Тапанша тасыған жігіт таксиде кетіп бара жатып полицияның назарына ілігіп қалған,-деп хабарлайды «Қамшы» ақпараттық порталы Алматы қаласы ІІД-і баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полиция жасағы Алматыдағы Абай даңғылы мен Розыбакиев көшесінің қиылысында «Дэу-Нексиа» маркалы автокөлікті тоқтатып, құжат тексеру кезінде оның жолаушысы себепсіз мазасызданып отырғанын полицейлер байқап қалады. Тексеру кезінде машина салонының ішінде, жолаушының аяғының астынан жауынгерлік атыс қаруы ретінде өзгертілген травматикалық тапанша табылды. Тағы осындай бір қару күдіктінің шалбарының балағынан 6 бірдей патронымен шыққан.

Өз сөзінде күдікті қаруды тауып алғанын, тіпті, полицияға өткізем деген оймен жүргенін айтып ақталды. Мәселенің мән-жайы тергеу барысында анықталатын болады, - делінген баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сонымен қатар, тергеу кезіндегі сот-баллистикалық сараптама қарудың кімге тиесілі екендігін және қандай да бір қылмыстарға қатыстылығын да анықтайтын болады.
