Бір ел-қос кеңістік. Кинотеатрлар қазақша сөйлейтін күн туды

/uploads/thumbnail/20170708201152866_small.jpg

Қазақ елінде тұрып жатқаныңды сезіну бақыт шығар, бәлкім. Ондай бақытты әзірге сезініп көрмеппін. Дүкенге барсаң, есепші қыз алған затыңның құнын өзге тілде айтады. Сөйлемінің соңында теңге деген сөздің бар екеніне риза болумен  шектелесің. Дүкен деген не,  тәйірі? Заманауи мүмкіндіктердің ешқайсысы қаазақша сөйлемейді ғой. Мәселен, кинотеатрға баратын болсаңыз, отандық кинодан басқаның барлығын өзге тілде тамашалауға тура келеді. Егер кинолар қазақ тіліне аударылар болса, кинотеатрлар көрерменін жоғалтып ала ма? Қайдам, эфирді толтырып отырған шетелдік сериалдардың қазақ тіліндегі нұсқасын көріп, арналардың рейтингін көтеріп отырғандарға қарап, кинотеатрдың қазақша сөйлеуі- қаржылық тұрғыдан соншалықты нұқсан келтірмейтін болар деп тошылау жасадық. Әлде, кинотеатрдың ақылы екенін ескеру қажет пе? YK-news.kz  Қазақ елінде қазақ тіліне аударылмаған шетелдік фильмдерді көрсетуге тыйым салынуы мүмкін деп мәлімдеп отыр. Бұл туралы «Қамшы» порталы хабарлайды. Мүмкін болатын себебі қыркүйек айында  астаналық шенеуніктер шетелдік фильмдердің кейіпкерлері міндетті түрде қазақша сөйлеуі керек деген бастама көтеріпті. Бастамаға байланысты заң жобасы да әзірленіп, Мәдениет министрлігінің сайтында жарияланған еді. Қазаққа керек ұсыныс! Егер осы ұсыныс заң жүзінде мақұлданар болса, қазақ тілінде дубляж жасалмаған фильмдер заңсыз деп есептелінеді.  Заң жобасы бойынша киносеанстарды халыққа ұсынатындар бұл талаппен келіспесе, алғашында жай ескертумен құтылады (бәрібір әлсіз заң екен). Ал егер, филмдерді қазақша тәржімалауды мүлде «ұмытып» кетсе, 20-дан 200 айлық көрсеткішке дейін айыппұл төлейді (39 640 теңгеден 396 400 теңгеге дейін). Бұл заң жобасының жүзеге асып кетуі үшін әрбір қазақ осыны талқылап, шынымен біздің қоғамға аталмыш жобаның қажет екенін дәлелдеуге тиіспіз. Себебі қазірдің өзінде Өскемендегі кинотетар иелері министрліктің  бұл идеясын құптамайтын көрінеді.

«Бүгінде қазақша аударылған немесе субтитрмен жүретін шетелдік фильмдерді  халық көп көрмейді. Дубляждалған фильмдердің көрермені аз және дубляждың сапасына да мән беру керек. Бұл іспен кәсіби мамандар айналысуы керек. Ал, кейіпкердің даусын дәл әрі нақты қоя алатын мамандар бізде жеткілікті ме?», –  депті «Эхо» кинотеатрының директоры Арай Татаева.

Әрине, Арай Татаева қазақ дубляж өнеріне күмән келтіріп отыр. Әдетте орыстілді кеңістікке қазақтілді кеңістік тұман ішіндегі тұңғиық болып  көрінеді. Бір ел-қос кеңістік. Екі кеңістік - екі жаққа тартады. Қазақтілді кеңістікке қарағанда өзеннің келесі бетіндегілердің  дәурені жүріп-ақ тұр. Себебі билік солардың тілдерінде ой ойлайды, сөз сөйлейді. Сөйтеді де, бергі, біздің кеңсітіктің болашағына күмәнмен қарайды. Өздерінің отбасындағы кішкентайлардың тілі өз кеңістігінің тіліне сай шүлдірлеп шығып келе жатқанға,  біздің кеңістің дәурені дөң асып кетті деп ойлайды. Бірақ біз жақта да үй бар, махаббат бар, қала берді кішкентайлар бар. Олардың тілі біздік кеңістікке сай қазақша шығып жатқандықтары туралы бір сәт те ойланып қоюға болады ғой. Әй, адамдардың барлығы өмірді өз өресімен өлшейді ғой.

Әлгі  заң жобасын парламенттің екі палатасы да қарастырып, мақұлдады. Алайда, құжат заңды күшіне толық енгені туралы мәлімет жоқ. Ендігі кезекте осы заңның орындалуы туралы талап қоя білуіміз керек. Талап ете берсек, талпынатын шығар.

Айнұр Төлеу

 

Қатысты Мақалалар