(Ақын Ербол Бейілханның лирикалық кешулері жөнінде)
Әлқисса, жақсы өлең қашанда қона, түстене жатып келетін ырғын, мол уақыттың дүниесі емес, қас қағым сәттік көңіл күйдің жарылысы. Лап еткен сәтте бір шайырдың жүрегінен таңғы шықтай мөлдіреп түскен сол дүниені төгіп-шашып алмай саналы оқырманның көңіл жайлауына қондыру – кез келген жазамнанның қолынан келетін оңай-оспақ іс емес. Бұл әңгіме турасында біз қазақ жырына қаз мамығындай жұмсақ, таудың шүйкелі ақ тұманындай нәзік лирикаларымен келіп қосылаған Ербол Бейілханның жазбалары жайында аз кем сөз етпекпіз.
Былай қарағанда бір ақынның жүрек тамырларында дүлей күшпен соққан сұрапыл дауылды, қылдан да жіңішке, қара түндей сырлы лирикаларын талдап шығудың өзі оңайға соқпасы анық. Өйткені, арашық пен көңілде ғана мөлдірегені болмаса, сынаптай аунаған таңғы шық қолға қайдан ұстата қойсын?!..
Ойы мен сезімі, сағынышы мен азабы астарласқан байтақ ақындық әлемнің сағым жортқан белдерін, үнсіздік жұтқан қопалы көлдерін, бірде, миюуалы сайранбағын кезіп жанын жегіқұрттай мүжіген белгісіз бір тынышсыздықтың емін іздген шайыр жүрегі ана-табиғаттың өзіне айналып кеткендей.
Ербол ақынның «Күз-көңіл» деген жырына наза салайықшы:
Тамыз тозып, естіледі күз үні,
Жоннан үрікті, жаз жайлаудың қызығы.
Тозған сайын әжем жамап қоятын,
Көңілде бір киіз үйдің үзігі.
...Алтын күздің көзі тиіп, жаз өлді,
Қамыс толқып, қияқ көкке саз өрді.
Көшкен ауыл жұртын сипап қалғандай,
Жамау көңіл, сағыныштан наз емді...
Былай қарасаңыз жақсы өлең дегеннің өзі де салыстырмалы түрде айтылған сөз. Ақиқатына келгенде көркіне көз, сырына ой тоймайтын көркем табиғаттың асыл шексіздігі сияқты, жақсы өлеңде де шек болмайды. Жазылып бітпес жараның, айығып бітпес наланың бәрін қайырып тастап бірде асқар Алтайдан арқырап аққан Ертістей жөңкіледі, бірде Қобдадай буырқана тасиды.
Жалғызсың ба!?
Менде ойда жалқымын.
Мұңым да көп, сырым бөлек жартымын.
Жалғыз-жалғыз келіп едік жалғанға,
Жалғыз-жалғыз аттармыз арманда,
Жалғызсырап отырамын қара түн,
Төңірекке қара тілін салғанда.
Маңайымда адамдар жүр қаптаған,
Олардан да сырлас біреу таппағам.
Жалғыздықтың жаяу кешіп аралын,
Тағы міне, жалғыз кетіп барамын.
Бала күннен түскем жалғыз соқпаққа,
Ей, жолаушым енді мені тоқтат па?
Осы жолда тоқтағанша жүрегім,
Ең ақырғы сәттке дейін жүремін... (Жалғыздық немесе Аллаһты іздеу).
Жыр құдіреті дегеніміз қай-қашанда адам жүрегін тебіренткен, айтылмай, ашыққа шықпай тынбайтын өктем рухтың жарқылы, жанның жасырын сұлбасы, болмысы. Шайыртегінің өзге жұрттан артықшылығы – дүниелік бітіммен, табиғатпен табысып, кез келген пенде баласы әсерлене бермейтін кұбылысқа жанымен, бітімімен тебіренетіні, кез келген жүрек әсерлене бермейтін нәрседен әсерленетіні.
Міне, бұл – ақынның ұлы табиғаты, мінезі. Ең әуелгісінде өлең осындай тазалықтан, адалдықтан жаралса керек-тін. Мыңдаған жылдар бойы шынжырлы сауытын киіп, баданасына сағым жұтқан сары белдер шағылып, «дулығасының төбесі туған айдай нұрланған», төрт құлаш қара найзасын алдына көлденең ұстап, Азия мен Еуропаны қаншама ғасыр шаңдатқан көшпенділердің рухы біздің қазақ жырына қаншама заман сәулесін түсіріп, рух беріп тұрды. Ербол ақынның жан болмысы, жаратылыс құпиясы осынау далалық тектен, таулық асқақ мінезден бастау алса керек.
...Деседе, өлең жөнінде сөз болғанда тас бұлақтың суындай сылдыраған әуезді ырғақ құрылысы болмаса, өлеңнің адамның ең нәзігі, ең асылы болған сезім дүниесіне қоңсы қонуы екіталай. Сол себепті оның кемел мазмұны формаға әсте бөлінбейді. Бұл жағынан келгенде халқымыздың өлең халқы болғанына бәрекелді айту керек.
...Түн асты – кербесті жыр,
Жалына жұлдыз түнеп.
Тоқиды өрмекші құр,
Ажалға басын сүйеп...
...Күз тағы... Қоңыр әуен,
Суық жел ұсықны ауған.
Зулайды сағым әлем,
Аспанда құс жылаған. (Құс жылаған...)
«Өмірде ащы-тұщыны айыратын таңдай десек, өнерде жақсы-жаманды айыратын талғам екені рас. Талғам – таланттың таразысы. Талантты таба қылатын да талғам, оны танытатын да талғам. Талғамсыз талант табасыз нан іспеттес. Қай бұрышы қалай қисаям десе де еркі», – дейді Жұмекен Нәжiмеденов. Поэзияның шулы базарына ат басын кешірек тіресе де өзіндік биік талғамымен, нағыз талантқа тән дайындықпен келген Ербол ақынның лапылдаған жырлары оқырман көңілінен орын тапты. Жастардың іздеп жүріп оқитын ақынына айналды.
Даланың бізге көрінбейтін мейірімді жанарында тұнып тұратын, аспанның қабағынан бір сәт те жарқ етіп көрініп, қайта жоқ болатын сағыныш – күздің сіберлей тамған жасы сияқты, көңіл қоймасынан жалт етіп шыққан осынау жыр үзіктері ақынның сезім шатқалына қарай еріксіз жетелей жөнеледі.
Мен саған сыйға тартқан, Күз еді бұл,
Қарасудың бетінде жүзеді жыл.
Ұшырып қоңыр үнді қоңыр қазын,
Біз барған қызғалдақты жүдеді қыр.
Ол Көктем, сен(і)мен бірге тырна келген,
Дариға-ай, дәурен еді сырға ерген.
Кешір сен, Көктем емес, Күз сыйладым,
Тәп-тәтті, қоңыр ойлы мұңға көмген... (Мен сыйлаған, Күз).
Мұң мен сағыныш қашанда ақынмен қатар жүретін қасиетті сезім. Ол күллі пенде атаулыға тән болғанымен, шайырлар ғана шайқап ішіп, құнарын алып, құнын жеткізіп айта алатын сезімдік құбылыс. Қашанда ақын мұңы – адамзаттың мұңы, ақын сағынышы – адамзаттың сағынышы.
Ербол сыйлаған күз, Ербол кешкен сағыныш, Ербол көтерген мұң – жалпы адам ғұмырының күнгейі мен теріскейі, бақыты мен азабы, қуанышы мен қайғысы алмакезек арпалысқан тынымсыз, мазасыз қатпар-қатпар кешулер мен бар болмысын бойына жасырған ұлы аңсар!
«Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей,
Екі күймек бір жанға әділет пе?...» деп күйзелген Абайдан бастау алып
Әңгіме ғып күңіренед.
Жел, күңіренбе, жасың тый,
Өлім күйі – тәтті күй.
Балқиды жаным бұл күйге.
Мені де, өлім, әлдиле...
Әлдиле, елім, әлдиле!», деп күңіренген қайран Мағжаннан жалғасып
«Жалғыз түп ағаш көріп пе ең,
Жабырқап өскен далада,.
Емен деп мені бағала!», -деп мұңайған Мұқағалиға жеткен осынау сары мұңды – сазға бауырын төсеп, саптаяқтап ішіп, төгіле жырламаған ақын кемде-кем бүгінде. Ербол ақын сол мұңды, сол сағынышты басқаша көзбен көреді, басқаша жүрекпен қабылдайды, басқаша жыр тіліне көшіреді.
Шайыр жүрегі қашанда – алдаспан ақиқаттың, риясыз һәм кірсіз тазалықтың қатал сұраушысы. Бірақ айнала қоршаған абақты-қоғам, тарғалаң-заман, итпегі көп тіршілік тәртібі үнемі тек қана әділдікпен, шындықпен, тек ізгілікпен ғана тыныс алмайтыны тағы бар. Дәуірінің маңдайына тар келіп, қоғамның қалыбына сыймаған ақындар мұңданбағанда, кім мұңданбақ? Сағым көшкен сары даласы, ақ мұнар бүркеген асқар таулары шалғайда қалған, қасиетті мекенін түсінде һәм санасында ғана көретін ақындар сағынбағанда кім сағанады?
Күз бейнесі – қара суық, қара жел,
Күзеу суып, қыстау жаққа тарады ел.
Бұлдыраңдап бұлтқа сіңген тырналар,
Қалқатайдың бір хабарын ала кел!
Ел мен жердің тастан оқып дерегін,
Құстар қайтты өзіне алып керегін?!
Сұрағанға үнсіз қалды дерсіңдер,
Жырсыз қалды, мұңсыз қалды демегін.
Ербол ақын да сондай. Белгісіз аңсау жанын мүжіп, бедеу бестінің шоқырақ жүрісіндей жан тыныштығын алатын қатыгез уақытты, сол уақыт жетелеп әкеліп, сүйреп алып кететін сары күзін қуана қарсы алып, мұңая шығарып салып, жан жарасын, ішкі шерін өзінің жып-жылы, тәп-тәтті, бөлекше тұлғасы бар лирикаларымен оңашада емдейтін Бөрі-ақынның толғанысы тасқа басылып сол уақыттың еншісіне өтіп жатыр. Бұған неге қуана қол соқпасқа?..
Бұлт көшеді, шуда-шуда ұйысып,
Тағдыр ма бұл, кете алмадық, қиысып!?
Көлден ұшқан көкала үйрек секілді,
Өлеңіміз барады ұшып сүйісіп...
Күздің демі – қара суық, қара жел,
Ал, Қара Күз, қарайлама, бара бер!..
Бұлдыраңдап бұлтқа сіңген тырналар,
Қалқатайдың бір хабарын ала кел!
Адамзаттың неше он мыңдаған жылдар бойы басып өткен ұзақ өміріне байыздап қарар болсақ, сол ұзақ сапар бойында жасап кеткен барлық көркемөнері мен поэзиясында, тарихында махаббаттан, ғашықтықтан артық көп жырланған тақырып кездеспейді. Ескі замандарда әр халық махаббатты өздерінің ұғым түсінігіне, діни сеніміне, өздері жасаған заманына сәйкес әрқилы қабылдағаны көзге ұрады. Мысалы, көне грек, рим қолжазбаларында Махаббат құдайлар кейпінде сенімге бөленіп, ғаламның бар сыры солардың қолында деп дәріптелді. Осынау жойдақсыз сенім нәтижесінде жаратушы Иенің өзі махаббат мағынасымен бірдей қолданылған.
Ал, қазақ ақындарының ұғымында, соның ішінде Ербол ақынның түйсігінде мүлде басқаша саф таза сезім ретінде жырланады.
Сәукелі-сәуірім! Тобылғы торы мұң сыйлаған,
Торғындай сусыған, тоқылдақ-уақыт мазасыз.
Сарғалдақ сағыныш... қызғалдақ ғұмырым қимаған,
Желбегей шапандай жел қуған күндерім бағасыз.
Өлеңді жағалау, жусаны бүрлеген күнгейім,
Сары сірік теріскей, сағым бел кілкіген жоталар.
Ардағым!.. Өлшеусіз сезімді ақылмен күрмеймін,
Сыртым дүр сыр бермес, ішімде боздайды боталар. («Бақыттың Гүлі»).
Фома Аквинскийше қарасақ «Нағыз махаббат – Құдайды сүю» деген тиянаққа тоқтаймыз. Бұл – жаратылыс мәнін түсінуге деген ең ұлы құштарлық. Ал жеке адам басындағы махаббат сезімі де тұп-тұнық парасат пен айнымас ізгіліктің бастау алар көзі. Ербол ақынның қаламынан төгілген жауһар сезімдер жартастан атқылаған Алтайдың хрустал бұлағы спетті жан сарайыңды ашып, ауыр шөлден кепкен аңқаңды жібітеді, жаныңа құштар күш сыйлайды. Жоғарыда және төменде мысалға келтіріп отырған үзік жырлар сол жартас-бұлақтан ағылып шыққан мөлдір тұманың бірнеше тамшысы ғана.
Аршаның түсіндей жап-жасыл-Бақыттың Гүлісің,
Жауқазын сезіммен бәйшешек гүлдеді қырдағы...
Ақшулан бұлттар да төгіліліп ән салды күміс үн,
Жүректің емі өзің, «Долана» қол жетпес шыңдағы.
Жүрегің кіршіксіз, мөп-мөлдір қайынның сүтіндей,
Сағындым!.. төзімім қайыспас қарағай қапталы.
Көңіл бұл Жайықтай толқиды, қаламын түсінбей,
Биыл тым әдемі, Сәукелі-сәуірдің ақ таңы!. («Бақыттың Гүлі»).
Қаншама уақыт өтсе де, ендігі өтер уақыттың соңғы жетер жері қай тұстан аяқталса да мәңгілік тақырыпқа айналған махаббат сезімі де сол сәтке дейін жоғалмақ емес. Мұндайда жастарға қарата айтқан Мұқағалидың «Поэзия – махаббатпен басталып, парасатпен аяқталуы тиіс», – деген ғажайып сөзі ойыңызға оралады.
Санаулы мерзім ішінде санасын билеген сағыныш пен мұңды, арман мен қиялды, үміт пен күдікті, қуаныш пен қайғыны жыр тіліне аударып, даламен, табиғатпен етене ғұмыр кешкен шайыр Ербол Бейілханның өзі де сол даланың жетінші түйсігіне айналып бара жатқаны бәрімізді орасан қуанышқа бөлейді, тайталасқа түсіп жатқан ӨЛЕҢ ертеңінің ғұмырлы болатынына сендіреді.
«Талант деген дән іспеттес: құрғаққа, аңызаққа өспейді. Оның бораздасы – әжім, жаңбыры – тер. Еңбекпен ғана ол көз сүйсінерлік көк алқапқа айналады», – деп ескертіп кеткен ұлы Жұмекен Нәжiмеденовтың басып өткен жолы-ақ кез келген ақынға үлгі болары даусыз.
Махаббат барда, махаббат туралы мұңды жырлар барда һәм түбі, шегі жоқ бекзат сағыныш барда өлеңнің жер бетінен ешқашан ғарышқа көшіп кетпесі анық...
Жүрегі күзге, жаны асыл сағыныш пен белгісіз бір мазасыздыққа толы, далалық асқақ жырларымен дараланған Ербол ақынның көңіл толқытар жазбалары жайлы айтарымыз да мұнымен бітпесі да анық...
Ұларбек ДӘЛЕЙҰЛЫ
Ақын Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері
Пікір қалдыру