Бірлік пен тұтастық туралы бүгін ғана естіп тұрған жоқпыз. Рас, ұлт ретінде ұйысу керек екендігімізді жақсы түсінемін. Бірақ қалай? Қазақтың тұтасуына арналған арнайы бір бағдарлама бар ма? Тегінде ұлтты ұлт ретінде сақтап тұратын қазықтың салты мен дәстүрі болса керек. Бірақ біздің салт-санамыз түрлі діни ағымдар мен жаһанданудың елегінде шайқатылып жатыр. Бүгін тағы кеш батады. Ұлт ретінде жойылуға негізделген арнайы бағдарлама бүгінгі жоспарын тағы да ойдағыдай орындап, келесі күнге тыңғылықты дайындала бастайды. Ал, біз міз бақпастан, ақылдымыздың аяғынан шалып, өзімізден озғанның атының сүрінуіне әрекет етіп әлектеніп, ұлттық иммундық жүйемізге өзіміз қастандық жасаймыз. Сонда бізге қайтпек керек? Бауырмалдық тұрғысынан қазақпен теңесе алатын ұлт жоқ болатын. Ағайын, бауыр, үш жұрт деген ұғымдардың тілдік қолданыста бар екендігі мұны оп-оңай дәлелдеп бере алады. Бірақ қазір біз бауырмалмыз ба? Осы ұлттық ерекшеліктің өзі қазақты көрсе, қаша жөнелетіндей күйге түсіп қалған жоқпыз ба?

Шешенстан Республикасының көшбасшысы Рамзан Қадыров қазақстандық спортшыға 3 миллион теңге тарту етіпті. Керекулік спортшыға оның неге ғана емешегі езіле қалды дейсіз бе? Халықаралық жарыста айбына асқан жігіттің есімі -Фаниль Рафиков. Осы тұстан мән-жайды түсіне қоюға болатын шығар. Ал біз өзге мемлекетте жүрген қазақтардың өз Отанына оралуының өзін қандай жырға айналдырдық. Өзге ұлттардың бауырмалдығын көрсетіп; «Қазақ, қара да, үйрен»,- деп айту маған да оңай емес. Бірақ адамдық қасиеттердің арасындағы ең абзалына жататын бауырмалдықты- біз тасбауырлық деп аталатын жаман әдетке айналдырып бара жатқанымыз шынымен де үрейлендіреді. Әр ұлттың өз болмысы бар. Сол болмыс оны басқа ұлттан ерекшелендіріп тұруға тиіс болатын. Бірақ біз көп қабатты үйлерде тұратын стандартты адамдарға айналып барамыз. Стандартты адамда ұлт деген ұғым болмайды. Ол адамдарға арналған бағдарламамен өмір сүреді. Егер орта есеппен бір адам 70 жыл ғұмыр кешетін болса, жаһанданған стандартты адамның 70 жылдық өмірінің бағдарламасы дайындалып қойған. Иа, адам ретінде сіз быж-тыж болып өмірдің түйткілді мәселелеріне бас қатырып, өзіңізше өмір сүріп жүрген секілді көрінесіз. Бірақ олай емес. Сегіз сағаттық жұмыс. Сол жұмыстаналған табыстың жетпеуі, одан барып несиеге ұрыну, одан құтыламын дегенше тағы бір мәселенің шеті шығуы- мұның барлығы да стандартты қазаққа арналған арнайы жүйе ғана. Әрине сіз күйбең тірліктен бас көтеріп, ой ойлауға шамаңыз жоқ болғандықтан тасбауырға айналып бара жатқаныңызды байқамайсыз да. Ұлт көсемі , Алаш арыстарының бірі Мұстафа шоқай : « Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсiздiгi болуы мүмкiн бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, бiлмейдi де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесi. Ал ұлттық рухтың өзi ұлт азаттығы мен тәуелсiздiгi аясында өсiп-дамиды, жемiс береді»,-демеп пе еді? Бір қазақтың тісі сырқыраса, бар қазақтың басы ауыратын деңгейге жеткенде ғана біз мықты ұлтқа айнала аламыз.
Айнұр Төлеу