30 қыркүйек күні Ресей Сирия басшысы Башар Асадпен соғысып жатқан лаңкестерге қарсы әуе соққыларын бастады. Содан бері ақпарат құралдарында Ресей әуе күштерінің 30 ұшағы лаңкестер басып алған аумақтарға бірнеше дүркін шабуыл жасағаны айтылды. 7 қазан күні Каспий теңізіндегі әскери кемелерден тағы 26 зымыран ИШИМ содырларына бағытталды. Бұл әрекеттерін Ресей билігі Сирияның заңды басшысы Башар Асадқа елде тұрақтылып орнатып, лаңкестермен күресуіне қолдау көрсету деп түсіндіруде.

Ресей әуе-ғарыш күштері Сириядағы әскери операцияларын бастағалы ақпарат майданында тартыс та қызып кетті. Ақпарат кеңістігінде Ресейді әлемді лаңкестіктен құтқарушы бейнесінде көрсетуге тырысушылық белең алуда. Әлеуметтік желілерде Ресей ұшақтары бомбалаған елді-мекендердің бейнежазбалары, содырлардың соққы жегені туралы хабарлар жаппай насихатталуда. Осы жаңалықтар легіне қарап отырып, Сирия аумағында лаңкестерге қарсы Ресейден басқа ешкім соғысып жатпағандай ойға қалуыңыз да мүмкін. Бірақ, бұл да ресейлік идеологтарға тән жұмыс стилінің көрінісі екенін көзі қарақты жұрт түгел түсініп отыр.
Енді, Ресейдің бұл соғыстағы (егер соғыс деп атауға келсе) шынайы мүмкіндіктері қалай, содырларға орыс әскері қаншалықты тиімді соққылар жасауда, одан жарты әлемді жаулауды көздеген лаңкестер сабасына түсе ме, әлде бейбіт тұрғындар жапа шегуде ме, араб әлеміндегі қақтығысқа араласу арқылы Ресей өз басына пәле тілеп алмай ма деген сауалдарға жауап іздеп көрсек.

Мақала басында айтылғандай, Ресей Сирия аумағына әуе соққыларын жасауға 30 ұшақ бөліп отыр. Бұдан басқа жердегі операцияларға 1500 әскери жұмылдырылады деген мәлімет тарады. Сирияда АҚШ әуе күштерінің соққылары әлдеқашан басталып кеткені белгілі. Америкалық ұшақтар бұған дейін 7 мыңнан астам ұшу операцияларын жасап, лаңкестердің қарамағындағы аумақтарды бомбалауда. Одан басқа онда Австралия, Канада, Израиль бастаған елдер де соққы жасауда. Сирияның мемлекеттік әскері, Иран мен Ирактан келген еріктілердің ұзын саны 250 мыңнан асады. Осы мәліметтерді оқып отырып орыстың отыз ұшағы кімге дәрі деп отырған болсаңыз, оныңыз өте дұрыс. Себебі, Ресей Сирия мен Ирактың біраз бөлігін басып алған, ұзын-ырғағы 300 мың адамнан асатын, лаңкестік операциялар өткізуде, соғыс тактикасында біршама тәжірибесі бар ұйымдасқан топтарды аз ғана күшпен жоя салмақ. Сонда ИШИМ содырлары Ресей соққыларынан соң жаппай сақалдарын қырып, қару-жарақтарын тастап, жан-жаққа бытырап қашып жатыр екен деген әңгіменің бұған дейін де бірнеше жерде көрініс берген арзан жарнама болып шыққаны ма?
Ресей ИШИМ содырларымен күресте осы күштермен шектеліп қалмауы, әскер саны мен жасалатын соққыларыын жиілетуі мүмкін деушілер де табылар. Онда, Ресейдің Сириядағы әскери контингентті қаншалықты өсіруге шамасы жетеді деген тағы бір заңды сауал туады. Халықаралық сарапшылар Сирия аумағындағы лаңкестерге лайықты соққы беру үшін Ресей тарапы жердегі операциялар үшін кемінде 40 мыңнан астам жауынгер бөліп, оларға әуеден 200-ден астам ұшақпен қолдау көрсетуі керектігін айтып жүр. Егер мұндай көлемдегі контингентті ұстап отыруы үшін Ресей Сирияға бірнеше әуе базасын, қару-жарақ қоймаларын апаруы керек. Қарудан бөлек әскер қызметін қамтамасыз ететін дүниелер тағы бар. «Құмдағы дауыл» операциясы кезінде америкалықтар Иракқа жарты жыл ішінде 5-6 миллион тоннадан астам жүк апарған. АҚШ-қа бұл істе Түркия қол ұшын созған еді. Оның үстіне Иракқа жақын орнадасқан АҚШ әскери базаларының да бұған көп көмегі тиді. Ал, Ресейдің бұл операциядағы жағдайы біршама күрделі. Көлік күшінен, әуе жолдарынан біраз қиындықтарға тап болады. Түркия, Грекия, Болгария бүгінде орыс ұшақтары үшін өз әуе кеңістіктерін жауып тастап отыр. Сонда Ресей ұшақтары Сирияға тек Ирак аспаны арқылы бара алады. Оның да қаншаға созылатынына сенім жоқ. АҚШ қысым жасаса, Ирак та Түркияның істегенін істеуі мүмкін. Яғни, Ресей бұл операцияға жан-жақты дайындықсыз кірісіп отыр.
Одан кейін Ресей барын салып қорғаштап отырған Башар Асадқа көптеген араб елдері қарсы. Сирияның ресми билігіне бүгінде аздаған шиит тайпалары мен Иран, Ирак қана қолдау білдіруде. Олай болса, солтүстіктегі көршіміз Асадқа араша түсем деп, өзін мұсылман әлемінің 80 процентін құрайтын сүннит елдеріне қарсы қойып алмай ма деген сауал да қылаң береді.

Сонымен, Ресей бұл соғысқа не себепті араласып отыр дегенге жауап іздеп көрсек. Украина мәселесі Ресейдің жағдайын тым күрделендіріп жібергені мәлім. Қырымды оқ шығармай алды десек те, шығыс Украинадағы Жаңа Ресей жобасы сәтсіздікке ұшырады. Донбаста соғысып, қан көргендердің көбі Путинді сатқын санайды. Украинаға қарсы бағытталған ақпараттық шабуылдардың ауқымдылығы сондай, В. Путин әкімшілігінің кері шегінуге, жеңілгенін мойындауға беті жоқ. Былайша айтқанда, Сирияға шабуыл жасау әлемдік қауымдастық үшін де, мұсылман мемлекеттері үшін де қажеті жоқ, тек Ресей халқын өз мемлекеттерінің зор мүмкіндіктерге ие қамқор да құдыретті ел екеніне одан әрі сендіруге бағытталған әрекет дегеннен басқа шара жоқ.
Дархан Мұқан