1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлердің ерлігі мен батырлығы жас ұрпақ үшін қашанда үлгі. Олар Отан үшін отқа түсті. Бірі – қан майданда ерлікпен қаза тапқан, енді бірі хабарсыз кетті.
Солардың бірі – ақиық ақын Мұқағалидың туған жері Қарасазда дүниеге келіп, өз еркімен 10 сыныпта майданға аттанған Асанғазы Темірбеков. Асанғазы 1942 жылы майданға атанып, соғыстың қайнаған ортасы Невель қаласындағы ұрысқа қатысыпты. Ұрыстың алғашқы күнінде-ақ, ерлігімен көзге түсіп, «Ерлігі үшін» медалiмен марапатталған екен.
Асанғазы 1942 жылдың басынан 1943 жылдың қазан айының 15- іне дейін үйіне хат жазып тұрған. Ол өзінің соңғы хатында «7 қазанда Невельді жаудан азат еттік, енді алда үлкен шайқасқа дайындалып жатырмыз. Осыдан аман шықсам хат жазамын» деген хаты келген. Осыдан кейін Асанғазыдан хабар болмаған. Қыршын жастың өмірі осы бір үлкен шайқаста қиылған сияқты. 1945 жылдың маусым айында Асанғазының хабарсыз кеткендігі туралы КСРО Қорғаныс министрлігінің қара қағазы келген. Сол хабардан кейін әке-шешесі баласын өлімге қимай өмірден өтіпті. Туған інісі Болат Темірбеков және Ресейде тұратын биология ғылымдарының докторы, профессор, қарындасы Сұлухан Темірбекованың тынымсыз ізденісінің арқасында «хабарсыз кеткен» бауырының араға 67 жыл салып, 2010 жылы қай жерде жерленгенін анықтайды. Асанғазы Ресейдің Псков облысы Невель ауданы Турки-Перевоз елді мекенін азат ету шайқасында қаза болып, бауырлас жауынгерлердің зиратында жерленгенін білген. Оның ерлігі мен батырлығы туралы да тың деректер табылған. Қыршыннан қиылып, Отан үшін мерт болған Асанғазыдай батырдың ерлігін мәңгі есте қалдыру мақсатында Қарасаз ауылындағы Албан-Асан Барманбекұлы атындағы орта мектеп-гимназиясының қабырғасына Асанғазы Темірбековке ескерткіш-тақта қойып, ас берді. Салтанатты шараның ашылу салтанатына Райымбек аудандық мәсихаттың хатшысы Е.Құдабаев, ауыл әкімі А.Сыпатаев, Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагері Қ.Қамыров, Асанғазының сыныптасы, ардагер ұстаз Ж. Келдібекова, ауыл ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж. Өтеев, мектеп директоры Ә.Нөкеев, жауынгердің туысқандары Б.Темірбеков, Мәскеуден арнайы келген қарындасы С.Темірбекова және басқа ауыл тұрғындары қатысты. Салтанатты рәсімде сөз алған аудандық мәслихаттың хатшысы Ерлан Құдабаев мұндай шараның жас ұрпаққа патриоттық рух беретін жақтары көп екенін жеткізді.
«Мектеп қабырғасына қойылған Асанғазының ескерткіші оқушыларды ерлікке, Отанды сүюге шақырады. Майданның алғашқы күнінде-ақ 16 жау әскерін жойғаны үшін оған «Ерлігі үшін» медаль беруі тегін емес. Бұл – ерлік, батырлық. «Қарасаздан 132 адам соғысқа аттанып, солардың 87-сі оралмады. Біздің балалық шағымыз қиын уақытта өтті. Соғыс жылдары майданға қатар аттандық. Ауыр кезеңдерді бастан кешірдік. Соғыстан кейін еңбекке араласып, ауылымызды көркейтуге үлес қостық. Өрімдей Асанғазының ерлігі кімге де болмасын өнеге. Мына ескерткіш мектеп оқушыларының Отанды сүюге, туған жер мен елге деген сүйіспеншілікті үйретеді. Жас та болса ол өмірін қиып, мерт болған батыр» деді Қанатай Қамыров.
Ардагер-ұстаз Жалғас Келдібекова соғыс басталғанда Асанғазымен бір мектепте оқып, білім алғанын айтты. «1942 жылдың қаңтарында «Социалистік Қазақстан» ауылынан төрт жігіт Қасымхан Үмбетов, Сапарбек Жайшыбеков, Мұқаметжан Ахметов және Асанғазы Темірбековтің майданға аттанғанын көзіміз көрген. Асанғазылар бізге көрші тұрды, балалық шағымыз бірге өтті. Біздер оның ағалық қамқорлығын көріп өстік. Ол мектепте жақсы оқып, комсомол жұмысына белсене араласатын» десе, ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмаш Өтеев мекеп қабырғасына қойылған ескерткіштің мәні зор. Олар Отанын қорғады, ерліктің үлгісін көрсетті. Соның бірі – Асанғазы, – деді. Мектеп директоры Әділжан Нөкеев мұндай ескерткіш ауданымыздың мектептерінде алғаш қойылып отырғанын Асанғазыдай батырдың Ұлы Отан соғысында ерлік жасағаны үлкен мақтаныш екенін айтты.
Асанғазының туысқандары Болат Темірбеков, Сұлухан Темірбекова және Қаныш Темірбеков Ұлы Отан соғысында ерлікпен мерт болған бауырларына ескерткіш-тақта орнатуға көмегін берген Алматы облысы мен Райымбек ауданының әкімшілігіне өз ризашылықтарын білдірді. Мектеп оқушылары батыр ағаларына арнап концерттік шаралар ұйымдастырды.
Дереккөз: "Айқын-ақпарат"