Ағымдағы жылдың соңына дейін елде беріліп жатқан ипотекалық несиенің 75 пайызына иелік етіп отырған «Тұрғын-үй жинақ банкінің» бақылаушы пакеті жаңа инвесторларға сатылады, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы Total.kz-ке сілтеме жасап.
«Бүгінде шетелдік тұрғын-үй нарығында біршама тәжірибесі бар неміс, австрия банктері бар. Солар біздің банкке қызығушылық танытып жатса, банктің бақылаушы пакеті, яғни 50-51 пайыз көлеміндегі акциялары сатылмақшы», - дейді банк басқарма төрағасының орынбасары Ербол Қуанышбаев.
Оның айтуынша, банк жаңа инвесторларға сатылса да, тұрғын-үй жинақтау қызметі туралы заңнамаларға сәйкес, осы бағытта ғана жұмыс істейтін болады. Баға саясаты да заңмен реттеліп отырмақ.
Е. Қуанышбев нақты қандай қаржы ұйымдарымен келіссөз жүргізіліп жатқаны туралы тіс жармады. Бұдан екі мәселені аңғаруға болады. Біріншісі – банкке иелік ететін жаңа инвесторлардың есімдері белгілі. Тек, рәсімдеу процедуралары аяқталғанша оларды жариялауға билік құлықсыздық танытып отыр. Екіншісі – банк перспективалары ішкі нарықта да, шетелдік ірі қаржы ұйымдарының да қызығушылығын тудырып отырған жоқ. Қалай болғанда да, бас уайымы баспана болған былайғы халық жаңа инвестордың есімін жуық арада біле қоймайды.