Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрге сай жыл басында «Turkistan» басылымына ауқымды сұхбат беріп, ел дамуына қатысты бірнеше мәселені көтерді. Президент бұл сұхбатында өткен жылды қорытындылап қана қоймай, мемлекеттің алдағы жылдарға арналған стратегиялық бағытын, биліктің қоғам алдындағы жауапкершілік философиясын ашып көрсетті.
Салық төлесеңіз – қызмет көрсетіледі, инфрақұрылым салынады, қауіпсіз орта қалыптасады
Президент сұхбатының басым бөлігін салық реформасының және «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының маңызына арнады. Мемлекет басшысының пайымынша, жаңа Салық кодексі, бірінші кезекте, қазіргі заманғы қоғамдық келісімшарт саналады. Онда салықтар ауыртпалық ретінде қабылданбауға тиіс.
«Жаңа Салық кодексінде бақылау жасауға емес, өзара серіктестік орнатуға баса мән беріледі, яғни, осы үдеріске қатысушылардың бәрі – мемлекет те, бизнес те, азаматтар да өз міндетін адал орындауға тиіс. Бірін-бірі өзара толықтырып тұратын мұндай жүйеде салық төлеу ауыртпалық ретінде қабылданбайтын болады. Түптеп келгенде, салық төлеу дегеніміз – заманауи қоғамдық келісімшарт деген сөз. Салық төлесеңіз – қызмет көрсетіледі, инфрақұрылым салынады, қауіпсіз орта қалыптасады, тың мүмкіндіктер пайда болады. Керек десеңіз, бұл – әділдік болу үшін жүктемені қайта бөлу құралы, әлеуметтік тұрғыдан әлсіздерді қолдау және экономикалық тұрғыдан «белсенді ортаны» одан әрі дамыту тәсілі», - деді Мемлекет басшысы.
Президент 2025 жылдың басты нәтижесі ретінде экономикалық өсімнің 6 пайыздан асқанын, ішкі жалпы өнімнің 300 миллиард долларға жеткенін атап өтті. Алайда, бұл көрсеткіштерді абсолютті жетістік деп бағалауға болмайтынын, тоқмейілсуге жол берілмейтінін айтты.
Тарифтер мен инфрақұрылым: жасырын субсидия дәуірі аяқталды
Энергетика мен коммуналдық шаруашылыққа қатысты айтылған пікірлер – сұхбаттың ең батыл бөлігі. Президент ашық айтты: төмен тарифтер – әлеуметтік әділдік емес, ауқатты топтарға берілген жасырын субсидия.
Бұл тезис көпшілікке ұнамауы мүмкін, бірақ оның логикасы айқын. Тозған инфрақұрылымды ұстап тұру үшін шынайы нарықтық механизмдер қажет. Президенттің «кім қанша тұтынса, сонша төлейді» қағидатын енгізуі – әлеуметтік мемлекет моделін нарықтық тәртіппен үйлестіруге ұмтылыс.
Сонымен қатар, мемлекет атаулы әлеуметтік қолдаудан бас тартпайтынын нақтылап отыр. Яғни, жалпыға бірдей арзан тариф емес, нақты мұқтажға бағытталған көмек.
Логистика, агроөнеркәсіп және туризм: экономиканы әртараптандырудың үш тірегі
Сұхбатта логистика, ауыл шаруашылығы, туризмді дамыту мәселесі сөз болды.
Президент сұхбатында Қазақстанды Еуразияның көлік-логистикалық хабына айналдыру идеясын тағы да нақтылай түсті. Теміржол, автожол, порт инфрақұрылымына салынатын инвестициялар – геосаяси тәуекелдер жағдайында елдің бәсекеге қабілеттілігін сақтаудың жолы.
Ауыл шаруашылығына қатысты сын да ашық айтылды. Субсидия көп, бірақ нәтиже күмәнді. Бұл жерде Президент кооперация идеясын алға тартып, масылдық психологиядан арылу қажеттігін меңзеді. Бұл – аграрлық саясаттағы идеологиялық бетбұрыс.
«Ең алдымен, мал шаруашылығын дамыту керек. 2035 жылға қарай әлемде мал етін тұтыну көлемі 233 миллион тоннаға дейін өседі. Соған сәйкес, оның импорты 27 миллион тоннаға дейін артады. Қазақстанның, сыртқа, әсіресе, Азия елдеріне ет шығаратын ірі экспорттаушыға айналатын мүмкіндігі бар», - деді Президент.
Туризм саласына келгенде Мемлекет басшысы жауапты тұлғалардың немқұрайлығын, жалған экобелсенділікті, саланың ішкі бәсекесін жасырмай сынады.
«Мен Үкіметке ескерту жасағаннан кейін туризмді дамыту жұмыстары жандана түсті. Алайда, алдымызда ұзақ та күрделі жол тұр. Бұл – экономика, мәдениет, қауіпсіздік және бизнес – барлығы бір жерге тоғысатын күрделі сала. Мұнда өз жұмысына жан-тәнімен берілген кәсіби мамандар, ең бастысы, нағыз отаншыл азаматтар жұмыс істеуі керек. Туризм саласында жалқаулық пен немқұрайлылыққа, ашкөздік пен дөрекілікке жол жоқ», - деді Мемлекет басшысы.
Цифрландыру, жасанды интеллект
Мемлекет басшысы Қазақстанда 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланғанын еске салды.
«Бұл еліміз үшін тарихи мүмкіндік екенін жаңа ғана айтып өттік. Түбегейлі цифрлық өзгерістер жасап, жасанды интеллектіні енгізу экономиканың және басқа да көптеген саланың дамуына тың серпін береді. Мемлекетті басқарудан бастап, білім беру және денсаулық сақтау саласына дейін – барлық бағытта өсіп-өркендеуге жол ашады. Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығы – еліміз үшін айтулы дата әрі осыған дейін жүріп өткен жолымызды ой елегінен өткізіп, болашаққа жоспар құратын сәт. Тәуелсіздіктің мерейлі белесін ас та төк науқаншылдыққа айналдырмау керек, бұл Қазақстанның өсіп-өркендеуінің символы болуға тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Таза Қазақстан» акциясы жалғасады
Мемлекет басшысының бастамасымен 2024 жылы қолға алынған акция бүгінде халықтық сипатқа ие болып отыр. 2025 жылы жалпыұлттық іс-шара аясында республика аумағында 2,4 миллионға жуық көшет отырғызылған.
Президент «Таза Қазақстан» акциясын алдағы уақытта да ерекше назарында ұстайтынын айрықша атап өтті.
«Бұл жұмыстың мән-маңызы өте зор. Себебі, «Таза Қазақстан» жұртты үнемшіл әрі ақпейіл болуға, даңғазалықтан арылуға, үнемі ізденіп, алға ұмтылуға, ортақ жауапкершілікті ұмытпауға, елге жанашырлық танытып, қайырымдылық жасауға үндейді. Біздің бастамамызбен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады. Бұл қадам «Таза Қазақстан» идеясымен толық үндеседі. Мен осы жалпыхалықтық қозғалысты айрықша маңызды идеологиялық акция деп санаймын. Өйткені, тазалық дегеніміз – мағынасы терең, мазмұны сан қырлы ұғым. Тазалық ұғымы жан дүниенің де, жер дүниенің де тоқырауын емес, гүлденуін, кіршіксіз таза болуын білдіреді. Түптеп келгенде, тазалық ұлт болмысының өзегіне айналуға тиіс», - деді Мемлекет басшысы.
Заңсыз шығарылған активтер қайтарылып, ел игілігіне жұмсалып жатыр
Мемлекет басшысы сұхбатында сыртқа заңсыз шығарылғанактивтерді елге қайтару жөніндегі ауқымды жұмыс жалғасып жатқанын атап өтті. Мәселен, бүгінге дейін олигополия өкілдерінен 1,3 триллион теңгеден астам қаржы өндіріліп, соның 1 триллион теңгеден астамы мемлекет қазынасына түскен. Арнайы мемлекеттік қордағы қаражат есебінен елімізде жалпы құны 482 миллиард теңге болатын 434 әлеуметтік және коммуналдық нысан салынып жатыр. Оның қатарында 227 сумен қамтамасыз ету, 183 денсаулық сақтау, 11 білім беру, 5 спорт, 8 инфрақұрылым нысанының құрылысы бар. Сондай-ақ, Павлодар, Арқалық, Балқаш қалаларындағы әуежайлар жаңғыртылып жатыр.
Активтері күмән тудырып, күдікке ілінген адамдардың көбі қаржысын елге инвестиция ретінде салуға ниет білдірген. Олармен жалпы сомасы 5 триллион теңгеден асатын келісімдер жасалған. Бұл қаражат есебінен инвестициялық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Оның ішінде туристік, көлік-логистикалық орталықтар, тау-кен, металлургия, энергетика секторларына қатысты жобалар бар. Әдеттегідей, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларына, сондай-ақ, мұқтаж жандарды оңалту және әлеуметтік ортаға бейімдеу бағдарламалары қаржыландырылады.