Табиғаты ерекше жаратылған киелі Қарасаз жерінде Мұқағалидан кейін Еркін Ібітановтай тамаша ақын өмірге келген.
Қарасаз қазақ әдебиетіне тұлғалы қос ақынды сыйласа, ағаларынан кейін де талай талантты інілері жыр тізгінін ұстап, елге танылды. Солардың бірі – Мұқағалидың жақын туысы, жыр өлкесінде өзіндік қолтаңбасы бар ақын Мұхтархан Қалиұлы.
Бұл күнде жырсүйер қауымға «Аңсап күткен арманым», «Менің сыршыл жүрегімнен тамған тамшылар» атты жыр жинағымен танылған ақын 1982 жылы жас ақындардың «Қарлығаш» атты топтамасына кіріп, поэзия есігін ашқан. Сол жылдардан бері өзінің ақындығымен мерзімді баспасөз беттерінде танылып келеді. Бірақ ол әдеби ортадан тыс, ауылда қалғаны болмаса, талантымен оқырманын мойындатқан ақын.
Ол поэзияға бала жастан келді. Өзінің жыр есігін қалай ашқаны туралы былай әңгімелейді: «Менің өлең деген өлкеге құштарлығымды бастауыш сыныпта барған кезімде әке-шешем оятты. Ол кезде қазіргідей радио, не теледидар жоқ. Әкем колхоздың қойын бағып, озат шопан болған. Еңбегінің жемісінің арқасында Мәскеуде өткен малшаруашылық көрмесіне қатысып, 1-сыныпты шебер атанды. Ленин орденін иеленді. Нарынқол (қазіргі Райымбек) ауданында тұңғыш рет «Москвич» автокөлігіне ие болған адам.
Мен қойшының баласы болғандықтан, әке-шешеме көмектесіп өстім. Қой қоралаған соң, әке-шешем маған «Алпамысты», «Қобыландыны», «Баян Сұлу мен Қозы Көрпешті», «Ер Тарғынды», «Мұңлық пен Зарлықты» және басқа да дастандарды оқытушы еді. Олар менің оқығаныма шаттана қуанып, үнемі қолпаштап отыратын. Сол бір кішкентай кезімде оқыған жыр-дастандар маған қанат бітіріп, әдебиетке, өлеңге деген құштарлығымды, ынта-ықыласымды әркез арттыратын. Жырдағы оқиғалар, ерліктің жырлауы менің қиялымды сонда-ақ алысқа жетелесе, жүрегімнің бір түкпірінде өлең жолдарының шумақтары жыр болып төгілгендей күй кешуші едім.
Маржан сөздерді оқып өскендіктен болар, өлең жазуға құштарлығым сол кездерде басталды. 9 жасымда өзімше өлең жазып, ойымды қағаз бетіне түсіріп те жүрдім. Кейін 7-сыныпта мектепке белгілі ақындар Дихан Әбілов, Қасым Тоғызақов және Әділбек Абайділданов келіп, кездесу өткізді. Бұл 1969 жылдары болуы керек. Бұрын мұндай кездесу болмағандықтан, ақындармен жүздесуіміз қызық көрінді. Шын ақындарды көзбен көргеніміз мәңгі есімізде қалды. Сол кездесуде ақындар өлеңдерін оқыды, ұстаздар ойларын айтты. Оқушылар да мінбеге көтеріліп, өздерінің әсерін жеткізді. Мен Әділбек Абайділдановтың оқыған өлеңін бірден жаттап, айтып бердім. Ақын ағалар ризашылықтарын білдіріп, «сен өлең жаз» деп ақ баталарын берді. Үлкен ақындардың осы бір жылы сөзі бала қиялымды ұштап, өлеңге деген сезімнің пернесін қаққандай әсер етті. Мектеп бітіргенше аудандық «Советтік шекара» (қазіргі «Хан Тәңірі») газетіне өлеңдерімді дүркін-дүркін жіберіп тұрдым. Оның біразы газетке шыққанда қуанғаным бар».
Мұхтарханның арманы асқақ, қиялы жүрік бала болғанын осыдан білсек, мектеп бітірген соң жоғары оқу орнына түсіп, журналист болуды мақсат етіпті. Бірақ жолы болмады. Сонда да сағын сындырмай, сыныптастары сияқты Қарасазға қайта оралып, ауылдың қайнаған жұмысына араласып кетті. Аз уақыттан кейін қара жұмыстан гөрі бір мамандықтың иесі болуды ойлап, Мұхтархан Ақбейіттегі кәсіптік-техникалық училищеден автослесарь-электрик және газбен дәнекерлеуші мамандығын игеріп шықты. Осында ол білімділігі мен іскерлігін танытып, комсомол ұйымының хатшысы болып та қызмет жасайды. Алайда аудандық әскери комиссариат Мұхтарханды әскери борышын өтеу үшін шақыртқан соң, Солтүстік мұзды мұхиттың әскери аумағындағы Мурманск облысы Североморск қаласына аттанған. Сол жақтағы 2 жыл 2 айы Мұхтарханға бір мектеп болыпты. «2 жыл 2 ай менің өміріме біраз өзгеріс әкелді. Әсіресе, екі жылда әлем әдебиетінің озық классиктерінің кітаптарын көптеп оқыдым. Оған себеп, әскерге жаңадан түскен бізден полк басшылары келіп, рота бойынша жазбаша диктант алды. Диктант менің әскери өмірімнің болашағын анықтады. 90 жауынгердің ішінде диктант жазудан менен өткен мықты жауынгер болмапты. Жазуымның сондай көркем әрі әдемі, сауатты болуы полк басшыларына ұнап, полктың штаб бастығының арнайы писарі болуыма жол ашты. Орысша жөнді білмесем де, көшіріп жазудан ешбір қатесіз жазатыным да себепші болмады. Ал орыс тілін үйреніп, меңгеруіме полктың штаб бастығы капитан Олег Петрович Тарасов пен кітапхана меңгерушісі Глафира Харитоновнаның көп көмегі көп тиді. Бұл кісілер мені аз күнде арнайы дайындықтан өткізіп, көп нәрсе үйретті. Мен келе-келе сауатты әрі қатесіз жазу дәрежесіне жеттім. Екеуара сөйлесуді толық меңгеріп шықтым. Осы уақытта әлем әдебиетінің небір мықтыларын оқуыма олар кеңестерін де беріп отырды. Өзім білмейтін Александр Дюма, Ги де Мопассан, Александр Беляев, Жюль Верн, Ханс Христиан Андрсен, Симва Капутакян, Анна Ахматова, Николай Гоголь, т. б. классиктердің шығармаларын кең молынан тануыма ықпалы тиді. Сөйтіп, әскери борышымды өтей жүріп, рухани қазынамды байытып қайттым. Бұл менің өмірім үшін тосынсый болды деп айта аламын» дейді ақын.
Әскерден оралған Мұхтархан ауылда тракторшы, дәнекерлеуші, ұста, шофер болып, түрлі мамандықта еңбек еткен. Сосын Талғар қаласындағы ауылшаруашылық техникумындағы техник-механик мамандығын да игеріп шықты. Білімін толықтырып, мамандығын дәрежелеген ол колхоздың қай жұмысында болмасын жақсы жағымен көріне жүріп, ақындық қабілетін де бойынан алыстатпаған. Қолы қалт еткенде ойындағы жыр шумағын қағазға түсіріп, өзін босаңсытпай бойындағы сан сезімді жоғалтпай өлең жазып жүрген. Аудан мен облыста өткен ақындар айтысында бағын сынаған кездері аз болмапты. Сол бір айтыстарда Мұхтархан топ жармаса да өзіндік талантымен танылып, белгілі қоғам қайраткері, қазақ мәдениетіне жанашыр азамат Өзбекәлі Жәнібековтің өз қолынан мақтау қағазын алғаны ақындық бір белгісі деуге болады.
1985 – 1994 жылдар аралығы Қарасаз ауылдағы жастар үшін есте қаларлық кезең болған. Ауылдан дүркіреп шыққан бір топ жас туған жердің мәдениеті мен өнерін асқақтатып, небір игі шараға мұрындық болғандығы ауыл адамдарының әлі есінде. Олардың өнегелі істері облысқа жетіп, кең түрде насихатталды. Сол бір ынталы жастардың арасында Мұхтархан да жүрген. Ол өзімен үзеңілес шыққан айтыскер ақын Хасен Саматыров, ақындар Шеризат Мекебаев, Даубай Әбдісаевтармен рухани сырлас болып, ағайынды Ауғанбай мен Амантай Шмановтармен бірге ауылдың мәдениетін көтеруге де үлес қосты. Шмановтар өздері құрған ансамблінде Мұхтархан Қалиұлының «Қарасазым», «Жан аға», «Балама», «Домбыра үні» атты өлеңдеріне әндерін жазып, елге кеңінен насихаттады. Матай Шымырбаев «Қаздар», Бақытжан Заманбеков «Мектебім» деген өлеңдеріне ән жазды.
Сондай-ақ Жұмаш Өтеевтің бастамасымен «Жанартау» өнер отауы құрылғанда, Мұхтархан оның белсенді мүшесі болып, тындырымды жұмыстар істеді. Ол отау ауылдың талай талантты жастарына жарқын жол ашып, көп нәрсе үйретті. Мұхтархан сол ортада жүріп, өзінен кейінгі інілеріне ағалық көмегін берді. Міне, осындай игілікті істердің басы-қасында жүрген Мұхтархан Қалиұлы ауылдағы мәдени-әдеби шаралардан тыс қалған жоқ.
Кейінгі жылдары ол туған жері Қарасаздан көшіп, Іле ауданына қоныс тебеді. Оның да өзіндік себебі бар. Әскерге бармай тұрып үйленген Мұхтархан мен Майра балаларының болашағын ойлаған.
«1994 жылы Байсерке елді мекеніне келген соң, өзім меңгерген техникалық кәсіпті қолға алдым. Ойым заманның талабына сай жұмыс істеу болды. Есік алдына машина жөндеу шеберханасын аштым. Халыққа қызмет көрсетіп, бұзылған автокөліктерді жөндеп, қалпына келтіру жұмыстарымен айналыстым. Күні кеше өлең жазған қолым енді техникада жүрді. Жұмысымды көпшілік бағалап, ықыласына бөлендім. Іле ауданы мені ақындығымнан гөрі осы ісім арқылы таныды. Бұған да тәуба деп қоямын. Сол 1994 жылдан бастап, 2008 жылға дейін өлең жазуға мұрша болмады. Бірақ ойға оралған жыр шумақтары, жүрекке қонған өлеңдер іште пісіп жетіліп жатты. Ойымда көп нәрсе жүрді, соны қағазға түсірсем деп көп ойлайтынмын. Оны да кейін іске асырдым. Балаларымды оқытып, олардың жақсы азамат болып шығуына сүйікті жарым Майра екеуміз біраз еңбектендік» дейді Мұхтархан.
Мұхтарханның Алматы төңірегіне келгені балалары үшін жақсы қадам болыпты. Өзіне арман болған жоғары білімге ұл-қыздары қол жеткізген.
Үлкен қызы Әсем Алматы қаласының халықаралық спорттық жобалар дирекциясының кадр бөлімінің бастығы болса, Әсет – Халық банк «Казахинстрах» компаниясында апат комиссарларының бастығы, Әнуар – «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы әкімшілігінде қызметкер, Келбет – мектеп директорының орынбасары, Салтанат – заңгер, ең кіші қызы – студент. Кенже балаларынан басқалары үйленіп, тұрмыс құрды. Мұхтархан мен Майра – немере сүйген ата-әже.
Міне, Мұхтархан Қалиұлының өмір жолы осындай. Ал оның ақындық биіктігі көп ақыннан бөлек. Мүмкін, ол ақындардың үлкен ордасында жүрген болса, қазіргі биіктіктен де жоғары кетер ме еді? Бір өкініші сол ғана. Біздің қолымызға түскен оның «Менің сыршыл жүрегімнен тамған тамшылар» атты жыр жинағын оқығанымызда өлеңнің боямасы мен шумақтардың тереңдігіңе көз жетті. Мұхтархан қай тақырыпқа да жүйрік, ойы шымыр, алысқа шабатындығын байқатады. Жинақ өлеңдерден, толғаулар мен поэмалардан тұрады. Бір айта кетерлік нәрсе, кез келген ақын өлең жазуы мүмкін, ал толғау мен поэма жазу – үлкен шаруа. Оны Мұхтархан еркін меңгерген. Ол өзінің бір әңгімесінде: «Кейбір орыс классиктерінің аудармаларын түпнұсқадан оқығанымда көп кемшілік байқадым. Соларды қайта бір аударсам деп ойлап та қоямын» дейді. Бұл оның қашанда ізденіп жүргендігін байқатты. Себебі, ол ақындық тек өлең жазу емес екенін біледі, өлең халықтың жүрегіне жетсе деп ойлайды. Мұхтархан жақында ғана Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Ұлы дала дауысы» атты публицистикалық поэма бітіріпті. «Оны бір үлкен газетке бердім» деп қуанып жүр.
Алпыстың асқарына шығып отырған Мұхтарханның қоржынында 3-4 кітапқа жетерлік жырлары бар. Демеуші табылса, ақынның біз білмейтін тағы бір қыры ашылар анық.
Дереккөз: Айқын-ақпарат