Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің көлік және логистика саласын дамытуға арналған отырысы өтті. Жиында Көлік министрі Марат Қарабаев пен бірқатар орталық мемлекеттік органдардың басшылары есеп берді.
Отырыста Мемлекет басшысы саладағы қазіргі жағдайға тоқталып, көлік инфрақұрылымын дамытуда қордаланған мәселелер мен белгіленген міндеттердің орындалмауын қатаң сынға алды. Президенттің айтуынша, бұл проблемалар жаңғырту жұмыстарының тиімді жүргізілуіне елеулі кедергі келтіріп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев шекаралық өткізу бекеттеріндегі жағдайдың күрделі екенін, жүк тасымалы барысында көптеген қиындықтардың бар екенін атап өтті. Ірі инфрақұрылымдық және транзиттік жобалардың уақытылы жүзеге аспауы да сынға алынды. Мемлекет басшысы "Жасыл дәліз" жүйесін жолға қою және еліміздің логистикалық әлеуетін тиімді пайдалану қажеттігін айтты. Оның пікірінше, жаһандық сын-қатерлер үдеп отырған кезеңде Қазақстан өз бәсекелестік артықшылықтарын сақтап қана қоймай, оларды одан әрі нығайтуы тиіс.
Сонымен қатар, жүк тасымалы көлемін арттыру үшін ішкі нарықты авиаотынмен толық қамтамасыз ету, мультипликативтік әсері жоғары жүк тасымалын ұлғайту және Қазақстанның әлемдік жеткізу тізбегіне белсенді қосылуы міндеті қойылды.
Жиын қорытындысында Президент Көлік министрі Марат Қарабаевқа жіберілген кемшіліктері үшін сөгіс жариялап, саладағы проблемаларды шешуге бағытталған нақты шараларды қабылдауды тапсырды.