Екі күннен кейін Сочи қаласында қысқы олимпиада ойындары басталады. Спорт оқиғасына бара алмаған жанкүйерлер салтанатты ашылу рәсімі мен тартысқа толы тамаша сәттерді телеарнадан қызықтайды. Алайда ойындарды көрсету құқығы барлық арналарға бұйыра бермейді.
Бүгін ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар брифингінде Сочидегі олимпиада ойындарын ақпараттық қолдау мәселесі сөз болды. Бірер күннен кейін спорт әлеміндегі ең басты оқиға ХХІІ қысқы олимпиада ойындары басталады. 7-23 ақпан аралығында дүниежүзінің миллиондаған жанкүйерімен бірге қазақстандық көрермен де Сочидегі қызу тартысты тамашалайды. Ал ел аумағында олимпиада ойындарының трансляциялау құқығына алғаш рет республикалық екі телеарна ие болып отыр. Атап айтқанда, «Хабар» Агенттігі» мен «Қазспорт» арнасы. Басқа ақпарат көздерінің олимпиададан қандай да бір бейнематериал немесе фотосурет таратуы заңсыз деп саналады. Қысқы олимпиада ойындарын Қазақстанда трансляциялауда айрықша құқыққа ие болған «Хабар» Агенттігі» ашылу салтанатын тікелей эфирде көрсетеді. 3,5 сағатқа созылатын оқиға 7 ақпанда Астана уақытымен 22:00-де көреремен назарына ұсынылады. Сонымен қатар телеарна спорттың жеке түрлерінің аяқталуын және олимпиаданың жабылуын да тікелей эфирден береді. Биылғы эфир уақытының жүзден астам сағаты осы жылдың басты спорттық жарысына арналмақ. Жанкүйерлер олимпиаданың ең қызықты және маңызды сәттері туралы жарыс күнделігі арқылы хабардар болады. Сондай ақ олимпиадалық сайыстар туралы сюжеттік шолулар «24KZ» телеарнасының жаңалықтарынан да ұдайы беріліп тұрады. Ал ойындарды эфирде заңсыз таратқан деректерге куә болған азаматтарға құқық қорғау оргындарына дереу хабарласу сұралады.
Сочиден алғашқы тарнсляция ертен сағат 11:35-те «Қазспорт» телеарнасынан бастау алады. Көрермендер сноубордтан іріктеу сындарын тамашалайды. Ендеше, спорт оқиғаларын тамашалап, жерлестеріміздің жеңістеріне куә болайық.
"Бақ.kz"
Пікір қалдыру