Үкімет зейнетақы қорына қол салмақ

/uploads/thumbnail/20170708201023521_small.jpg

Кеше Парламент мәжілісіне барып, депутаттарға елдің экономикалық әлеуеті туралы есеп берген Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов банк секторы мен құрылыс саласына демеу беру үшін қазақстандықтардың зейнетақы қорларындағы жинақтарын пайдалану мүмкіндіктерін қарастырып жатқанын мәлімдеді.

Биік мінберден сенімді түрде мәлімденуіне қарағанда халықтың жиған-терген ақшасы қайда, қалай жұмсалатыны бүге-шігесіне дейін ойластырылып қойған сыңайлы.

«Үкіметпен бірлесіп экономиканы несиелендіру жайы қарастырылуда. Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражат осы мақсатқа жұмсалатын болады. Бірінші кезекте бұл қаражат банк секторы мен тұрғын-үй құрылысына бағытталады. Бізде бұл бағытта ешқандай мәселе жоқ» дегенді Қайрат Нематұлы мәжіліс депутаттарына жерден жеті қоян тапқандай жеткізді. Бастама иесі халықтан алған қаражатты кері қайтарудың механизмдері туралы жақ ашпады. Бас банкирдің сөзіне қарағанда ел экономикасын шынымен де үлкен дағдарыс күтіп тұрған сыңайлы. Дұрысы Үкімет экономикалық қиындықтарды шешуде дәрменсіздік танытып отырғандай. Бұған жақындағы Елбасының Ұлттық қордағы қаражатқа ұқыптылықпен қарап, шығындарды азайту туралы айтқаны тағы бір дәлел бола алады.

Депутаттарға халықтың зейнетақы қорын қайдай жұмсайтынын жариялаған Қ. Келімбетов депутаттарға алдағы уақытта таңғажайыптарға сенбей, мұнай бағасы құлдырап тұрған мына экономикалық жағдайды дұрыс бағалау керек деген «ақылын» да айтты. 

Мәжілістегі Үкімет сағатында Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев кәсіпкерлікті қолдау үшін Халықаралық қайта құру және даму банкінен 40 миллион АҚШ доллары көлемінде қарыз алу туралы келісімді мақұлдауды сұрады. Бұл ұсынысқа да жақтырмаған кейіп танытқанмен депутаттар қарсы болмады.

Бүгінде Біріңғай зейнетақы жинақтаушы қорында 10 миллионнан асып жығылатын салымшының 4 триллион теңгеден астам қаражаты бар. Айыппұлды өсіріп, мемлекет меншігіндегі 200-ден астам нысанды сату да экономикалық қиындықтарды шешу үшін біздің билікке жеткіліксіз көрініп отыр.  Онсыз да зейнетақы қорының басқарушылар кеңесі банктердегі несиелеу жүйесі арқылы өзімізге жоғары пайызбен несие ретінде ұсынып, шағын топтың мүддесіне қызмет етіп отырған ақша енді тағы да болашағы бұлдыр, қайтарымы күмәнді жобаларға салынбақшы. Үкіметтің үміт үздіретін осындай қылықтарына қарап отырып, халықаралық «кризис» сөзін тілдік қорымыздағы тоқырау, шарасыздық мағынасына жақын «дағдарыс» деп аударған тілшілеріміздің талантына таң қаласың.

Дархан Мұқан

 

Қатысты Мақалалар