7-9 қараша аралығында Қазан қаласында Абай облысының мәдениет күндері өтуде. Шара екі жақын халықтың өнерін, салт-дәстүрін, жетістіктерін бір алаңда тоғыстырды. Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев бастаған Абай облысынан келген делегация мәдени тәжірибе алмасу мақсатында Татарстаннан келген әріптестерімен кездесті. Сапар аясында делегация Қазан қаласында Қазақстан Республикасы күніне орай қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Абай облысы мен Татарстанның ынтымақтастығы кең ауқымды мәселелерді, экономикалық және мәдени саланы қамтиды. Семей қаласында татар өнер мектебі жұмыс істейді, сондай-ақ татардың ұлы ақыны Габдулла Тукайдың ескерткіші мен халық батыры Муса Джалилдің бюсті бар.
«Татарстан Республикасы – дәстүр мен қазіргі заман, мәдениет пен инновация, бабалар даналығы мен болашаққа ұмтылыс тоғысқан бірегей мекен. Абай өңірі түрлі салаларда екіжақты қарым-қатынастарды дамыту бойынша белсенді жұмыс атқаруда. Бізге ерекше миссия – Татарстанның заманауи жетістіктерімен танысу және сауда-инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, өйткені өңірлер арасындағы тығыз достық байланыстар тарихи өткенге, ортақ салт-дәстүрге байланысты», – деді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.
Мәдени күндердің басты оқиғаларының бірі – «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейінің ұйымдастыруымен Қазан Кремлінде «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...» атты көрменің ашылуы болды. Көрмеде Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы және Мұхтар Әуезов сынды қазақ мәдениетінің ұлы тұлғаларымен байланысты бірегей жәдігерлер топтастырылған.
Мәдени күндер Кенжегүл Ақшекинаның жетекшілігімен Абай облысы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің өнерімен де ерекшеленді. С.Саид-Галиев атындағы Мәдениет сарайында өткен концертте қазақ, орыс және татар тілдерінде ұсынылған қазақ және татар музыкасының туындылары орындалды. Концертке Мапруза Утуленова мен Ерлан Рысқали сынды Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері, әнші Төлеген Рахымбаев және басқа да өнер қайраткерлері қатысты. Сонымен қатар, Галиасгар Камал атындағы Татар мемлекеттік академиялық театрында Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның ұйымдастыруымен мерекелік концерт өтті. Нұрлан Төкейдің жетекшілігімен қазақ халық аспаптар оркестрінің орындауындағы бағдарламада Латиф Хамиди, Ахмет Жұбанов және Нұрғиса Тілендиев сынды қазақ композиторларының шығармалары орындалды.
Сонымен қатар, Мәдениет күндері аясында кітап көрмелері, қазақ тілінен шеберлік сыныптары және басқа да іс-шаралар өткізілді. Қазақстан мен Татарстан мәдениетаралық өзара іс-қимылдың жарқын үлгісі болып, мәдени байланысты нығайтуды жалғастырады.
Пікір қалдыру