Әлқисса!
Әуелде вандализм дегеніміз не деген сауалға жауап іздеп көрейік. Жалпы вандализмнің шығу тарихы тым тереңде. Сонау 450 жылдары Рим империясында пайда болған. Түп мағынасы «қиратушы», «сындырушы» дегенді білдіреді. Рим империя болып тұрғанда, мәдениеті осал тайпалар Римнің архитектуралық құрылыстарын қиратқандарға қатысты айтылған термин. Вандалдар.
Сол заматтан ғасыр түгіл, дәуір көшті. Алайда дәлдүріштердің әлі де бар екеніне көзіміз жетіп отыр. Алыстан арбаламай, жақыннан дорбалап қараңызшы. Жерасты өткелдері, қабат үйдегі қабырғаларға жазылған жазулар... Оқуға ауыз бармайтын дүниелер кездестіруге болады. Демек вандалдардың дәуірі әлі өткен жоқ деген сөз.
«Лихие 90-ы» дегенді кім естімеді? Бұл жылдары көшеге құрылыс жасау мүмкін емес еді ғой. Олай емес деңізші? Жарық салса сындырады, орындық қойса қиратадының кері. Бірақ араға біршама уақыт салып бұл мәселенің беті бері қарағандай болды. Халықтың жағдайы жасалды, тұрмыс түзелді. Демек санада көтерілді деген сөз.
Бірақ... Мәселенің барлығы осы бірақтан туындайды емес пе? Мәдениет қанша дамығаны мен оның көлеңкесі де үлкейеді. Мәселен мынады. Вандалдар қабырғаға жазғаны былай тұрсын, мүсіндерге де ауыз сала бастады.
Олар ағымдағы жексенбінің дүйсенбіге қараған түні Қостанай облысына қарасты Заречный поселкісінде «азат етуші батыр» мүсінінің басын кесіп әкеткен. Жергілікті өңірдің басшылығы бұл сұмдыққа сене алар емес. Айта кетуіміз керек мүсіннің қасында орналасқан Ленин мүсіні дін аман тұр. Қазір бұзақыларды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Басшылық мәдени мұраны қалыпқа келтіреміз деп сөз беріп отыр.
P.S. Вандализм – көше қасыреті. Мәдениетке деген ең ауыр қастандық. Сондықтан оған қарсы күресті де қатаңдату керек. Әйтепесе мұның соңы неге апарарын кім біледі?