Жуырда Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Social project management» орталығы «Әке - асқар тау» жобасы аясында «Салт - дәстүрлердің тәрбиелік мәні» тақырыбы бойынша Электромеханикалық колледжінің студенттерімен кездесу ұйымдастырды. Жобаның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақ пен жас жұбайлар арасында Әке бейнесін, өзара сыйластықты, отбасын тәрбиелеу, отбасы құндылығы, қарым-қатынас, психологиялық рухани бағыт беру болатын-ды.
Кеш қонағы ретінде байырғы тау - кен инженері, қарымды қаламгер Өскенбай Құлатайұлы көке шақырылды. Мұны баса айтып отырғанымыз, қолдарыңыздағы аймақтық «Шарайна - Сейхун» газетінде әсерлі әңгімелері мен танымдық материалдары арқылы оқырманға кеңінен танылған ардақты азаматтың жастарға да өзіндік айтары барлығына еске салу еді. Кезінде Кентау қаласы маңындағы кен орындарында басшылық жасаған тәжірибелі маман өндірісті өрістетумен қатар кеніш қызметкерлерінің әлеуметтік - тұрмыстық жағдайының көтерілуіне мән беруімен моральдық тұрғыда да өз ортасына үлгі болған үлкен жүректі адам. Әрдайым туралығымен әділдікті Ту етіп ұстар адами қасиетімен жамағатының құрметіне бөленген ақсақалды үлгілі әке ғана емес, немере, шөбере өсіріп отырған, жапырағын кеңге жайған мәуелі бәйтеректің діні десек те артық емес. Зейнеткерлік кезінде де жастай қалыптасқан еңбеккерлік қалыбынан танбай, қаламынан мәнді сөз төгілген, бірнеше кітаптың авторы болған тынымсыз кісі.
Кездесу барысында кеш қонағы Өскенбай Құлатайұлы студенттерге өз әкесі мен анасы тарапынан алған тәрбиесімен ой бөлісіп, аталмыш кештің тартымды да, толғамды боларын тілге тиек етті. Жастардың мамандық таңдаумен қатар жар таңдаудан да қателеспеуі керек екенін де қаперлеріне салды.
–Әр жанұяның тұғыры Әке! Әкеге қарап, бала өседі. Әкенің әрбір басқан қадамы, істеген тірлігі, сөйлеген сөзі бала үшін тәрбие. Сондықтан да әр отбасы иесі өзінің әр іс-әрекетін ақылмен жөнге салып отыруы керек. Сөзі басқа да, ісі басқа адамның өнегесі ешкімді еліктірмесі анық. Өздерің де әкелеріңе қарап бой түзеп, өсіп келесіңдер. Сендер де ертең бір - бір шаңырақты басқарар үлкен боласыңдар. Бірақ жақсы әке болу үшін алдымен жауапкершілігі жоғары жақсы маман ретінде қалыптасып, бір шаңырақты ұстап тұра аламын - ау деген кезде отбасы құрған абзал. Себебі, отбасы құру, әке болып бала тәрбилеу немқұрайлы қарайтын нәрсе емес, қарақтарым, – деген қария сөзі тыңдаушыларға қозғау салды. Студенттер әсерлі әңгімені онан әрі қоздатып, өздерінің көкейіндегі сауалдарына тәлімді жауаптар алды. Бұл шараның қызықты ба, тартымды болғанының белгісі.
Шара барысында кештің басты қонағы Өскенбай Құлатайұлының немересі Арман «Жерұйық Қазақстаным» әнін орындаса, шөбересі Ермұхаммед қазақ күйлерін шертті. Бұл ата ұрпағының тәлімді, тәрбиелі болуымен қатар өнерге де құштарлықпен қарайтындығының нақты дәлелі еді.
Аталмыш шараның тәлімді өтуіне оқу орнының ұстаздары мен тәлімгелері мұрындық болып, белсенділік танытты.
Жас ұрпақ, Әке – асқар тау екендігін есіңізден шығармаңыз!
Пікір қалдыру