Астаналықтар пайдаланылған коммуналдық қызмет үшін төлемдерді төлеуде қиындықтарға тап болуда, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы 24kz-ке сілтеме жасап.
Тұрғындар банктердің қызмет ақысын қабылдаудан бас тартқан. Сол себепті олар қызмет ақысын төлеу үшін «АстанаЭнергоСату» ЖШС кассаларындағы ұзақ кезекте тұруға мәжбүр болуда.
Қызмет ұсынушы кәсіпорын басшылары мұны банктермен жасалған келісімдердегі кемшілік деп түсіндіруде.
«Соңғы күндері бізде тұтынушылардың кезекке тұруы жиілеп тұр. Бірақ, бұл мәселе бүгін-ертең шешілуі тиіс. Коммуналдық қызмет ақысын қабылдау туралы 9 банкпен келісім жасалған. Бірақ, бүгінде «Халық банкі», «Каспий» және «Цесна» сияқты 3 банк қана аталған төлемдерді қабылдауда. Біз, осындағы банк жетекшілерімен кездесіп, біраз мәселені талқыладық, - дейді «АстанаЭнергоСату» ЖШС-ы бас директорының орынбасары Дәурен Қабдин. Компания басшыларының айтуынша, төлемақы қабылдау мерзімі тұрғындарға ыңғайлы болу үшін 31 қазанға дейін ұзартылған және қараша айынан бастап 9 банктің филиалдары түгелдей коммуналдық қызмет ақысын қабылдайтын болады.