» деген тілектегі барша азаматқа Алланың нұры жаусын дегіміз келеді. «Нұр Отан» партиясының бастауымен елімізде мүгедек жандар үлкен қамқорлыққа алынды. Осы ретте Ақсу ауданындағы жаратылысы кем жандарға жасалып отырған қамқорлық республиканың өзге өңірлеріне бір жағы өнеге, бір жағы үкілі үлгі болғай!

Дереккөз: "Айқын-ақпарат"

Қатысты Мақалалар